2025 жылдың 24 сәуірі күні М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы мен «Алматы облысы білім басқармасы Еңбекшіқазақ ауданы Білім бөлімі мемлекеттік мекемесінің Түрген ауылындағы Д. Қонаев атындағы орта мектебі бірлесіп, ұлы жазушы, ғұлама ғалым М.О.Әуезов пен мемлекет және қоғам қайраткері Д.А. Қонаевтың өмір жолы, қызметі мен шығармашылығы жайлы, олардың ұлылығын дәріптеу мақсатында “Мұхтар Әуезов және Дінмұхамед Қонаев феномені” атты семинар өткізді.
Семинарды М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры, филол.ғ.к. Қонаев Диар Асқарұлының ашып, келген қонақтармен таныстырды.
Шара барысында құттықтау сөз «Дінмұхамед Қонаев» Халықаралық қорының Президенті Қонаев Эльдар Асқарұлына беріліп, ұйымдастырылып отырған шара туралы кеңінен тоқталды. Сондай-ақ Мұхтар Омарханұлы және Дінмұхамед Ахметұлымен бірге өткізген балалық, есейген кездеріндегі ерекше естеліктерімен бөлісті.
Семинарға арнайы келген Д. Қонаев атындағы орта мектептің директоры Ахметова Римма Ауесхановна мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырып, Дінмұхамед Ахметұлының Түрген ауылына келген кезеңіндегі түсірілген бейнежазбасымен бөлісті. Сонымен бірге дәстүрлі ұйымдастырылып тұратын мәдени шаралар жөнінде мәлімет беріп, ұйымдастырушыларға ұжым атынан алғысын білдірді. Түрген ауылының жергілікті қоғамдастық төрағасы, Д. Қонаев атындағы орта мектебінің тарих пән мұғалімі Кабдиев Марат Забирович ұлылардың тарихы, қызметі жайлы сыр шертсе, мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сейдаметова Наргиз Толыбаевна ұлылардың өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау, дәріптеу, оқу бағдарламасындағы жұмыстары жайында баяндады. «Әуезов үйінің» бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Ермек Ханкей ғасырдың ұлы тұлғаларының қалдырған мұралары, жазаған қызметтерін нағыз феномендік қасиетке тән екендігі жайындағы ойымен бөлісті.
«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы директорының орынбасары Мұқатаева Салтанат Амантайқызы «Мұхтар Әуезов және Дінмұхамед Қонаев феномені» тақырыбында баяндама жасап, қос ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптар, ғылыми қор құжаттары, фотосуреттер көрмесімен таныстырды.
Семинар барысында Д. Қонаев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі И.А.Молдабаева «Қос алыптың кездесуі», 11 «а» сынып оқушысы Алтынбекова Гауһар «Дінмұхамед Қонаевтың қазақи қасиеттері» баяндамаларын жасады. Аталмыш мектептің оқушылары Нұрсұлтан Егемберді, Сагимбай Салтанат шығармашылық арнау өлеңдерін оқыды.
Семинарды «Әуезов үйі» директоры Д.Қонаев қорытындылап, семинарға қатысушыларға, өнер көрсеткен оқушыларға алғыс хат, сертификат табыстап, «Әуезов үйінің» баспа өнімдерін сыйға тартты. Келген қонақтарға «Әуезов үйі», «М.О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы» музейлеріне Анель Бақытқызы, Бану Ғалымжанқызы эқскурсия жүргізді. Қонақтар М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да бұл үрдістің жалғасатындығына зор сенімдерін жеткізді.














