Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

ЖАҢАЛЫҚТАР

Халық мұрасын жинаушы Оразанбай Егеубаевтың дүниеге келгеніне — 90 жыл

28/11/2025

2025 жылдың 28 қарашасында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен және Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен көрнекті жазушы, таңжарықтанушы, халық мұрасын жинаушы Оразанбай Жұмағұлұлы Егеубаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Шетелдегі қазақ руханияты: жиналуы, жариялануы, зерттелуі» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Шараға әдебиеттанушы, фольклортанушы, өнертанушы ғалымдар, жазушылар, Оразанбай Жұмағұлұлының отбасы мен жақындары, докторанттар мен магистранттар қатысты.

Іс-шараны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, академик Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов жүргізіп, Оразанбай Егеубаевтың қазақ әдебиеті мен фольклорын зерттеу ісіне қосқан өлшеусіз үлесін, шетелдегі қазақ мұрасын жүйелеудегі қайраткерлік қызметін атап өтті. Жиын барысында шетел қазақтарының рухани мұрасын зерттеудің өзекті мәселелері жаңа қырынан қарастырылып, жазушының ғылыми мұрасының маңызы терең талданды. Соның негізінде қазақ әдебиетінің тарихы, шетел қазақтарының мұралары, Таңжарықтану және Оразанбай Егеубаевтың ғылыми мұрасы жөнінде мазмұнды баяндамалар мен естеліктер тыңдалды. Атап айтқанда:

  • Светқали Сабырғалиұлы Нұржан – ақын, Мемлекеттік сыйлық иегері
    Тақырыбы: Ұлт тағдырын тұғырлаған тұлға;
  • Ғалым Қалибекұлы – жазушы, Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары
    Тақырыбы: Қазақ әдебиетіндегі ұлттық қаһармандар;
  • Әлімғазы Дәулетхан — белгілі тарихшы, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты;
  • Талғат Мамашев — мемлекет және қоғам қайраткері;
  • Ербол Алшынбай — белгілі ақын;
  • Гүлжаһан Жұмабердіқызы Орда – филология ғылымдарының докторы
    Тақырыбы: «Көкбөрі немесе тағдыр тәлкегі» роман-эссесіндегі ұлт қасіреті;
  • Ақеділ Тойшанұлы – филология ғылымдарының кандидаты;
    Тақырыбы: Таңжарықтанудың негізін қалаушы.
  • Жұмашай Сайлауқызы Рақыш – филология ғылымдарының кандидаты;
    Тақырыбы: Халық мұрасының жанашыры;
  • Айдын Оразанбайұлы Егеубаев – кәсіпкер
    Тақырыбы: Әке туралы сөз.

Конференция аясында жазушы Сәли Садуақасұлының Оразанбай Жұмағұлұлына арналған «Қайран, Орекем-ай» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Бұл кітап – мерейтой иесінің тұлғалық болмысын, адами қасиетін, шығармашылық және ғылыми жолын жан-жақты ашатын естелік-эссе жанрындағы құнды туынды. Автор онда Оразанбай Егеубаевтың Қытайдағы қазақ әдебиетін зерттеу сапарларындағы ізденістерін, архивтер мен қолжазбалар арасындағы тынымсыз еңбегін, сондай-ақ Таңжарықтану бағытын қалыптастырудағы рөлін кеңінен баяндайды. 

Мерейтой бағдарламасы аясында ерекше мәнге ие шаралардың бірі – жазушы Оразанбай Егеубаев ұзақ жылдар тұрған Алматы қаласындағы Орбита-2 шағынауданындағы үйіне мемориалдық тақта орнатылуы болды. Бұл ескерткіш Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен жасалып, қаламгердің қазақ әдебиеті мен ғылымына қосқан өлшеусіз еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі ретінде ашылды. Тақтаны ашу рәсіміне қатысқан зиялы қауым өкілдері Оразанбай Егеубаевтың азаматтық парасаты мен ұлттық руханияттағы айрықша тұлғалық орнын айрықша атап өтті.

Оразанбай Егеубаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-теориялық конференция мен мерейтой аясында жүзеге асқан шаралар жазушының ұлттық руханияттағы орнын жан-жақты айқындап, оның шетелдегі қазақтардың әдеби және фольклорлық мұрасын жинаудағы, жариялаудағы және ғылыми айналымға енгізудегі өлшеусіз еңбегін кең көлемде танытты. Конференция барысында ұсынылған мазмұнды баяндамалар мен Сәли Садуақасұлының «Қайран, Орекем-ай» кітабының тұсаукесері қайраткердің тұлғасын жаңа қырынан ашса, Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен Орбита-2 шағынауданындағы жазушы тұрған үйге мемориалдық тақтаның орнатылуы оның қазақ әдебиеті мен ғылымы алдындағы еңбегіне көрсетілген зор құрметтің көрінісі болды. Осылайша, мерейтойлық іс-шаралар кешені Оразанбай Жұмағұлұлы мұрасының бүгінгі әдебиеттану мен руханият үшін маңызын айқын атап, шетелдегі қазақ мұрасын зерттеу ісіне жаңа серпін берді.