Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде 2 қазан күні XI Халықаралық түркология конгресі аясында филология ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат» орденінің иегері, Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Шәкір Ибраевтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Түркология және Шәкір Ибраев зерттеулері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Салтанатты шараға еліміз бен шетелден белгілі ғалымдар және зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиынның ашылуында Қожа Ахмет Ясауи университетінің ректоры Жанар Темірбекова ғалымның түркология ғылымына қосқан зор үлесін атап өтіп, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.
Мерейтой аясында ғалымның жаңа еңбектері мен оған арналған басылымдардың тұсаукесері өтті. Алдымен Шәкір Ибраевтың көпжылдық ғылыми ізденістерін біріктірген «Эпос әлемі», «Қазақтың ғұрыптық фольклоры», «Қазақ фольклоры», «Түркология және қазақ руханияты», «Абай феномені», «Абайдың ақындық бейнесі», «От фольклористики до тюркологии» атты 7 томдық жинағы таныстырылды.
Халықаралық конференцияға М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, академик Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов, «Қолжазба және текстология» орталығының директоры Жұмашай Сайлауқызы Рақыш, Институттың жетекші ғылыми қызметкері Пәкизат Теңізбайқызы Әуеспаева қатысты. Институт директоры Кенжехан Ісләмжанұлы құттықтау сөзінде мерейтой иесіне ақжарма тілегін жеткізіп, Институт ғалымдары дайындаған «Іргелі ғылымды ту еткен ғалым» атты жаңа кітапты көпшілікке ұсынды. Жаңадан жарық көрген жинақта Шәкір Ибраевтың өмірі мен ғылыми мұрасы кеңінен қамтылған мақалалар топтастырылып берілген. Сондай-ақ Кенжехан Ісләмжанұлы Шәкір Ибраевқа ерекше сый-құрмет ретінде Абай шығармаларының академиялық толық жинағын және Абай мүсінін табыстады.
Жиын барысында ғалым еңбектерінің шет тілдеріндегі аудармалары да таныстырылды. Қырғыз Республикасының Ғылым Академиясының академигі Абдылдажан Акматалиев «Қазақтың салттық фольклоры» кітабының қырғыз тіліндегі нұсқасын таныстырса, профессор Өзкул Чобаноғлу «Kazak rituel folkloru» атты түрік тіліндегі басылымы туралы баяндады. Сондай-ақ Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген «Oğuz Kahramanlık Destanının Poetikası» атты еңбектің түрік тіліндегі аудармасы көпшілікке ұсынылды. Мерейтой барысында ғалымның ғылыми мұрасы мен тұлғалық болмысын айқындайтын «Руханият тамыршысы» атты кітап жарық көрді.
Конференция соңында сөз алған отандық және шетелдік ғалымдар Шәкір Ибраевтың түркология мен қазақ фольклортану ғылымына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ғалымның еңбектері ұлттық ғылымның дамуына серпін беріп қана қоймай, тұтас түркі дүниесінің рухани қазынасына айналғаны айтылды. Мерейтой аясында таныстырылған еңбектер мен жаңа басылымдар ғалымның ғылыми жолын жаңа қырынан танытып, болашақ зерттеушілерге құнды дереккөз болып қала бермек.







