ЖАҢАЛЫҚТАР

Егемен жылдардағы қазақ киносы

23/10/2025

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен 23 қазан күні Мемлекеттік Егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай «Егемен жылдардағы қазақ киносы» атты ғылыми семинар өтті. Бұл шараның мақсаты – Тәуелсіздік кезеңіндегі ұлттық кино өнерінің даму үдерісін саралап, қазіргі қазақ киносының жетістіктері мен өзекті мәселелерін ғылыми тұрғыдан талқылау болды. Сонымен қатар шара Институттың ұлттық рухты ұлықтау және тәуелсіздік идеясын ғылыми әрі мәдени тұрғыдан зерттеу бағытындағы жүйелі жұмыстарының аясында өткізілді. Ғылыми семинарды Институттың Театр және кино өнері бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Аманкелді Мұқан жүргізді.

Семинар барысында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі, PhD, доцент Баубек Нөгербек, кафедра доценті, өнертану кандидаты Гүлнар Мурсалимова, кафедра доценті, PhD Алма Айдар, аға оқытушылар мен өнертану магистрлері Динара БорибаеваГүлім КөпбайМурат Холғанат және Институттың ғылыми қызметкері Мәншүік Тәшімова баяндама жасап, тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық кино өнерінің дамуына қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Баяндамада егемендік алғаннан кейінгі қазақ киносының жанрлық, тақырыптық және эстетикалық ізденістері, кино өндірісіндегі жаңа бағыттар мен режиссерлік қолтаңбалар, сондай-ақ қазіргі заман көрерменінің сұранысына сай көркемдік үдерістер кеңінен талданды. Сонымен қатар, кино саласындағы жас буын режиссерлердің шығармашылығы мен ұлттық сана бейнесін экран арқылы жеткізу мәселелері де назарға алынды.

Тақырыпты талқылау барысында қатысушылар қазақ киносының қоғам өміріндегі рөліне, егемендік жылдарында қалыптасқан жаңа көркемдік ұстанымдар мен бейнелеу тілінің эволюциясына тоқталды. Тәуелсіздік кезеңіндегі кино өнерінің ұлттық идеяны дәріптеудегі, тарихи жадты жаңғыртудағы және мәдени кеңістікті қалыптастырудағы маңызы ерекше атап өтілді.

Іс-шараға Институт ғалымдары, Қазақ ұлттық өнер академиясының театртану және кинотану мамандықтарының студенттері, жас зерттеушілер қатысты.

Ғылыми семинар егемендік кезеңдегі ұлттық кино өнерінің даму тарихын зерделеу мен болашақ бағыттарын айқындауға үлес қосқан мазмұнды әрі мәнді басқосу болды.