2025 жылдың 9 тамызында Абай облысы, Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде ұлы ойшыл, ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «АДАМЗАТТЫҢ АБАЙЫ: РУХАНИЯТ, ПАРАСАТ, ТАНЫМ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ірі ғылыми және мәдени оқиғаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ шетелден белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, әдебиетшілер мен мәдениет өкілдері жиналды.
Конференция барысында қазақ руханиятының тарихында ерекше орын алатын маңызды жаңалық – АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ ТОЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫНЫҢ тұсаукесері өтті. Академиялық жинақ М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдарының құрастыруымен, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің қолдауымен жарық көріп, оқырман қауымға жол тартты.
Жинақты көпшілікке М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов таныстырып, бұл еңбектің ғылым мен руханият үшін зор маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар жарық көрген академиялық жинақтың Абай мұрасын терең зерттеу мен болашақ ұрпаққа жеткізудің сенімді ғылыми негізі екеніне тоқталды.
Конференцияның Шәкәрім университетінде өткен пленарлық отырысында Абай облысының әкімі Берік Уәли, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, түрколог ғалым Зифа Алуа Мұратқызы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ерлан Бәтташұлы Сыдықов құттықтау сөз сөйлеп, ақын мұрасының өміршеңдігіне тоқталды. Сондай-ақ конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Сләмұлы Еспенбетов, абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ердембекұлы Тілешов, Түркия Республикасы Памуккале университетінің профессоры, PhD Нергиз Бирай Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы жөнінде ғылыми баяндама жасап, абайтану ғылымының өзекті мәселелеріне назар аударды.
Халықаралық конференцияның пленарлық отырысын Шәкәрім университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Думан Рымғалиұлы Орынбеков жүргізді. Іс-шарада Абайдың рухани мұрасы, ойшылдың заманауи өркениеттегі орны, оның шығармаларын зерттеудің жаңа бағыттары талқыланды.
Конференцияда аясында ұйымдастырылған көрмеге М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми еңбектері және «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жәдігерлері қойылып, шара қонақтарына таныстырылды.
Жинақтың басты ерекшелігі – Абай шығармаларының барлық қолда бар нұсқаларын, бұрынғы басылымдарын, мұрағаттық және қолжазбалық дереккөздерді жан-жақты салыстыра отырып, текстологиялық тұрғыда ғылыми негізде түзетіліп, түпнұсқаға жақын қалпына келтірілуінде.
Басылымға ақынның барлық өлеңдері мен поэмалары, қара сөздері, хаттары, көркем аудармалары және көне қолжазбаларға сүйене отырып түзілген мәтіндері енген. Әр шығармаға ғылыми түсініктемелер мен тілдік, тарихи-мәдени, терминологиялық ескертпелер қоса берілген. Сонымен қатар Абай мәтіндерінде жиі кездесетін араб, парсы, шағатай тілдерінен енген сөздерге арнайы лингвистикалық және мағыналық түсіндірмелер ұсынылған.
Аталған жиын Абай мұрасына деген ғылыми қызығушылықты күшейтіп қана қоймай, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеу жолында маңызды қадамға айналды.








