Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Филология факультетінің ұйымдастыруымен 14 қараша күні көрнекті фольклортанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик, қоғам қайраткері Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың 85 жылдық мерейтойына арналған «ФОЛЬКЛОРТАНУ МЕН ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӘНЕ ЖАҢА ПАРАДИГМАЛАР» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Алқалы жиынның басты мақсаты – академик С.А. Қасқабасовтың ғылымдағы жолын жан-жақты зерделеу, ғылыми мұрасын дәріптеу, сондай-ақ фольклортану мен әдебиеттану салаларындағы өзекті мәселелерді жаңа қырынан талқылау болды.
Конференцияның алғашқы бөлімі ғалымның ғылыми еңбектеріне арналған кітап көрмесімен басталды. Халықаралық деңгейде өткен ғылыми басқосуға отандық және шетелдік фольклортану, тіл және әдебиет саласының жетекші мамандары, сондай-ақ Түркия, Татарстан, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан елдерінен келген белгілі ғалымдар қатысты.
Шараның пленарлық мәжілісін Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы жүргізді. Негізгі бөлімде М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, академик Кенжехан Матыжанов, ҚР Президентінің кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Омаров, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы, Түркия Республикасы Еге университетінің Түркі әлемін зерттеу институтының профессоры Метин Екижи мен отандық және шетелдік жетекші ғалымдар баяндама жасап, академик С.Қасқабасовтың ғылыми мұрасы мен ұлттық ғылымдағы орнына терең талдау жасады.
Халықаралық конференцияның секциялық отырысында С.Қасқабасовтың ғылыми еңбектерінің қазіргі фольклортану, филология салалары және гуманитарлық білім беру жүйесіндегі маңызы кеңінен талданып, ғалымның рухани-мәдени құндылықтар жөніндегі ой-толғамдарының бүгінгі күнгі өзектілігі сараланды. Сонымен бірге академиктің ғылыми мектебі қалыптастырған бағыттардың фольклортану мен қазіргі әдебиеттану ғылымындағы жаңа парадигмаларға қосқан үлесі қарастырылды.
Халықаралық конференция академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың бай ғылыми мұрасын терең зерделеуге әрі ұлттық ғылымның дамуына қосқан өлшеусіз еңбегін жаңаша бағамдауға мүмкіндік берген маңызды ғылыми платформа болды.




