ЖАҢАЛЫҚТАР

«Мемлекеттік Егемендік туралы декларация: тарихи-мәдени маңызы»

21/10/2025

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен 21 қазан күні «Мемлекеттік Егемендік туралы декларация: тарихи-мәдени маңызы» атты республикалық ғылыми дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Мемлекеттік Егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай арнайы ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – 1990 жылы қабылданған тарихи құжаттың ел дамуы мен қоғамдық санадағы маңызын айқындап, оның тәуелсіз Қазақстанның рухани-мәдени кеңістігін қалыптастырудағы рөлін жан-жақты саралау болды. Сонымен қатар, егемендік идеясының ұлттық сана, әдебиет, өнер және мәдениет салаларындағы көріністерін ғылыми тұрғыда пайымдау көзделді.

Жиынды Институттың бас директоры, филология ғылымдарының докторы, академик Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы жүргізді. Кенжехан Ісләмжанұлы өз сөзінде «Мемлекеттік Егемендік туралы декларацияның» тәуелсіз Қазақстанның құқықтық, саяси және рухани негізін қалыптастырған тарихи құжат екенін атап өтіп, оның ел тарихындағы бетбұрысты рөлі мен ұлттық бірегейлікті нығайтудағы маңызына тоқталды.

Дөңгелек үстел барысында төмендегі мәселелер қарастырылды:

  • «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның» тарихи рөлі мен мазмұны:

Декларацияның Мемлекеттің құқықтық және идеялық негізін қалыптастырудағы орны мен рөлі, оның қабылдануына әсер еткен саяси жағдайлар талданды.

  • Егемендік идеясының ұлттық сана мен рухани кеңістіктегі орны:

Егемендік ұғымының қазақ халқының тарихи жадында, дәстүрлі дүниетаным мен мәдени кодында көрініс табуы, тәуелсіздік идеясының халықтың өзіндік болмысымен байланысы қарастырылды.

  • Өнер мен мәдениеттегі егемендік идеясы:

Тәуелсіздік тақырыбының бейнелеу, музыка, театр және кино өнеріндегі көріністері, шығармашылық туындылардағы символдық мән мен ұлттық рухтың жаңғыруы сараланды.

  • Әдебиет пен өнер институтының егемендік идеяларын насихаттаудағы рөлі:

Институт ғалымдарының тәуелсіздік жылдарындағы зерттеу бағыттары, мәдени мұра мен ұлттық идея сабақтастығын сақтау жолындағы еңбектері кеңінен айтылды.

Жоғарыда көтерілген мәселелер негізінде баяндамалар жасалды:

  • Институттың бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орда «Егемен ел әдебиетінің жетістігі» атты баяндамасында тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ әдебиетінің даму үрдістерін, жаңа тақырыптық бағыттар мен көркемдік ізденістерді саралады.
  • Институттың бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Әлімжан Хамраев «Декларация және әдебиет: рухани даму» баяндамасында тәуелсіздік идеясының әдебиеттегі көріністерін, ұлттық рух пен тарихи жад сабақтастығын талдады.
  • Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Аманкелді Мұқан «Қазақ елінің Тәуелсіздігіне бағыт берген негізгі құжат» атты баяндамасында Декларацияның ұлттық өнер мен театр саласындағы жаңғыруларға әсерін ашып көрсетті.
  • Институттың жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубек «Егемендіктің қадірін білген елміз» тақырыбындағы баяндамасында халықтың тарихи жадындағы еркіндік ұғымының мәнін және тәуелсіздік идеясымен сабақтастығын саралады.
  • Институттың жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Азамат Ақан «Егемендік декларациясы – саяси-құқықтық мемлекеттің темір қазығы» баяндамасында құжаттың құқықтық және идеологиялық негіз ретіндегі маңызын ғылыми тұрғыда түсіндірді.
  • Музыкатану бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Айнұр Қазтуғанова «Тәуелсіздік кезеңіндегі музыкатану басылымдары» баяндамасында егемендік жылдарындағы қазақ музыкасын зерттеу бағыттары мен ғылыми еңбектердің маңызына тоқталды.

Іс-шара аясында Институттың 1990-2025 жылдар аралығында жарық көрген еңбектерін қамтыған «Тәуелсіздік рухы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» секілді мемлекеттік бағдарламалар аясында жарық көрген ғылыми еңбектер, тәуелсіздік идеясын көтерген монографиялар, шығармашылық зерттеулер көрініс тапты. Көрме материалдары институт ғалымдарының егемендік жылдарындағы зерттеу бағыттарының сабақтастығын, ұлттық мәдениет пен руханиятты жаңғырту жолындағы еңбегін айқын көрсетті.

Дөңгелек үстел жұмысына Институттың басшылығы, әдебиеттанушы, фольклортанушы және өнертанушы ғалымдар, сондай-ақ жас зерттеушілер қатысты. Пікірталас барысында егемендік идеясын насихаттау, ұлттық рухани мұраның ғылыми негіздерін дамыту және қазіргі тәуелсіздік дәуіріндегі мәдени саясат мәселелері кеңінен талқыланды.

Жиын қорытындысында қатысушылар Мемлекеттік Егемендік туралы декларацияның тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бетбұрысты кезең екенін, оның ел дамуының саяси-рухани тұғырын қалыптастырған басты құжат ретінде бағаланатынын атап өтті. Сондай-ақ, Институт ғалымдары ұлттық рухани құндылықтарды сақтау мен дамыту, тәуелсіздік идеяларын әдебиет пен өнер арқылы ұлықтау бағытындағы зерттеу жұмыстарын жалғастырудың маңызын айрықша атап көрсетті.