24 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бақылау кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыс офлайн және онлайн форматта (ZOOM платформасы арқылы) ұйымдастырылды.
Отырысты Бақылау кеңесінің төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Бауыржан Жақып жүргізді. Жиынға Бақылау кеңесінің мүшелері, Институт басшылығы және күн тәртібіндегі мәселелерге тікелей қатысты жауапты қызметкерлер қатысты. Отырыстың кворумы қамтамасыз етілді.
Бақылау кеңесінің отырысына кеңес мүшелері ретінде:
– Жайық Хамитұлы Тохтаров – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы;
– Мамай Қаниұлы Ахетов – Алматы қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі;
– Анар Саимжанқызы Еркебай – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі;
– Фарида Мерхамитқызы – «Ерке-Нұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес кеңесте келесі сұрақтар қаралды:
1. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми жұмыстарының жылдық қорытынды есебі; 2. Қаржылық-шаруашылық жұмыстарының есебі; 3. Әртүрлі мәселелер
Отырыс барысында Институттың 2025 жылы атқарған жалпы қызметінің қорытындысы жөнінде Институттың бас директоры Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов баяндама жасады. Институттың бас директоры баяндамасында есептік кезеңде жүзеге асырылған негізгі ғылыми-зерттеу жобаларына, дамудың басым бағыттарына, ұйымдастырушылық-басқарушылық жұмыстарға, сондай-ақ алдағы кезеңге қойылған стратегиялық міндеттерге жан-жақты тоқталды.
Институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Альмира Қайыртайқызы Қалиева 2025 жылғы ғылыми қызметтің қорытындылары туралы баяндама жасап, ғылыми жобалардың орындалу барысын, жарияланған ғылыми еңбектерді, өткізілген ғылыми іс-шараларды және қол жеткізілген негізгі нәтижелерді кеңінен баяндады.
Келесі кезекте Институттың бас бухгалтері Толқын Жанатбекқызы Институттың 2025 жылғы қаржы-шаруашылық қызметінің жылдық қорытынды есебін ұсынып, қаржылық жоспардың орындалуы, қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуы жөнінде толық ақпарат берді.
Отырыс соңында Бақылау кеңесінің мүшелері тарапынан сұрақтар қойылып, ұсынылған мәселелер бойынша пікір алмасу және жан-жақты талқылау жүргізілді. Кеңес мүшелері Институттың ғылыми және қаржы-шаруашылық қызметіне қатысты өз ойларын, ұсыныстары мен ескертулерін білдірді.





