2026 жылғы 9 қазанда Алматы қаласындағы Достық үйінде көрнекті өнертанушы ғалым, өнертану докторы, профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағыбек Құндақбайұлының туғанына 100 жыл толуына арналған «Бағыбек Құндақбайұлының ғылыми мұрасы және әлемдік өнертанудың жаңа парадигмалары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен өткен жиынға Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның ғалымдары, өнертанушылар мен шығармашылық орта өкілдері қатысты. Офлайн және онлайн форматта өткен конференцияда ғалымның ғылыми мұрасы, ұлттық театр сынының даму белестері және заманауи өнертанудың теориялық-әдіснамалық мәселелері талқыланды.
Басқосуды М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, академик Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов жүргізді. Конференцияның ашылуында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты оқылды.
Мерейтойлық жиынның кіріспе бөлімінде Алматы қаласының әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдының құттықтау хатын Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Бейсенбайұлы Халбеков табыстады. Сонымен бірге Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Әділханұлы Жүдебаев, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Тілеуқұлұлы Жуасбек, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, белгілі театр және кино актері Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов құттықтау сөз сөйледі. Кіріспе бөлімде ғалымның ұлттық сахна өнерінің тарихын зерттеуге, қазақ театртануының ғылыми негіздерін нығайтуға және өнертанушы мамандар даярлауға сіңірген еңбегі сөз болды.
Конференция аясында Бағыбек Құндақбайұлының өмірі мен шығармашылығына, ғылыми еңбектеріне арналған кітап және архивтік көрме ұсынылып, ол туралы фильмнен үзінділер көрсетілді. «Ғалым. Сыншы. Ұстаз» атты ұжымдық монографияның тұсаукесері өтіп, ғалымның зерттеушілік, сыншылық және ұстаздық қызметі туралы естеліктер айтылды.
Пленарлық мәжілісте ғалым мұрасының ұлттық театртанудағы орны мен ғылыми сабақтастық мәселелері кеңінен қамтылды. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану докторы Бақыт Кәкиқызы Нұрпейіс «Бағыбек Құндақбайұлы және ұлттық театр сынының даму белестері», өнертану кандидаты, профессор Сәния Дүйсенханқызы Кабдиева «Бағыбек Құндақбайұлы – патриарх казахского театроведения» тақырыптарында баяндама жасады.
Шарада Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институтының профессоры, өнертану докторы Мухаббат Турабовна Туляходжаева «Многообразие творческой палитры театрального деятеля Кундакбаева Багибека Кундакбаевича» атты баяндама ұсынды. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аман Бекенұлы Құлбаев «Сын өнерін ғылымға айналдырған Дарабоз» тақырыбында сөз сөйледі.
Театрлық ойдың қазіргі бағыттары мен драматургиядағы жанрлық өзгерістерге арналған баяндамалар ғылыми талқылауды жалғастырды. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану кандидаты Меруерт Болатханқызы Жақсылықова «Театрлық ой: дәстүр, дағдарыс және заманауи кеңістік», М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Әлем әдебиеті және халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Светлана Викторовна Ананьева «Модификации современных жанров драматургии (в контексте научного наследия Багибека Кундакбаева)» тақырыптарында баяндама жасады.
Қырғыз Республикасы Мәдениет министрлігінің өкілі Элеонора Маратқызы Турдубекова «Багыбек Кундакбаев и формирование методологии казахстанского театроведения» атты баяндама ұсынды. Ұлттық театр тарихын зерттеудің әдіснамалық мәселелері М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, өнертану кандидаты Аманкелді Оразбайұлы Мұқанның «Бағыбек Құндақбайұлының театртанушылық әдіснамасы: ұлттық сахна тарихын зерттеудің ғылыми моделі» атты баяндамасында жалғасын тапты.
Институттың жетекші ғылыми қызметкері, өнертану кандидаты, Қазақ театр сыншылары бірлестігінің төрайымы Анар Саимжанқызы Еркебай «Қазақ театртану мектебі: ғылыми сабақтастық пен заманауи үрдістер», Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану кандидаты Зухра Исламбаева «Бағыбек Құндақбайұлы: рецензиядан театртанушылық мектепке дейін» тақырыптарында баяндама жасады.
Жиынның маңызды сәттерінің бірі – ғалымның қолжазбаларының Институт қорына табысталуы болды. Бағыбек Құндақбайұлының қызы Гүлжамиля Бағыбекқызы Құндақбаева отбасы атынан сөз сөйлеп, әкесінің қолжазбаларын М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорына сыйға тартты. Бұл құнды мұра ғалымның шығармашылық ізденістері мен ғылыми еңбектерін тереңірек зерделеуге, ұлттық театр тарихына қатысты деректерді ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік береді.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған халықаралық конференция Бағыбек Құндақбайұлының ғылыми мұрасын қазіргі өнертану ізденістерімен сабақтастыра қарастырған маңызды басқосу болды. Мазмұнды баяндамалар мен естеліктер ғалымның қазақ театртануындағы орнын жан-жақты танытып, отандық және шетелдік зерттеушілердің пікір алмасуына жол ашты. Ғалым еңбектерін жаңаша зерделеу, ғылыми дәстүр сабақтастығын жалғастыру және оның мұрасын кейінгі буынға жеткізу мәселелері жиынның негізгі өзегіне айналды.










