ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

ЖАҢАЛЫҚТАР

«Мұхтар Әуезов шығармашылығы және рухани құндылықтар» әдеби кеші

12/02/2026

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы және Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананың бірлесіп ұйымдастыруымен 11 ақпан күні Алматы қаласы Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада «Мұхтар Әуезов шығармашылығы және рухани құндылықтар» атты әдеби кеш өтті. Тағылымды шара қазақ әдебиеті мен руханиятының көрнекті тұлғасы Мұхтар Әуезов мұрасын кеңінен танытуға және оның рухани-танымдық маңызын насихаттауға арналды.

Кештің негізгі мақсаты – жазушының бай шығармашылық мұрасын дәріптеу, ұлттық рухани құндылықтарды ілгерілету, оқырман қауымның әдеби-мәдени танымын кеңейту және жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне ықпал ету. Шараға әдебиеттанушы ғалымдар, жазушылар, қоғам және мәдениет қайраткерлері, ұстаздар мен жас оқырмандар қатысты.

Іс-шараны Институттың Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, академик Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов жүргізіп, Мұхтар Омарханұлы мұрасының ұлттық ғылыми ой мен мәдени санадағы орнына тоқталды. Сондай-ақ жазушы шығармашылығының зерттелу бағыттары және бүгінгі әдебиеттанудағы өзектілігі жөнінде ойларымен бөлісті.

Жиынның алғашқы бөлімінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Өміржанұлы Жақып, шығыстанушы және түркітанушы ғалым, профессор Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезова, «Халықаралық Д.А. Қонаев» қорының президенті, қоғам қайраткері Елдар Асқарұлы Қонаев жазушы мұрасының рухани сабақтастығы туралы ой қозғап, кештің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Аслан Жамелұлы Жақсылықов және жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Бабиханұлы Ақыш баяндамалар жасап, Әуезов туындыларындағы көркемдік жүйе, рухани құндылықтар мен идеялық арқау мәселелерін ғылыми тұрғыда талдап көрсетті.

Негізгі бөлімде «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры Диар Асқарұлы Қонаев, профессор Гүлзия Жайлауқызы Пірәлі, доцент Санагүл Майлыбаева, Институттың әлем әдебиеті және халықаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі Светлана Викторовна Ананьева және Жамбыл облысы, Меркі ауданы атынан арнайы қатысқан ұстаз Гаухарай Ахметбековна Жұматаева жазушы мұрасын зерттеу, оқыту және насихаттау тәжірибелері жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады.

Кеш аясында Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы №128 орта мектеп оқушылары жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қайырбаева Алмагүл Ақтаевнаның дайындауымен әдеби-монтаж ұсынып, көркем композиция көрсетті. Сонымен бірге Қайым Мұхамедқановтың сөзіне жазылған «Мұхтар аға» әні орындалып, кеш мазмұнын толықтыра түсті. М.Әуезов атындағы кітапхана меңгерушісі Балнұр Асқарқызы сөз сөйлеп, өнер көрсеткен оқушыларды Алғыс хаттармен марапаттады.

Шара соңында Институттың ғылыми еңбектерін Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне тапсыру рәсімі өтті. Бұл игі қадам әдеби мұраны оқырманға қолжетімді ету жолындағы маңызды мәдени бастама ретінде атап өтілді. Әдеби кеш мазмұнды баяндамалармен, ғылыми ой-пікірлермен және әсерлі көркем бағдарламамен қорытындыланды.