Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, академик Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжановтың қатысуымен брифинг өтті.
Кездесу барысында Институттың соңғы жылдары атқарған ғылыми жұмыстары мен іргелі жобалары туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, ұлттық мәдени мұраны жүйелеуге арналған көптомдық сериялық басылымдар, көрнекті тұлғалардың академиялық толық шығармалар жинақтары, сондай-ақ әдебиеттану, фольклортану және өнертану салаларындағы іргелі және гранттық ғылыми жобалардың нәтижелері таныстырылды. Сонымен бірге ұлттық әдебиет пен өнер мұрасын сақтау, цифрландыру, ғылыми зерттеулердің заманауи бағыттары, жасанды интеллект технологияларын гуманитарлық ғылымдарға енгізу және қазақ әдебиеті мен мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау мәселелері талқыланды.
Кенжехан Ісләмжанұлы өз баяндамасында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қазақстандағы әдебиеттану, фольклортану және өнертану салалары бойынша жетекші ғылыми орталықтардың бірі екенін атап өтіп, Институттың ұлттық рухани мұраны зерттеу, сақтау және ғылыми айналымға енгізу бағытындағы қызметіне тоқталды.
Брифингтің негізгі тақырыбы мәдени мұраны цифрландыру мәселесіне арналды. Өз сөзінде Кенжехан Матыжанов:
«Мәдени мұраны сақтау және цифрландыру – Институт қызметінің негізгі стратегиялық бағыттарының бірі. Осы мақсатта Институтта Мәдени мұраны цифрландыру ғылыми-инновациялық орталығы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта «Қазақстанның әдебиеттану, фольклортану және өнертану экожүйесін цифрлық трансформациялау: пәнаралық зерттеулер» атты іргелі ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Институттың «Алтын қор» цифрлық платформасы жұмыс істейді. Бұл платформада Институт тарихында жарық көрген іргелі ғылыми еңбектер, академиялық жинақтар, көптомдық басылымдар, бейнедәрістер, ғылыми түсіндірмелер және басқа да құнды материалдар жинақталған. Бүгінде бұл қор зерттеушілерге, студенттерге және көпшілік оқырманға электронды форматта қолжетімді», – деп атап өтті.
Сондай-ақ брифинг барысында гуманитарлық ғылымдардағы жасанды интеллект технологияларының мүмкіндіктері сөз болды. Институт басшысы қазіргі кезеңде ғылыми зерттеулерді жаңа технологиялармен ұштастырудың маңызы артып отырғанын айтты.
«М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты да осы үдерістерге белсенді түрде қатысуда. Қазіргі таңда Институт ғалымдарына жасанды интеллект платформаларын тиімді пайдалану бойынша арнайы семинарлар ұйымдастырылып келеді. Оның мақсаты – қазіргі заманғы технологияларды ғылыми зерттеулерге дұрыс енгізу, жаңа цифрлық құралдарды меңгеру және гуманитарлық ғылымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Сонымен қатар Институтта жүзеге асырылып жатқан «Қазақстанның әдебиеттану, фольклортану және өнертану экожүйесін цифрлық трансформациялау: пәнаралық зерттеулер» жобасы осы бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі болып табылады», – деді Кенжехан Ісләмжанұлы.
Кездесу барысында журналистер тарапынан әлеуметтік желілердің әдебиет пен мәдениетті насихаттаудағы рөлі, ұлттық әдеби мұраны халықаралық деңгейде таныту, гуманитарлық ғылымдардың даму бағыттары және жас ғалымдарды қолдау мәселелеріне қатысты сұрақтар қойылып, жан-жақты жауаптар берілді.
Брифинг қорытындысында ұлттық әдебиет пен өнер мұрасын зерттеу мен сақтаудың дәстүрлі ғылыми тәсілдері заманауи цифрлық технологиялармен ұштасуы тиіс екендігі атап өтілді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, мәдени мұраны ғылыми тұрғыдан зерттеу, цифрландыру және кең аудиторияға қолжетімді ету ісі Институт қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала бермек.

