ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

ЖАҢАЛЫҚТАР

Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына арналған конференция өтті

15/04/2026

2026 жылдың 15 сәуірінде Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіне қарасты М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен, Ғылым ордасының қолдауымен көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әдебиеттанушы ғалым, «Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариевтің 80 жылдығына арналған «Қазақ поэзиясы: өткені мен бүгіні» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияның негізгі мақсаты – Шөмішбай Сариевтің шығармашылық және ғылыми мұрасын кешенді түрде зерделеу арқылы оның қазақ әдебиетіндегі орны мен рухани маңызын айқындау, сондай-ақ ұлттық поэзияның көркемдік-эстетикалық табиғатын терең таныту. Аталған ғылыми жиын ұлттық әдебиеттану ғылымындағы өзекті мәселелерді саралап, қазақ поэзиясының тарихи даму үдерісі мен қазіргі бағыттарын ғылыми тұрғыдан пайымдауға бағытталған мазмұнды әрі маңызды алаң болды.

Іс-шараны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов жүргізіп, ақын мұрасының ұлттық әдебиет тарихындағы айрықша орны мен тағылымдық мәніне тоқталды. Шараның алғашқы құттықтау сөзі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айгүл Рамазанға берілді. Айгүл Әмірғалиқызы бұл ғылыми басқосудың Шөмішбай Нағашыбайұлының шығармашылық мұрасын терең зерделеуге, оның қазақ поэзиясындағы көркемдік болмысы мен рухани маңызын ғылыми тұрғыдан айқындауға бағытталған маңызды іс-шара екенін атап өтті..

Конференцияның ғылыми бөлімінде мазмұнды баяндамалар жасалып, ақын шығармашылығы әр қырынан терең талданды. Атап айтқанда, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Бауыржан Өміржанұлы Жақып «Шөмішбай Сариев поэзиясындағы ұлттық рух пен лиризм» тақырыбында баяндама жасап, ақын поэзиясының рухани-эстетикалық болмысын саралады. Филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті жазушысы Нұрдәулет Бәбиханұлы Ақыш «Шөмішбай өлеңдеріндегі шөл философиясы» тақырыбында сөз сөйлеп, шығармалардың философиялық тереңдігін ашып көрсетті.

Филология ғылымдарының кандидаты Светлана Викторовна Ананьева «Вдохновение как ведущий концепт поэтического творчества Ш. Сариева» атты баяндамасында ақын поэзиясындағы шығармашылық қуат пен көркемдік идеяларды талдады. Филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Жұмабердіқызы Орда «Ғалымның “Қазақ лирикасы: көркемдік ізденістер және ұлт тәуелсіздігі” зерттеу еңбегі туралы» баяндамасында қаламгердің әдебиеттанушылық мұрасының ғылыми маңызын айқындады. Сонымен қатар әнші, өнер қайраткері Берекет Теміртайұлы Ермек қатысып, ақын сөзіне жазылған әндерді орындады.

Конференция аясында екінші бөлімі Шөмішбай Сариев туралы естеліктерге арналды. Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Абатұлы Елубай, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Базарбайұлы Балғабаев, жазушы-журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дәулет Сейсенұлы, белгілі балалар жазушысы, Президент сыйлығының лауреаты Бейсенбай Жолдасбекұлы Сүлейменов сөз алып, қаламгердің тұлғалық болмысы, азаматтық келбеті және шығармашылық мұрасына қатысты тағылымды естеліктерімен бөлісті. Жиын соңында ақынның жары Жұмагүл Сариева қорытынды сөз сөйлеп, Шөмішбай Сариевпен бірге сүрген ғұмыр жолындағы жарқын да қуанышты сәттерін тебіреніспен еске алып, сол кезеңдерге қатысты әсерлі әрі мазмұнды естеліктерін кеңінен баяндап берді.

Жиын барысында қазақ поэзиясының эволюциялық дамуы, көркемдік-эстетикалық ізденістер жүйесі, дәстүр мен жаңашылдық сабақтастығы және қазіргі әдеби үдерістің бағыт-бағдары жан-жақты талқыланды. Ғылыми пікір алмасу нәтижесінде ұлттық әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелеріне қатысты мазмұнды тұжырымдар ұсынылып, ақын мұрасын тереңдете зерттеу мен оны ғылыми айналымға енгізудің маңыздылығы айқындалды.