2026 жылғы 24 маусымда Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты көрнекті фольклортанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сейіт Асқарұлы Қасқабасовты еске алуға арналған «Академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов және мәдени антропология мәселелері» атты дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шара Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың рухына тағзым ретінде бір минут үнсіздік жариялаумен басталды.
Дөңгелек үстелді М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов жүргізді.
Жиынға отандық фольклортанушы, әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, жас зерттеушілер, докторанттар мен магистранттар қатысты. Басқосу барысында академик Сейіт Қасқабасовтың өмір жолы мен ғылыми мұрасы, оның қазақ фольклортануы, әдебиеттануы, мифологиясы, мәдени антропологиясы және жалпы гуманитарлық ғылымның дамуына қосқан өлшеусіз үлесі кеңінен сөз болды.
Іс-шараның басында академик Сейіт Қасқабасов пен Жанбота Кәріпбаевтың бірлескен авторлығымен жарық көрген «Репрессированная тюркология (фольклористика)» атты ғылыми еңбектің тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл еңбек – академик Сейіт Қасқабасовтың өмірінің соңында қолға алып, ерекше мән берген соңғы іргелі ғылыми зерттеулерінің бірі. Жинақта саяси қуғын-сүргінге ұшыраған түркітанушы және фольклортанушы ғалымдардың өмірі мен ғылыми қызметі, олардың отандық гуманитарлық ғылымның дамуына қосқан үлесі жан-жақты қарастырылған.
Дөңгелек үстелде төмендегі баяндамалар жасалды:
- Жанбота Карипбаев – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің PhD докторы. «Академик С.А. Қасқабасовтың зерттеулеріндегі 1940–50 жылдардағы фольклористика тарихы»;
- Светлана Викторовна Ананьева – М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Халықаралық байланыстар және әлем әдебиеті» бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты. «Диалог фольклорно-культурных традиций наследий С.А.Каскабасова»;
- Абат Пангереев – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор. «Сейіт Қасқабасовтың адами қасиеттері»;
- Гүлназ Сағынадин – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, PhD, доцент. «Академик Сейіт Қасқабасов зерттеулерінің әдіснамалық кеңістігі»;
- Шамшәдин Керім – Нұр-Мүбарак университеті Халықаралық ғылыми зерттеу және инновация орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор. «Академик С.Қасқабасов және қазақ фольклорындағы мифологиялық персонаждарды зерттеудің маңызы»;
- Алмасбек Әбсадық – А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы. «Ұстаз ұлағаты»;
- Аманкелді Мұқан – М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Театртану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты. «Академик Сейіт Қасқабасовтың ғылыми мұрасындағы театр өнері мәселелері»;
- Асқар Тұрғанбаев – М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Қолжазба және мәтінтану» орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты. «Жан азығын жинаған»;
- Айнұр Қазтуғанова – М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор. «Сейіт Қасқабасов және қазақ музыка өнері»;
- Нартай Жүсіп – С.Торайғыров университетінің «Филология» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор. «Мәшһүр Жүсіп және С.А. Қасқабасов»;
- Ақеділ Тойшан – Түркі академиясының сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты. «Академик С.А. Қасқабасов ұйымдастырған фольклорлық экспедицияның материалдары».
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың ғылыми мұрасын зерделеу, ғылыми мектебінің сабақтастығын жалғастыру және мәдени антропология мен фольклортану саласындағы өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Шара соңында академиктің қызы Қорлан Сейітқызы сөз сөйлеп, әкесінің ғылыми мұрасын ұлықтауға арналған тағылымды басқосуды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұжымына, сондай-ақ қатысушыларға өзінің ризашылығы мен алғысын білдірді.
Сонымен қатар іс-шара аясында «Ғылым ордасы» РМК-ның Орталық ғылыми кітапханасы академик Сейіт Қасқабасовтың ғылыми еңбектерінен арнайы кітап көрмесін ұйымдастырып, ғалымның сан қырлы шығармашылық және ғылыми мұрасын көпшілік назарына ұсынды.








