ЖАҢАЛЫҚТАР

“Сағындым Алматымды” атты әдеби-танымдық кеш

17/04/2025

2025 жылдың 17 сәуірінде Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қостанай облыстық мәдениет басқармасы және Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің ұйымдастыруымен, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қолдауымен белгілі ақын, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серікбай Оспанұлының 80 жасқа толған мерейтойына арналған «САҒЫНДЫМ АЛМАТЫМДЫ» атты әдеби-танымдық кездесу кеші өтті.

Бұл әдеби-танымдық кештің негізгі мақсаты – қазақ әдебиетіне елеулі еңбек сіңірген қаламгер Серікбай Оспанұлының шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, өскелең ұрпаққа таныту және қазақ руханиятындағы орны мен ықпалын жан-жақты ашу.

Кеш барысында Серікбай Оспанұлының ақындық, жазушылық, ұстаздық қыры кеңінен айтылып, қазақ өнеріне сіңірген еңбегі сараланды. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің жарқын өкілдері Ыбырай Алтынсарин және Ахмет Байтұрсынұлы өмірі мен шығармашылығын зерттеу ісіне қосқан үлесі бағамдалды.

Серікбай Оспанұлы Ыбырай және Ахмет туралы жазған ғылыми және әдеби еңбектерінде екі тұлғаның өскен ортасын, оқыған мектебін, дүниетанымын бүгінгі күн талабымен ұштастыра жаңаша көзқараспен зерделеп, тың ізденістерді жүзеге асырды. Сол арқылы екі тұлғаның өмірі мен шығармашылығын жаңа қырынан зерттеуге жол ашты.

Шараға М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов қатысып, Серікбай Оспанұлының қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымын сіңірген еңбегі турасында сөз қозғады. Сонымен бірге Серікбай Оспанұлына Институт қызметкерлерінің құрастыруымен жарыққа шыққан Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының академиялық толық жинағын сыйға тартты.

Шараға елімізге танымал ақын-жазушылар, әдебиеттанушы, өнертанушы ғалымдар, өнер және мәдениет қайраткерлері, эстрада әншілері қатысты.