Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

ЖАҢАЛЫҚТАР

ЕЛІМІЗДІҢ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ АЙҚЫН БАҒДАРЫ

09/09/2025

8 қыркүйек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы еліміздің бүгінгі буырқанған замандағы ел дамуының тағдыршешті мәселелерін кеңінен қозғады. Жасанды интеллектіні дамыту, шағын және орта бизнеске жағдай жасау, ғылымға бөлінген қаржыны тиімді жұмсау, инфрақұрылымды жақсарту сияқты аса өзекті мәселелер қазіргі қоғамның ахуалын ғана көрсетіп қоймайды, олар еліміздің ертеңі үшін темірқазық болатын бағдарламалық мәнге ие. Қазіргі зымыран уақытта жасанды интеллектінің жалына жармасып, цифрлық технологияны ауыздықтап бәсекеге түспесек, түбегейлі реформаларды жүзеге асырып, бағдарымызды нық айқындап алмасақ, әлемдік өркениет шаңына ілесе алмай қалуымыз әбден мүмкін. Президент өз Жолдауында міне осындай көкейтесті мәселелерді қоғам талқысына ұсынды.

Жолдауда көтерілген негізгі мәселелердің бірі – ғылымды дамыту. Жолдауда айтылғандай, Қазақстанның ғылымы бүгінгі таңда практикалық нәтижеге көбірек көңіл бөлуге тиіс. Агроғылымдағы жаңалықтардың шаруашылыққа жеткілікті дәрежеде енбеуі, зерттеу нәтижелерінің коммерциялану деңгейінің төмендігі – әлі де шешімін күткен мәселелер. Мұндай жағдайда жасанды интеллект ғылымды қоғамға жақындатып, ғылыми жаңалықтарды өндіріс пен нарыққа жылдам енгізудің тиімді тетігі бола алады. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыру, геологиялық барлауды жетілдіру, инфрақұрылымды тиімді жоспарлау немесе экономикалық процестерді болжау – барлығы да ғылым мен ЖИ-дың үйлесімді жұмысын талап етеді. Демек, Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамытуға ерекше көңіл бөлуін бүгінгі әлемдік дамудың тамыр соғысын дәл басу деген сөз. Өйткені қазіргі таңда жасанды интеллект тек технология ғана емес, жаңа дәуірдің ақыл-ой әлеуетінің биік көрсеткіші деуге болады. Университеттерге, ғылыми-зерттеу ұйымдарына осы салада дербестік беру – олардың әлемдік ғылыми бәсекеге білек сыбана араласып, тың серпінмен жұмыс істеуге жол ашады. ЖИ арқылы ғылыми ізденістердің нәтижелілігі бұрын болмаған биікке көтеріліп, білім берудің мүлде жаңа сапасы қалыптасатыны сөзсіз. Біздің пікірімізше, ғылыми-зерттеу институттары да осы көштің алдында болып, жаңа технологияларды тиімді меңгеріп, тың жобаларды жүзеге асыруы тиіс. Жолдауда Мемлекет басшысы өркениетті ел болудың алғышарты – әділ заң, білікті билік, саналы әрі белсенді азамат екендігін кеңінен толғады. Бұл қағидат ғылым саласына да тікелей қатысты. Ғылымды дамытуға бағытталған әрбір мемлекеттік шешім халықтың тұрмысын жақсартуға, ғылыми әлеуетті дамытуға, экономиканы нығайтуға, әлеуметтік әділдікті орнатуға қызмет етуі керек. Сол кезде дамыған елдердің қатарына қосыла аламыз. Білімді жастарымыз еліміздің ғылымы мен біліміне еңбек етіп, табысты жұмыстарды жүзеге асырмақ.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында еліміздің болашақта жаңа заман талаптарына лайық тың жолмен дамуының негізгі алғышарттары айқын көрсетілген. Бұл бастамаларды жүзеге асыру арқылы еліміздің әлеуеті артып, экономикасы нығайып, ғылым мен білімі жаңа деңгейге көтеріледі. Соның арқасында халқымыздың болашаққа деген сенімі нығая түседі деп ойлаймын. Осы жолда бірлігімізді танытып, ел мүддесін бірінші сатыға қоюымыз керек.

Буырқана дамыған әлемнің саяси-экономикалық мұхитында Қазақстан кемесінің айдын-шалқары тұнық, көкжиегі кең, бағыт-бағдары айқын болсын.

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик, филология ғылымдарының докторы Кенжехан МАТЫЖАНОВ