М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының және Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен 2025 жылдың 27 мамырында белгілі этнограф-тарихшы, өлкетанушы Қарта Қаңтарбаевтың «БАЛУАН ШОЛАҚ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕР» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Аталған іс-шара қазақ халқының тарихи тұлғаларының өмірі мен шығармашылығын ғылыми тұрғыда зерттеу, рухани-мәдени мұраны насихаттау және тарихи деректерге негізделген еңбектерді көпшілікке таныстыру мақсатында ұйымдастырылды. Тұсаукесер барысында ғалымдар Балуан Шолақтың халқымыздың тарихындағы орны мен шығармашылық мұрасын нақты деректер арқылы талдап, Қарта Қаңтарбаевтың еңбегінің ғылыми әрі тарихи құндылығына ерекше назар аударды. Шараны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов жүргізді.
Шара барысында әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Ыбырайым, ақын, әдебиеттанушы ғалым, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің директоры Әділғазы Қайырбеков, ғалым, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Ерболат Баят сөз алып, Балуан Шолақтың тұлғалық бейнесі мен оның қазақ тарихындағы орны туралы ойларымен бөлісті. Сондай-ақ кітаптың тарихи-мәдени және ғылыми құндылығына кеңінен тоқталды. Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралы өз сөзінде бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға шынайы алғысын білдіріп, кітаптың елдік тұрғыдан маңызына тоқталды. Ол сондай-ақ музей қызметкерлері тарапынан жүргізілген жұмыстар туралы баяндап, осы бағыттағы ғылыми ізденістер жалғаса беретінін атап өтті. Келесі сөз алған белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы Еркін Шүкіман Балуан Шолақ әндерінің тарихы, орындалуы және зерттелуі туралы жан-жақты тың ақпараттармен бөлісті. Сонымен бірге елге кең тараған әйгілі «Дүние» және «Ғалия» әндерін орындап, тұсаукесерге жиналған қауымға ерекше рухани әсер сыйлады. Шараның қорытынды бөлімінде М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Нұржұма Елесбай Институттың және “Ғылым Ордасы” РМК “Орталық ғылыми кітапханасының” қолжазба қорындағы сақталған Қарта Қаңтарбаевтың бірқатар этнографиялық жазбалары, дерекнамалық материалдары мен жекелеген зерттеу дәптерлері туралы жан-жақты баяндады. Ғалымның айтуынша Қарта Қаңтарбаев өз еңбектерінде ел аузындағы әңгімелерді, шежірелерді, халық арасындағы ауызекі деректерді тиянақты түрде жинақтап, оларды нақты тарихи оқиғалармен салыстырып, жүйелеуге тырысқан.
Бұл кітапта қазақ халқының ұлы тұлғаларының бірі, даңқты балуан әрі әнші Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығы, халық арасында сақталған аңыз-әңгімелер, тарихи деректер мен оның заманына қатысты тың зерттеулер ұсынылады. Сонымен қатар оның тұлғалық бейнесі мен қазақ қоғамындағы орны кеңінен баяндалады.
Шараға әдебиеттанушы, фольклортанушы және өнертанушы ғалымдар, тарихшылар, БАҚ өкілдері қатысты.







