2025 жылдың 15 қазанында Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №4 бөлімшесіне ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімінің берілуіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Шараның мақсаты – ұлт әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің шығармашылық және қоғамдық мұрасын кеңінен насихаттау, кітапхананы мәдени-ағартушылық орталық ретінде қалыптастыру, сондай-ақ әдебиет пен өнер саласындағы ғылыми-зерттеу мекемелері мен қоғамдық ұйымдар арасындағы шығармашылық ынтымақтастықты дамыту. Бұл бастама ұлы жазушының рухани мұрасын ұлықтап, жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін, әдеби талғамын қалыптастыруға бағытталды.
Мұхтар Омарханұлының дүниеге келгеніне 128 жыл толуына орай өткізілген шара Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі театр және кино актері Болат Әбділмановтың орындауындағы Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерінен үзіндімен басталды. Бұл көрініс жиынның рухани әсерін күшейтіп, қатысушыларды Абай әлеміне жетеледі. Ашылу салтанатын белгілі ақын, журналист Бақыт Жағыпарұлы жүргізді. Алғашқы бөлімде сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов кітапхананың ашылуын ұлттық руханият үшін ерекше мәні бар мәдени оқиға деп атап өтті. Сондай-ақ Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Бейсенбайұлы Халбеков, Д. Қонаев халықаралық қорының президенті Эльдар Асқарұлы Қонаев, Үндістан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Котавадэ Свапнил өз құттықтау лебіздерін білдіріп, жаңа кітапхананың мәдени және ағартушылық маңызына тоқталды.
Ашылу рәсімінен кейін қонақтар үшін кітапхана бойынша экскурсия ұйымдастырылып, жаңа кеңістіктің кітап қоры, көрме бұрышы және Мұхтар Омарханұлы мен Мұрат Мұхтарұлына арналған мемориалдық бөлме таныстырылды. Мұнда тұлғалардың жеке заттары мен кітаптары, фотосуреттері қойылған.
Кеш бағдарламасы әрі қарай «Мұхтар Әуезовтің Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосқан үлесі» атты дөңгелек үстел отырысымен жалғасты. Іс-шараны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов жүргізді.
Өз сөзінде Кенжехан Ісләмжанұлы кітапхана тарихындағы бұл игі сәттің рухани маңызын атап өтіп, Институт ғалымдарының еңбегімен жарық көрген бірқатар ғылыми басылымдарды және Мұхтар Әуезов бейнесі кестеленген ерекше кілемшені кітапхана қорына сыйға тартты. Шараның негізгі бөлімінде жазушының немересі, шығыстанушы және түркітанушы Зифа-Алуа Әуезованың онлайн-құттықтауы ұсынылды. Келесі сөз алған «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры Диар Асқарұлы Қонаев кітапхана қорына Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің жеке кітапханасынан бірқатар кітаптарды табыс етті.
Келесі кезекте көрнекті ғалым, археолог және этнограф Әлкей Марғұланның бұрын жарық көрмеген «Мұхтар туралы: кемеңгер тұлға, жазушы, драматург М.О.Әуезов туралы естеліктер» атты еңбегінің тұсаукесері өтті. Бұл еңбек алғаш рет араб тіліндегі түпнұсқадан қазақ және орыс тілдеріне аударылып, ғылыми айналымға енгізілді. Дөңгелек үстел барысында академик Әлкей Марғұланның қызы, ғалым, еңбектің бас редакторы Данель Әлкейқызы Марғұлан, еңбектің құрастырушысы және аудармашысы Гүлнар Омарова, Қазақстанның Халық жазушысы, кинодраматург Смағұл Елубай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филол.ғ.д. Қансейіт Әбдезұлы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филол.ғ.д. Гүлзия Пірәлі, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары, философия докторы Игорь Крупко, Журналистика академиясының президенті, тарих ғылымының докторы, профессор Сағымбай Қабашұлы Қозыбаев, жазушы, шежіреші Сейітомар Саттаров, Орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының кеңесшісі Бақытжамал Қайырбекқызы сөз алып, шараның мәні мен маңызы туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақындар мен жазушылар, ғалымдар және қала қонақтары қатысты.
Жалпы алғанда, Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананың ашылуы – қазақ руханияты мен әдебиет әлеміндегі айтулы мәдени оқиға болды. Шара аясында көрнекті қаламгердің шығармашылық мұрасына арналған мазмұнды бағдарламалар ұйымдастырылып, құнды пікірлер мен естеліктер ортаға салынды. Дөңгелек үстел барысында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Алматы қалалы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, болашақта бірлескен ғылыми-ағартушылық жобаларды жүзеге асырудың жаңа бағыттары белгіленді.
Мұхтар Әуезов есімін иеленген жаңа кітапхана – ұлт әдебиетінің ұлы тұлғасына деген тағзымның айғағы ғана емес, сонымен бірге жас ұрпақты кітап пен білімге, рухани биіктерге жетелейтін жаңа мәдени орталыққа айналмақ.








