ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

ЖАҢАЛЫҚТАР

«Түркі дүниесіндегі Бозқұрт» атты халықаралық ғылыми симпозиум

11/12/2025

2025 жылдың 10–11 желтоқсан күндері Түркия Республикасының Ыстанбұл қаласында Ілтеріш қоры мен Түрік Ошағы Бас басқармасының ұйымдастыруымен «Түркі дүниесіндегі Бозқұрт» атты халықаралық ғылыми симпозиум өтті. Шараға Түркі әлемі елдерінен және жетекші халықаралық ғылыми орталықтардан келген белгілі ғалымдар және жас зерттеушілер қатысты.

Симпозиумның негізгі мақсаты – Түркі әлеміне ортақ Бозқұрт / Көкбөрі бейнесінің тарихи-мәдени, мифологиялық және эстетикалық қырларын ғылыми тұрғыдан талқылау, осы бағытта зерттеу жүргізіп жүрген ғалымдарды ортақ ғылыми алаңда тоғыстыру.

Шараға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, академик Кенжехан Матыжанов арнайы шақырылып, «Қазақ фольклорындағы «Көк бөрі» концептіне қатысты мотивтер мен сюжеттер» атты баяндама жасады.

Кенжехан Ісләмжанұлы өз баяндамасында Көк бөрі бейнесінің қазақ мифологиясындағы архаикалық негіздерін, оның эпикалық мұрадағы қызметін, түркілік дүниетанымдағы символдық рөлін және мотив-сюжеттер жүйесіндегі көпқабатты мәнін жан-жақты талдады. Баяндама қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, ғылыми пікірталасқа өзек болды.

Екі күнге созылған ғылыми жиында түркі халықтарының ортақ мифтік мұрасына қатысты жаңа тұжырымдар ұсынылып, Бозқұрт концептіне байланысты мәдени-тарихи фактілер кешенді түрде талданды. Іс-шара фольклортану ғылымына жаңа серпін беріп, түркі елдері арасындағы ғылыми ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндік жасады.

Іс-шара қорытындысы ретінде конференция материалдары топтастырылған, көлемі 800 беттен асатын ғылыми жинақ жарық көрді. Жинаққа симпозиум барысында ұсынылған баяндамалардың толық мәтіндері енгізіліп, зерттеушілер қауымына құнды дереккөз ретінде ұсынылды.