М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен 7 қараша күні Рахманқұл Бердібай атындағы Халық университетінің кезекті дәрісі аясында Қазақстанның Халық әртісі, «Құрмет», Парасат» ордендерінің иегері, театр және кино актері Болат Мәзімбайұлы Әбділмановпен кездесу өтті.
Кездесуде өнер қайраткері ұлттық театр мен кино өнерінің даму бағыттары, актерлік шеберліктің сырлары, шығармашылық ізденіс пен сахна мәдениетінің бүгінгі тынысы мен болашағы жайлы кеңінен ой өрбітті. Әсіресе Болат Мәзімбайұлының қазақ сахнасы мен кино өнерінде сомдаған көрнекті рөлдері, соның ішінде ұлы Абай бейнесін жасаудағы актерлік тәжірибесі мен ішкі дайындық үдерісі жөніндегі әсерлі естеліктері тыңдарман қауымның ерекше қызығушылығын тудырды.
Шығармашылық кездесуде актер өз рөлдеріне жауапкершілікпен қараудың маңызы, тарихи тұлғалардың бейнесін сахна арқылы шынайы жеткізу жолдары, көрерменмен рухани байланыс орнатудың мәні туралы ойларын ортаға салды. Сонымен қатар өнердің қоғамдағы тәрбиелік және рухани миссиясы, ұлттық болмысты сахна мен экранда сақтау мәселелері де кеңінен талқыланды. Шара соңында Болат Мәзімбайұлы М.О. Әуезовтің музей-үйін аралап, жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлермен танысты.
Кездесуге Институт ғалымдары, әдебиет, мәдениет және өнер саласының өкілдерімен қатар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студент жастар қатысты. Шара еркін сұхбат форматында өтіп, қатысушылар қонақпен ашық пікір алмасып, өнер қайраткерінің шығармашылық көзқарасы мен өмірлік ұстанымдары жөнінде мол мағлұмат алды. Болат Мәзімбайұлы қойылған сұрақтарға жауап беріп, жас буынға шабыт пен рухани серпін сыйлады.
Халық университетінің бұл дәрісі рухани-ағартушылық сипатымен ерекшеленіп, жас ұрпақтың өнерге, мәдениет пен ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыра түсті.





