ЖАҢАЛЫҚТАР

БІЛІМНІҢ ШЕЖІРЕЛІ ОРДАСЫНДА ӨТКЕН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ

10/08/2025

🏛️ 2025 жылдың 8 тамызында Абай облысы, Семей қаласындағы М.О. Әуезов атындағы Педагогикалық колледждің «Ес-аймақ» орталығында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми еңбектері таныстырылды.

📖 Таныстырылым барысында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары құрастырып, «Атамұра» баспасының қолдауымен жарық көрген АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ ТОЛЫҚ ЖИНАҒЫНЫҢ тұсауы кесілді. Сонымен бірге Институт ғалымдарының жан-жақты зерттеуімен жарыққа шыққан ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ толық жинағы да алғаш рет Семей жұртшылығына таныстырылды.

🖌️ Шараны М.О. Әуезов атындағы Педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Алдамжарқызы Жанаева жүргізіп, қонақтарды құттықтап, жиынның мәні мен маңызына тоқталды.

📍 Іс-шараға М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов бастаған Институт қызметкерлері, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед және облыс жұртшылығы, білім және мәдениет саласының өкілдері, сондай-ақ ғылыми қауым қатысты.

📃 Шара барысында Кенжехан Ісләмжанұлы Абай және Қаныш Сәтбаев шығармаларының академиялық толық жинақтарын әзірлеу барысында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары, архив материалдарын жүйелеу, текстологиялық салыстырулар мен ғылыми түсініктерді енгізу үдерісі жайында кеңінен баяндады.

✅ Ал Рақымғали Абрарұлы «Атамұра» баспасының Абай мұрасын жарыққа шығару жолындағы еңбегін атап өтіп, ұлы ойшылдың шығармаларының бүгінгі күнгі өзектілігі, оның жастар тәрбиесіндегі рөлі туралы әсерлі ойларымен бөлісті.

📚 Шара аясында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты әр жылдары жарыққа шығарған 60-тан аса ғылыми еңбектерін М.О. Әуезов атындағы Педагогикалық колледжге ресми түрде сыйға тартты. Бұл қадам – өңірдегі ғылыми-зерттеу және білім беру жұмыстарының дамуына қосылған маңызды үлес ретінде бағаланды.

❇️ Осылайша, Семей төрінде өткен бұл басқосу – ұлттық ғылым мен руханияттың іргелі екі алыбы Абай Құнанбайұлы мен Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың асыл мұрасын ұлықтап, келер ұрпаққа аманаттаудың жарқын үлгісіне айналды.