ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

ЖАҢАЛЫҚТАР

«АЛАШ ЖӘНЕ ҰЛТ РУХАНИЯТЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ

27/02/2026

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен және «Ғылым ордасының» қолдауымен «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында 27 ақпан күні көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, публицист, ғұлама ғалым, көсемсөзші, көркем әрі ғылыми аудармашы Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына арналған «Алаш және ұлт руханияты» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Ғылыми жиын барысында Алаш қозғалысының тарихи-рухани мұрасы, ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы мен қызметі, Әлихан Бөкейханның қоғамдық-саяси, ғылыми және публицистикалық еңбектері, сондай-ақ қазіргі гуманитарлық ғылымдағы алаштану бағыттарының өзекті мәселелері кеңінен талқыланды.

Конференцияны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, академик Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов жүргізіп, Алаш қозғалысының тарихи маңызы мен Әлихан Бөкейхан мұрасының ұлттық руханияттағы орнына тоқталды.

Ғылыми жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, сала мамандары мен жас зерттеушілер қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады. Конференцияда:

Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры, алаштанушы, әлихантанушы ғалым, PhD
«Жапония, Чехия, Словакия, АҚШ және т.б. шетел мұрағаттарындағы Әлихан бейнесі мен Алаш Орда тарихы»;

Ісімақова Айгүл Серікқызы,
Назарбаев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы
«Әлихан Бөкейханның ғылыми дискурсы»;

Караман Ахмет,
Афион Коджатепе университетінің доценті (Түркия), филология ғылымдарының докторы
«Алаш Орда және жәдидшілдік: Қазақстан контекстінде»;

Шиндалиева Менликул Бұрханқызы,
«Тұран» университетінің зерттеуші-профессоры, филология ғылымдарының докторы
«Әлихан Бөкейханның публицистикалық мұрасы»;

Шарипова Диляра Сафаргалиевна,
Институттың бейнелеу өнері бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымының кандидаты, доцент
«Опыт осознания трагических страниц истории в современной визуальной культуре Казахстана»;

Көбденова Гүлжиһан Байғазықызы,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты
«Әлихан Бөкейханның астрономиялық терминдерінің уәждемесі»;

Әбдіқалық Күнімжан Сәдірқызы,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты
«Ә. Бөкейханның “Қазақтар” мақаласындағы орыстандыру саясаты және қазіргі көзқарас»;

Садыкова Раиса Төлеуқызы,
«Alikhan Bokeikhan University» гуманитарлық факультетінің деканы, философия докторы (PhD)
«Әлихан Бөкейхан публицистикасындағы ұлттық идея және тілдік қолданыс»;

Оспанова Гүлмәрия Тұрысбекқызы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доцент м.а., PhD
«Түпнұсқа мен аударма арақатынасы: Әлихан Бөкейхан тәжірибесі негізінде»;

Ыдырыс Зухра Асылбекқызы,
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы, докторант
«Қазақстанның заманауи суретшілерінің шығармашылығындағы Ә. Бөкейхан бейнесі» атты тақырыптар бойынша ғылыми баяндамалар жасалды.

Конференция барысында Алаш қозғалысының тарихи сабақтастығы, ұлттық интеллигенция мұрасы, Әлихан Бөкейханның көпқырлы ғылыми-публицистикалық қызметі жан-жақты талқыланып, мазмұнды пікір алмасулар өтті. Халықаралық ғылыми жиын Алаш мұрасын жаңаша пайымдау, ұлттық руханиятты дамыту және ғылыми қауымдастық арасындағы байланысты нығайту бағытында маңызды ғылыми алаң болды.