М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ұйымдастыруымен 2025 жылдың 22 қазанында Республика күніне орай мектеп оқушыларына арналған «Егемендік жыры» атты әдеби-шығармашылық кеші өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақты ел тарихын білуге, Отанын сүюге, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге баулу, сондай-ақ туған халқының тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін ардақтайтын саналы да парасатты азаматтарды тәрбиелеу болды.
Кешті «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы директорының орынбасары Мұқатаева Салтанат Амантайқызы жүргізді. Әдеби басқосу Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, қатысушыларға мерекелік рух сыйлады.
Мәдени шараны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Қалиева Альмира Қайыртайқызы құттықтау сөзімен ашып, Республика күнінің тарихи және мәдени маңызына тоқталды.
Кеш барысында «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекші ғылыми қызметкері, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты Болсынбаева Аманғайша Жолдыханқызы «Егемендік ұғымы және М.Әуезовтің Тәуелсіздік туралы ой-пікірлері» атты мазмұнды баяндама жасап, жазушы мұрасындағы еркіндік пен елдік идеясының көріністерін талдады.
Кештің қадірлі қонағы – Алматы қаласындағы М.О. Әуезов атындағы №128 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қайырбаева Алмагүл Ақтаевна ұжым атынан мерекелік құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, мектептің 7 «Ә» сынып оқушылары әдеби монтаж ұсынса, 5 «А» сынып оқушысы Сәбит Жанболат «Желдірме» әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш барысында оқушылар назарына «Егемендік жыры» атты презентация ұсынылып, қатысушылармен мазмұнды кері байланыс жүргізілді. Сонымен қатар, «Тәуелсіздік жыры» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, егемендік тақырыбындағы әдеби және тарихи еңбектер таныстырылды.
«Әуезов үйі» ұжымы іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан №128 мектептің директорының міндетін атқарушы Сайра Аманкелдіқызына, ұстаздар мен оқушыларға ризашылығын білдіріп, мектеп музейіне және қонақтарға орталықтың баспа өнімдерін естелік ретінде сыйға тартты.
Іс-шара аясында оқушылар үшін «М.О. Әуезовтің мемориалдық музей-үйі» мен «М.О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы» залдары бойынша танымдық экскурсиялар ұйымдастырылды. Оқушылар музейдің құнды жәдігерлерін тамашалап, жазушы өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты мәліметтер алды және өз әсерлерімен бөлісті.







