Бүгін М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ұйымдастыруымен 18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының тарихы» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Дөңгелек үстелге М.О. Әуезов ұрпақтары мен әр жылдары музейде қызмет еткен ғылыми қызметкерлер, ЖОО-ның білім алушылары, музей қонақтары қатысты.
Шараның басты мақсаты – М.О. Әуезовтің шығармашылық және рухани мұрасын ғылыми тұрғыда зерделеу, музей қызметінің тарихи маңызын айқындау және ұрпақ сабақтастығы негізінде ұлттық мәдениетті насихаттау.
Дөңгелек үстелде барысында:
- М.Әуезовтің шығармашылық мұрасын зерттеудің заманауи парадигмалары;
- Музейтану саласындағы өзекті мәселелер;
- Жазушының әдеби мұрасын әлемдік контексте зерделеу;
- М.О. Әуезов мұрасын цифрландыру мәселелері;
- Мұхтар Омарханұлының педагогикалық және қоғамдық-ағартушылық қызметі және т.б. тақырыптар кеңінен қозғалды.
Дөңгелек үстелді «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры Диар Асқарұлы Қонаев жүргізді. Шараға «Д.Қонаев» атындағы Халықаралық қордың президенті Эльдар Асқарұлы Қонаев жәнежазушының немересі, белгілі шығыстанушы ғалым Зифа-Алуа Мұратқызы арнайы қатысып, Мұхтар Омарханұлы туралы естеліктерімен бөлісті. “Әуезов үйі” ғылыми-мәдени орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлзия Жайлауқызы Пірәлі, жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Ермек Ханкей Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасы турасында ғылыми тұжырымдарымен бөлісті. Сондай-ақ музей күніне орай Мұхтар Әуезов шығармашылығына және музей тарихына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Музей күніне орай ұйымдастырылған шараға Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық Бизнес университетінің «Жолшы» философиялық клубының мүшелері, Тұран университетінің, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері қатысты.






