ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

ЖАҢАЛЫҚТАР

ТАҒЫЛЫМДЫ БАСҚОСУ

24/09/2025

2025 жылғы 24 қыркүйек күні Әзербайжан Республикасының астанасы Баку қаласында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының штаб-пәтерінде маңызды ғылыми-мәдени кездесу өтті. Басқосу барысында түркі халықтарының ортақ рухани құндылықтарын насихаттауға, ғылыми ынтымақтастықты арттыруға бағытталған өзекті мәселелер сөз болды.

Жиынға М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, академик Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы Фольклор институтының директоры, белгілі ғалым Хикмет Валех оғлы Кулиев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, өнертану ғылымдарының кандидаты Гүлнар Бақытқызы Әбдірахман, сондай-ақ Өзбекстан Республикасының Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік әдебиет музейінің директоры, филология ғылымдарының докторы, фольклортанушы Жаббор Салиевич Эшонкулов қатысты.

Кездесуді Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова жүргізді. Жиын барысында «Түркі халықтары фольклорының антологиясы» атты ірі ғылыми жоба кеңінен талқыланды. Бұл бастама түркі халықтарының сан ғасырлық ауыз әдебиеті мен бай фольклорлық дәстүрін жүйелі түрде жинақтап, біртұтас ғылыми-мәдени кеңістік аясында насихаттауды көздейді. Антологияны дайындау барысы, оның құрылымы мен ғылыми негіздері, халықаралық деңгейде жарық көру мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылды. Жиынға арнайы қатысқан Кенжехан Ісләмжанұлы түркі халықтарын біріктіретін мәдени мұраның маңызына тоқталып, ғылыми қауымдастық өкілдерінің бірлескен еңбегінің нәтижесінде түркі өркениетінің ортақ рухани қазынасы жаңа деңгейде таныстырылатынын атап өтті.

Осылайша Бакуде өткен кездесуде ғылыми әріптестік пен мәдени байланыстарды нығайту жолдары айқындалып, түркі халықтарының бай мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған жаңа серпінді қадам жасалды.