Skip to main content

ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

2026 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қанипаш Қайсақызы Мәдібаеваның 75 жасқа толуына арналған «Әдебиет тарихы және өзекті мәтінтану: зерттеу, оқыту тәжірибелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференцияға Әзербайжан, Армения және Қырғыз Республикасынан келген зерттеушілер, еліміздің ғылыми және шығармашылық қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, әдебиеттанушылар, қаламгерлер қатысты. Ғылыми жиында қазақ әдебиетінің тарихы, әдебиетті дәуірлеу қағидаттары, зар заман поэзиясы, абайтану мен әуезовтану, мәтінтану және әдеби мұраны оқыту мәселелері талқыланды.

Іс-шараны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов жүргізді. Институт директоры Қанипаш Қайсақызының қазақ әдебиеттану ғылымына, соның ішінде ХІХ ғасыр әдебиетін, зар заман ағымын, Абай, Мұхтар Әуезов, Жамбыл мұрасын зерттеуге және әдебиет тарихын дәуірлеу мәселелерін зерделеуге қосқан үлесіне тоқталды.

Конференция барысында Аида Ғалымқызы Балаеваның және Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаттары оқылды. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Әбешұлы Құлкеновтің құттықтауын Одақ төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов жеткізді. Кіріспе бөлімде Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеұлы сөз сөйлеп, мерейтой иесінің ғылыми және ұстаздық еңбегіне қатысты жылы лебізін білдірді.

Конференцияда Жетісу облысы Алакөл ауданы әкімінің құттықтау хатын арнайы келген Көлбай ауылдық округінің әкімі Ержан Шакерұлы табыстады. Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының директоры Ұлан Болатұлы Сағадиев конференцияға қатысып, Қанипаш Қайсақызын мерейлі жасымен құттықтады.

Жоғары оқу орындарының басшылары жолдаған құттықтау хаттары да мерейтой иесіне салтанатты түрде табысталды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың құттықтауын университеттің «Жамбылтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Алмасбек Мәуленов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Болат Анапияұлы Тілептің құттықтау хатын университеттің Басқарма мүшесі – зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ермек Әбілтайұлы Бурибаевтың құттықтау хатын университеттің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Шара Әсетқызы Қияхметова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбітгүл Сәрсемханқызы Кәрімованың құттықтауын университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Сәбит Құрманжанұлы Суатай, Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан университетінің ректоры Александр Сергеевич Койчубаевтың құттықтау хатын университет профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Раушан Мұратханқызы Мұқажанова арнайы табыстады.

Конференцияның бас баяндамасын М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлзия Жайлауқызы Пірәлі жасады. «Қанипаш Мәдібаева – ғалым, ұстаз, тұлға» атты баяндамада Қанипаш Қайсақызының ғылыми-зерттеушілік жолы, әдебиеттану ғылымындағы орны, ұстаздық қызметі мен тұлғалық болмысы сөз болды.

Негізгі бөлімде төмендегі тақырыптар аясында баяндамалар жасалды:

– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Абай» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебайұлы – «Зар заман әдебиетін зерттеу мен зерделеудің, оқыту мен насихаттаудың жауһар тұлғасы»;

– Баку славян университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Низами Таги оглы Мамедов – «Проницательный учёный, плодовитый литературовед»;

– Ереван университеті Шығыстану факультеті Түркітану кафедрасының оқытушысы, PhD Шушан Хачатрян – «Роль Мухтара Ауэзова в становлении и перспективах развития абаеведения в Армении»;

– Қырғыз-түрік «Манас» университеті Коммуникация факультеті деканының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, Қырғыз Республикасының Ұлттық жазушылар одағының мүшесі Гүлзада Мыктыбекқызы Станалиева – «Түркі дүниесінің заманауи әдеби мұрасы»;

– Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ербол Ердембекұлы Тілешов – «Әдебиет тарихын дәуірлеудің негізгі ғылыми қағидаттары»;

– филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Бекен Бекмұратұлы Ыбырайым – «Сезімтал зейін, сергек таным»;

– Нұр-Мүбарак университеті Халықаралық ғылыми-зерттеу және инновация орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шамшәдин Тұрсынұлы Керім – «Зар заман поэзиясының діни-дүниетанымдық негіздері»;

– Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Мақсұтұлы Дүйсенғазы – «Қанипаш Мәдібаева зерттеуіндегі зар заман әдебиеті».

Баяндамашылар Қанипаш Мәдібаеваның қазақ әдебиетінің тарихын зерттеудегі еңбегіне, зар заман әдебиетіне қатысты ғылыми тұжырымдарына, абайтану мен мәтінтану саласындағы ізденістеріне және әдеби мұраны оқытуға қосқан үлесіне тоқталды. Сонымен қатар әдебиетті дәуірлеудің ғылыми негіздері, зар заман поэзиясының дүниетанымдық сипаты, Мұхтар Әуезов мұрасы мен түркі халықтарының заманауи әдеби байланыстары жөнінде кеңінен пікірлер айтылды.

Конференция аясында «Зар заман ағымы» еңбегінің, екі томдық «Әдебиеттанушы» анықтамалығының, «Әдебиет тарихы және өзекті мәтінтану: зерттеу, оқыту тәжірибелері» атты конференция материалдары жинағының және Қанипаш Мәдібаеваға арналған «Биобиблиографиялық сөздіктің» тұсаукесер рәсімі өтті.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция әдебиет тарихы мен мәтінтанудың өзекті мәселелерін талқылаған мазмұнды ғылыми басқосуға айналды. Жиын барысында Қанипаш Мәдібаеваның зерттеушілік және ұстаздық қызметі жан-жақты қаралып, ғалымның еңбектерін зерделеу мен ғылыми айналымға кеңінен енгізудің маңызы атап өтілді.