ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

ЖАҢАЛЫҚТАР

Халықаралық байланыс нығаю үстінде

25/02/2026

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Қолжазба және мәтінтану» орталығының қызметкерлері Әзірбайжан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясына қарасты Фольклор институтының ғылыми қызметкері PhD, доцент Гумру Шахрияр ханыммен кездесу өткізіп, әзірбайжан ғалымы талқыға ұсынған ғылыми диссертацияны талқылады.

Кездесуді орталықтың директоры Асқар Тұрғанбаев жүргізді. Гумру Шахрияр – Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батыры» тұтастанған жырларын зерттеп жүрген, түркі халықтарындағы «Едіге» жырының нұсқалары бойынша диссертация қорғаған әзірбайжан ғалымы. Кездесу барысында «Қырымның қырық батыры» эпикалық жырларының құрылымы, мазмұны, зерттелуі мен жырлардағы тарихи тұлғалар кеңінен талқыланды.

Қазіргі уақытта ғалым «Қырымның қырық батыры»  эпосындағы генеалогия мәселелері мен тұтастану үдерісін қарастырып, «Түркі халықтарының эпикалық фольклорында «Қырымның қырық батыры» эпосындағы тұтастану үдерісі: құрылымы мен қалыптасуы» тақырыбында докторлық диссертация жазып жатқанын айтып, осы тұрғыда қазақ эпостанушыларының пікірін білу мақсатында келгенін жеткізді. Өз зерттеуі жайында әңгімелеп, жырлардың топтастырылуы мен зерттелуіне  қатысты көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. Институттың эпостанушы ғалымдары ф.ғ.к Асқар Тұрғанбаев, ф.ғ.к. Сейілбек Сәкен, ф.ғ.к. Жұмашай Рақыш және фольклортанушы ф.ғ.к. Пәкизат Әуесбаева аталған тарихи-эпикалық циклді зерттеуде қандай мәселелерге назар аудару қажеттігіне, жырдағы тарихи тұлғаларды қай тұрғыдан қарастыру керектігіне тоқталып, кеңестерін берді.

Кездесу соңында Гумру Шахрияр Институтта жарық көрген кітаптармен, эпостанушы ғалымдардың еңбектерімен танысты.