ЖАҢАЛЫҚТАР

«АТАДАН БАЛАҒА МҰРА» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

18/05/2025

2025 жылдың 18 мамыры Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылған «Музей түні» бағдарламасы аясында «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында «Атадан балаға мұра» атты дөңгелек үстел өтті. Аталған шараны «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы мен Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық Бизнес университетінің (UIB) жанындағы «Жолшы» философиялық клубы бірлесе ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты – ұлттық рухани мұраны сақтау, оны жас ұрпаққа жеткізу, жастардың тарихи танымын кеңейту және дәстүрлі мәдениетке деген қызығушылығын арттыру.

Дөңгелек үстел жұмысына бірқатар ғылым, білім және мәдениет өкілдері қатысты. Шараны «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы директорының орынбасары Салтанат Мұқатаева мен философия ғылымдарының PhD докторы, «Жолшы» философиялық клубының жетекшісі Нұржан Кулумжанов жүргізді. Шара барысында жыраулық дәстүр мен рухани сабақтастық тақырыбында белгілі ғалым, профессор Қайрат Жаңабаев баяндама жасап, тарихи поэзия мен оның бүгінгі әдебиеттегі жалғастығы жайында тың ойларымен бөлісті. Сондай-ақ мәдениеттанушы Бердалы Оспан мен «Көкжиек. Горизонт» баспа үйінің редакторы Қарлығаш Мұкашева ұлттық мұра, әдеби мұра мен баспа ісі төңірегіндегі мәселелерді көтерді. Дөңгелек үстелде “Әуезов үйі” ғылыми-мәдени орталығының жетекші ғылыми қызметкері Ермек Ханкей Мұхтар Әуезов мұрасын кеңінен насихаттау туралы ой-тұжырымдарын ортаға салса, философия ғылымдарының PhD докторы Нұржан Кулумжанов өз баяндамасында дүниетанымдық сабақтастық, философиялық таным мен ұлттық идея ұғымдарын кеңінен тарқатып берді. Кештің мәдени бағдарламасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері өнер көрсетті. Студенттер қазақтың дәстүрлі әндерімен қатар Абай Құнанбайұлының әндерін орындап, ақынның өлеңдерін қазақ және ағылшын тілдерінде мәнерлеп оқыды. Атап айтқанда:

  1. Тұран университетінің 2 курс студенті Айман Тыныбай;
  2. Тұран университетінің 2 курс студенті Анеля Исмаилова;
  3. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті Ақбаян Ормаханова;
  4. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті Камила Ферзаулина;
  5. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті Анель Жамбыл;
  6. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының 3 курс студенті Аружан Бекенова;
  7. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының 3 курс студенті Асемай Төлегенова өнерлерін көрсетті.

Танымдық бөлім барысында музей тарихы мен жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармашылығына қатысты сұрақтар қамтылған ойындар ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға сыйлықтар мен кітаптар табысталды. Сонымен бірге іс-шара соңында қатысушылар «М. Әуезов – 60 жас», «М. Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы» деректі фильмдерін және «Райхан» көркем фильмін тамашалап, музей экспозицияларымен танысты.

«Атадан балаға мұра» дөңгелек үстелі – ұрпақтар арасындағы рухани байланысты жаңғыртатын, мәдениет пен әдебиетті насихаттауға бағытталған мазмұнды кездесуге айналды. Ұйымдастырушылар тарапынан мұндай шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатыны айтылды.