Skip to main content

ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

Әзербайжан Республикасының Баку қаласында І Түркологиялық құрылтайдың 100 жылдығына арналған «Түркологиялық фольклортану: теориялық контекст, практикалық бағыттар және талдау перспективалары» атты халықаралық ғылыми симпозиум өтіп жатыр.

Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Фольклор институты, Әзербайжан Республикасы мен Түркия Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялары, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры және Түркияның Хаджеттепе университеті бірлесіп ұйымдастырған алқалы жиын түркі дүниесінің ортақ ғылыми мұрасын зерделеуге, әдебиет, тарих, тіл, мәдениет және фольклортану салаларындағы өзекті мәселелерді талқылауға, сондай-ақ түркі халықтарының ғылыми байланысын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Симпозиумның ашылу рәсіміне Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Иса Хабиббейли, Түркия Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының төрағасы Өжал Оғыз, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Әзербайжан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының бірінші хатшысы Мұстафа Шабанов, Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің депутаты Хикмет Бабаоғлы, сондай-ақ Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және Әзербайжанның жетекші түрколог ғалымдары мен ғылыми мекемелерінің басшылары қатысуда.

Пленарлық мәжіліске М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА академигі Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов қатысып, «Қуғын-сүргінге ұшыраған Қазақстан түркологиясы: А. Байтұрсыновтан О. Сүлейменовке дейін» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргіннің Қазақстандағы түркология мен фольклортану ғылымының дамуына тигізген зардаптары тарихи деректер негізінде сараланып, кеңестік идеологияның түркі халықтарының ортақ тарихи жады мен рухани мұрасын зерттеуге қойған шектеулері жан-жақты талданды. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялыларынан бастап, Олжас Сүлейменовке дейінгі қазақ ғалымдарының ұлттық тарихи сананы, түркологиялық ой мен ғылыми дәстүрді сақтаудағы қызметі сөз болып, тәуелсіздік жылдарында тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, қуғын-сүргінге ұшыраған түрколог ғалымдардың мұрасын қайта зерделеу және түркі халықтарының ортақ ғылыми кеңістігін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Симпозиумда сондай-ақ Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің депутаты Хикмет Бабаоғлы, Хажеттепе университетінің профессоры Өзкүл Чобаноғлы, Эге университеті Түркі әлемі зерттеулері институтының профессоры Метин Екижи, Өзбекстан Ғылым академиясының профессоры Жаббар Эшонқұлов, Қажы Бекташ Вели университетінің профессоры Байрам Дүрбілмез және Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы Фольклор институтының директоры Хикмет Гулиев баяндама жасап, І Түркологиялық құрылтайдың түркітану ғылымының қалыптасуы мен дамуындағы тарихи орны, түркологиялық зерттеулердің жаңа бағыттары, ортақ ғылыми кеңістікті дамыту және түркі халықтарының мәдени мұрасын кешенді зерттеу мәселелерін талқылады.

Симпозиум аясында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, академик Кенжехан Матыжанов Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Фольклор институтына фольклортану мен түркологияға қатысты Институт ғалымдарының құрастыруымен жарық көрген ғылыми еңбектерді сыйға тартты.

Халықаралық симпозиум аясында түркі халықтарының ортақ әдеби және мәдени мұрасы, тарихи жазба ескерткіштері, фольклорлық дәстүрлері мен рухани құндылықтарын сақтау, зерттеу және әлемдік ғылыми айналымға енгізу бағытындағы өзекті мәселелер талқылануда. Бұл халықаралық ғылыми басқосу түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтып қана қоймай, ортақ тарихи жады мен мәдени мұраны сақтауға, түркология ғылымының жаңа зерттеу бағыттарын қалыптастыруға және түркі дүниесінің ғылыми-мәдени ықпалдастығын одан әрі дамытуға қызмет ететін маңызды ғылыми алаң болып табылады.