«Turkistan» газетінің 2026 жылғы №1 санында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтыңбасылымның бас редакторы Бауыржан Бабажанұлына берген «ҚАЗАҚСТАН ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ» деген сұхбаты жарияланды.
Сұхбатта Қазақстанның өркениетті ел болуы жөніндегі өзекті мәселелер қамтылды. 2025 жылға есеп берген Мемлекет басшысы «тоқмейілсіп, масайрап отыруға мүлде болмайтынын» мемлекеттік қызметкерлерінің және есіне салды. Біз өмір сүріп отырған қоғам адамзат баласынан тынымсыз еңбек етуді талап ететін болса, барымызға тоқмейілсуге болмайтыны анық. Бәсекелестік заманда тынымсыз еңбек етіп, тек алға ұмтылғанымыз абзал.
Тілге тиек болған өзекті мәселенің бірі – экономикалық тұрақтылық. Президенттің баспана алу, балалардың оқу ақысын төлеу, емделу үшін зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат беру туралы дұрыс шешім қабылдағаны бәрімізге белгілі. Бірақ, зейнетақы қорынан 200 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырған алаяқтардың табылуы өкінішті. Бұл да шешімін күтіп тұрған мәселе.
Сонымен бірге отыз жылдан аса қараусыз қалған энергетика нысандары мен коммуналдық желілердің әбден тозығы жетіп ескіргенін күнделікті өмірде көріп жүрміз. Мемлекет тарапынан энергетикалық және коммуналдық нысандарды жаппай жаңғырту жұмыстарына көңіл бөлінуде. Бұл да күнделікті тұрмыстың қажеттілігінен туындап отырған дүние.
«Еліміз үшін көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру – стратегиялық маңызы бар міндет» екенін «Мойынты – Қызылжар», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілерін жаңадан іске қосу жоспарынан көруге болады. Бұл тұрғыда 2030 жылға дейін 5 мың шақырым теміржол салынып, 11 мың шақырым теміржолды жөндеу жоспарланудаекенінен де хабардар болдық. Қытай мен Еуропа арасында құрлықпен жеткізілетін жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы тасымалданатындықтан, 5 темір жол, 7 автокөлік халықаралық дәлізін ұстап тұру да оңай шару емес.
Кеңестік дәуірде «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» деп ұрандататынбыз. Себебі, үлкен қалаларға шикізат ауыл шаруашылығынан келеді. Сондықтан, елімізде жыл сайын ауыл шаруашылығына бюджеттен қыруар қаржы бөлінуде. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өсіп келеді.
Көп көңіл бөлуді қажет ететін мәселе – туризм. Қазіргі таңда Қазақстанға шетел азаматтары қызығушылық білдіруде. Туризмді дамытудағы кадр мәселесін шешу үшін ашылған ТүркістандағыХалықаралық туризм және меймандостық университетінің алғашқы түлектері еңбекке араласуда. Мемлекет басшысының әсем қала – Алматыны Нью-Йорк, Мәскеу, Париж сияқты «ешқашан көз ілмейтін қалаға» айналдыруға тапсырма беруі орынды.
«2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп аталған болатын. Қазіргі таңда кәсіби кадрларды даярлау үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарында білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университетінашу да заман талабынан туындап отыр.
«Бизнес – кез келген елдегі экономиканың негізгі тірегі» болса, отандық бизнес өкілдері кейінгі жылдары қоғам өмірінде белсенділік танытып келеді. Табиғат апатына ұшыраған елді мекендер мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жекелеген кәсіпкерлер қомақты қаржылай көмек беумен бірге баспанамен қамтамасыз етуде. Осы тұста 2025 жылы Тұрсынғали Алагөзовтің жұмысшыларына 100 пәтер сыйлағанын баса айтуға болады. Мемлекет басшысының кәсіпкерлерге «халық болмаса, олар ешқашан табысқа жете алмайтынын» естеріне салуы құптарлық.
Заңсыз активтерді елге қайтаруда 1,3 триллион теңгеден астам қаржының өндірілуі, соның 1 триллион теңгеден астамы мемлекет қазынасына түсуі бұған дейін болмаған жағдай. Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елімізде халыққа қызмет ететін қаншама ғимараттар салынуда. Бүгінгі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті жемқорлықпен күресті бірлесе атқаруда біршама нәтижеге қол жеткізіп келеді.
2025 жылдың екінші жартысында Бейжің, Вашингтон, Мәскеу, Анкара, Абу-Даби, Ташкент, Душанбе, Бішкек, Ашхабад, Токиода өткен халықаралық бас қосуларда үлкен беделге ие болған Мемлекет басшының популизмнен аулақ жүретіні баршамызға үлгі-өнеге. Қазақстанды «Әділдік, Заң, Тәртіп»орнаған ел ету жалғыз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың міндеті емес – барша қазақстандықтардың міндеті екенін әрқайсымыз жадымызда сақтағанымыз жөн.
«ОТАНШЫЛ БОЛУ – ТУҒАН ЕЛІҢНІҢ, ОТБАСЫҢНЫҢ ИГІЛІГІ ҮШІН АЯНБАЙ ЕҢБЕК ЕТУ» деп Мемлекет басшысы айтқандай, әр азамат отаншыл болуға міндетті! Сіз, қалай ойлайсыз ағайын?
Гүлжаһан ОРДА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының докторы.
