Бүгін «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің ұйымдастыруымен «ХІХ ғасырдағы әлеуметтік дискурс: Абайдың қара сөзі» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Ғылыми жиынның негізгі мақсаты – Абайдың қара сөздері арқылы ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының рухани-әлеуметтік ахуалын зерделеу, ойшыл мұрасының көркемдік-стильдік табиғаты мен философиялық мәнін әдебиеттанудың заманауи әдіснамалары тұрғысынан талдау.
Конференция жұмысына еліміздің жетекші абайтанушы, әдебиеттанушы, шығыстанушы ғалымдары, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары мен ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері қатысты.
Жиынға М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, академик Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов модераторлық етті.
Конференцияда төмендегі тақырыптар бойынша ғылыми баяндамалар жасалды:
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Абай» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев – «Абайдың қара сөзі және ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізімі»;
- Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жабал Алшынбекұлы Шойынбет – «Абай қара сөздерінің ерекшеліктері»;
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Анар Бекмырзақызы Салқынбай – «Абай «ақыл» сөзіндегі «қызығу» категориясы: далалық философиялық пайым»;
- Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мақпал Социалқызы Оразбек – «Абай қара сөздері мен Оскар Уайльд шығармаларындағы «жан» мен «көлеңке» табиғаты»;
- М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті жанындағы филиалының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Амангелдіұлы Ердембеков – «Абайдың қарасөзі һәм бүгінгі қазақ»;
- «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жандос Мағазбекұлы Әубәкір – «Абай қарасөздеріндегі рухани құндылықтардың қазіргі қоғамдағы маңызы»;
- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Төрәлі Еділбайұлы Қыдыр – «Абайдың қара сөздеріндегі ихсан мәселесі»;
- М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қанипаш Қайсақызы Мәдібаева – «Абай қарасөздерінің когнитивтік аспектілері»;
- М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Әлем әдебиеті және халықаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Светлана Викторовна Ананьева – «Новые переводы «Слов назиданий» Абая Кунанбаева в контексте расширяющегося культурного сотрудничества»
- М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты Амангелді Оразбайұлы Мұқан – «Абайдың қара сөздерін сахналандырудың поэтикасы: «Қара» спектаклінің көркемдік-философиялық концепциясы».
Ғылыми жиында Абай мұрасы мен ХІХ ғасырдағы қоғамдық-әлеуметтік ой-сана, қара сөздердегі тұлға концепциясы, рухани-ислами құндылықтар, философиялық, этикалық және әлеуметтік-психологиялық мәселелер, ұлттық дүниетаным мен когнитивтік ұғымдар жан-жақты талқыланды.
Конференция Абайдың қара сөздері қазақ қоғамының рухани болмысын, адамгершілік ұстанымдары мен әлеуметтік мәселелерін танытатын іргелі ой жүйесі екенін тағы бір мәрте айқындады. Жиында ұсынылған ғылыми тұжырымдар ақын мұрасын пәнаралық бағытта зерттеуге және оның мазмұнын қазіргі гуманитарлық ғылым тұрғысынан жаңаша пайымдауға негіз болды.








