Әзербайжан Республикасының астанасы Баку қаласында 25-26 қыркүйек күндері ұлы композитор әрі ойшыл Узеир Гаджибейлидің 140 жылдығына арналған «Ашуг Алескерден Узеир Гаджибейлиге дейін: түркі дүниесінің мәдени кодтары» атты халықаралық симпозиум өтті. Іс-шара Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігінің қолдауымен, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының, сондай-ақ Әзербайжан ұлттық консерваториясының ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Симпозиумды Әзербайжан ҰҒА президенті, академик Иса Габиббейли ашып, ашуг Алескер мен Узеира Гаджибейли шығармашылығының ұлттық мәдениет тарихындағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, халық жадын сақтаушы ашуг өнері мен ұлттық музыканың негізін қалаушы Гаджибейли мұрасы әзербайжан мәдениетінің алтын қорына енген және бүкіл түркі дүниесінің рухани кеңістігімен сабақтас құндылықтар болып табылады.
Әзербайжан Мәдениет министрінің орынбасары Мурад Гусейнов симпозиумды «нағыз мәдени мереке» деп бағалап, түркі халықтарының музыка, фольклор және әдебиеттегі ортақ кодтарын зерттеудің болашақ ұрпаққа рухани мұра қалдырудағы маңызын атап өтті. Ал Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова түркі халықтарының мәдени мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу мен насихаттауды қордың басты басымдықтарының бірі екенін айтты.
Симпозиумға түркі әлемінің жетекші ғалымдары мен өнер қайраткерлері қатысты. Қазақстаннан М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов қатысып, «Алпамыс» эпосы – түркі дүниесі мәдени кодының алтын қазығы» атты мазмұнды баяндама жасады. Академик өз сөзінде жырдың ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи-мәдени маңызы мен ортақ рухани қазынадағы орнын жан-жақты талдады.
Кенжехан Ісләмжанұлының айтуынша, түркі халықтарының классикалық батырлық жырларының ең көрнекті үлгілерінің бірі болып табылатын «Алпамыс батыр» эпосы тарихи аңыздардың және Алтын Орда дәуіріндегі эпикалық дәстүрдің қалыптасуында ерекше рөлге ие. Сонымен бірге дастан композициясындағы дуалистік сипатқа, мифологиялық мотивтердің тарихи санамен сабақтастырылуына және түрлі нұсқалардағы сюжеттік тұрақтылыққа назар аударып, мұны шығарманың басты көркемдік ерекшеліктері ретінде бағалады. Сондай-ақ «Алпамыстың» таралу аймағы Алтай өңіріндегі «Алып Манаш» атты батырлық ертегіден бастау алып, қазақ, өзбек, татар, қарақалпақ және басқа да түркі халықтарының фольклорлық нұсқаларын қамтитынын атап өтті. Дастан этномәдени болмысты бейнелеуде, жыраулық дәстүрді сақтауда, жазба мәтіндерді текстологиялық тұрғыда зерттеп, ғылыми айналымға енгізуде айрықша маңызға ие екені де баяндамада айтылды.
«Бүгінде “Алпамыс батыр” дастаны дәстүрлі жыраулық өнердің арқасында өміршеңдігін жалғастырып келеді, сондай-ақ мектеп бағдарламаларына енгізілген, жастар арасында кеңінен танымал және халықаралық деңгейінде мойындалуда», – деді академик. Сонымен бірге Кенжехан Матыжанов шығарманы заманауи фольклортану әдістерімен кешенді түрде зерттеудің өзектілігін де ерекше атап өтті.
Симпозиум аясында Қырғыз Республикасынан белгілі ғалым, академик Абдылдажан Акматалиев, Әзербайжан ұлттық консерваториясының ректоры, профессор Камиля Дадашзаде, Түркияның Эгей университетінің профессоры, фольклортанушы ғалым Метин Экиджи, Әзербайжан ҰҒА Фольклор институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Хикмет Кулиев, өнертану кандидаты, профессор Меруерт Құрманғалиева, Өзбекстан Республикасының Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік әдебиет музейінің директоры, профессор Жаббор Эшонқұлов, сондай-ақ Анкара музыка және бейнелеу өнері университетінің ректоры профессор Эрхан Озден сынды беделді ғалымдар мен өнер қайраткерлері де баяндама жасады.
Жиында түркі халықтарының ортақ музыкалық жадын сақтау, ашуг өнерінің дәстүрлерін зерттеу, классикалық әдебиеттің ықпалы мен мәдени кодтарды ұрпаққа жеткізудің жолдары кеңінен талқыланды.
Екі күнге созылған халықаралық симпозиум түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын жаңаша зерделеуге, ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды алаң ретінде бағаланды.










