Жуырда Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы аясында әдеби форум және жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті.
Мемлекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асқан жоба барысында отандық қаламгерлер ТМД елдерінің архивтерінде зерттеу жүргізіп, қазақ тарихы мен әдебиетіне қатысты тың деректер жинақтады. Нәтижесінде 15 ғылыми-шығармашылық еңбек көпшілікке ұсынылды.
Осы жоба аясында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, PhD докторант Бауыржан Мырзақұл Ресейдің Астрахан қаласындағы облыстық архив пен ғылыми кітапханада жүргізген зерттеулері негізінде «Еділ, Жайық – екі су…» атты еңбегін дайындады. Кітапта Астрахан өңірін мекендеген қазақтардың рухани өмірі, тұрмыс-тіршілігі, өнері, баспасөзі мен ағартушылық дәстүрі кеңінен қамтылған.
Зерттеуде ХХ ғасыр басындағы «Кедей тілі» газеті мен бүгінгі «Ақ арна» басылымының мазмұны талданып, татар ғалымы А.Умеровтің ағартушылық қызметі мен қазақ қоғамына ықпалы, ноғай ғалымы А.Жәнібеков жинағындағы қазақ жырлары, сондай-ақ Бөкей хан, Сейіт-Баба және Құрманғазы Сағырбайұлына қатысты тың деректер енгізілген.
Жалпы, еңбек Астрахан өңірі мен Ішкі (Бөкей) Орданың ортақ тарихын және қазақ руханиятының сабақтастығын айқындайтын маңызды зерттеу ретінде ұлттық жадымызды жаңғыртуға қызмет етеді деп сенеміз.



