ЖАҢАЛЫҚТАР

АКАДЕМИК ҚАСҚАБАСОВ ФЕНОМЕНІ

24/06/2025

2025 жылдың 24 маусымында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың 85 жылдығына арналған «Академик Қасқабасов феномені: ғылыми мектептер, теориялар және тәжірибелер» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Конференция аясында Сейіт Қасқабасовтың ғылымға және ұлт руханиятына сіңірген еңбегі, отандық және әлемдік фольклортанудағы орны, қалыптастырған ғылыми мектебі жан-жақты сараланды. Шараға отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен жас ғалымдары қатысты.

Іс-шара академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың жарқын рухына арналып, 1 минут үнсіздікпен басталды. Бұл үнсіздік – ұлттық ғылымға өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаның ұлт руханиятындағы биік орнына деген терең тағзымның белгісі.

Жиынды М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов жүргізді. Кенжехан Ісләмжанұлы өз сөзінде Сейіт Асқарұлының ғылымдағы дара жолын, әдеби мұраға деген терең көзқарасын, шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымын жеткізді. Шараның алғашқы бөлімінде конференция жұмысына келіп түскен құттықтау хаттары оқылды. Атап айтқанда:

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың құттықтау хатын ҚР Парламенті Сенатының депутаты, академик Дархан Қыдырәлі табыстады. Дархан Қуандықұлы құттықтау сөзінде академик Сейіт Қасқабасовтың қазақ фольклортану ғылымындағы көшбасшы рөлін, ұлттық руханиятты жүйелі зерттеу мен ғылыми мектеп қалыптастырудағы ерекше еңбегін атап өтті. Ол Сейіт Асқарұлының ғылыми ізденістері тек Қазақстан көлемінде ғана емес, әлемдік деңгейде бағалануға лайық екенін айтып, бүгінгі конференция сол биік тұлғаға көрсетілген құрметтің жарқын үлгісі екенін жеткізді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөзін Институттың ғылыми қызметкері Бауыржан Мырзақұл оқыды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның жылы лебізін Институттың баспасөз хатшысы Нұр Жандосұлы Мағазбек жеткізді.

Алматы қаласының әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдының құттықтауын қала әкімінің кеңесшісі Мамай Қаниұлы Ахетов табыстады. Сондай-ақ бірқатар жоғары оқу орындарының ректорлары, халықаралық ұйымдар басшылары ұйымдастырылып отырған конференция жұмысына сәттілік тілеп, құттықтау хаттарын жолдады:

  • «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы;
  • Түркі академиясының президенті Шаһин Мәжідұлы Мұстафаев;
  • Ресейлік белгілі жазушы, «Художественная литература» баспасының бас редакторы Георгий Пряхин;
  • Беларусь Жазушылар одағының төрағасы, әдебиеттанушы Алесь Карлюкевич;
  • Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ерлан Бәтташұлы Сыдықов;
  • Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Болат Анапияұлы Тілеп;
  • әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев;
  • «Ғылым ордасы» ШЖҚ РМК бас директоры Ұлар Оразғалиұлы Мұқажанов.

Пленарлық мәжілісте:

  • ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов «Парасат императиві» атты баяндамасында ұстазы Сейіт Асқарұлының ғылымдағы биік парасат пен интеллектуалдық талаптарды ұштастыра білген тұлғалық болмысына тоқталды.
  • әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Жанғара Дәдебаев «Дара тұлға» атты баяндамасында Сейіт Қасқабасовтың әдебиетке көзқарасы мен көркемдік талғамын, ғылыми адамгершілігін терең пайымдады.
  • Түркияның Эге университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Метин Екижи (онлайн форматта) «Сейіт Қасқабасовтың түркі дүниесі фольклортануындағы орны» тақырыбында баяндама жасап, ғалым мұрасының түркі әлеміне ортақ рухани құндылық екенін атап өтті.
  • Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов өз баяндамасында Сейіт Асқарұлының шығармашылық жолын, фольклор мен жазба әдебиетті сабақтастыра зерделеудегі бірегей ұстанымын жан-жақты саралады.

Шара соңында филология ғылымдарының докторы, академик Кәрімбек Құрманәлиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, филология ғылымдарының докторы Анарбай Бұлдыбай, Түркі академиясының сарапшысы, ғалым Ақеділ Тойшанұлы, Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр, Моңғолия Ұлттық университетінің докторанты Оргил Бүрэнжаргалын сөз алып, академик Сейіт Қасқабасовтың ғылыми мұрасының қазіргі заманғы өзектілігі мен ғылыми кеңістіктегі ықпалын кеңінен қамтыды. Сондай-ақ ғалым еңбектерінің фольклортану мен әдебиеттану саласындағы жаңашыл бағыттарға дем бергенін, оның теориялық тұжырымдары бүгінгі жас зерттеушілер үшін маңызды бағдар екенін ерекше атап көрсетті. Шарада Ғылым ордасының Орталық ғылыми кітапханасы халқаралық конференцияға Сейіт Асқарұлының жеке және жетекшілігімен жарық көрген еңбектерінен арнайы көрме ұйымдастырды.

Академик Сейіт Қасқабасовтың ғылыми мұрасын арқау еткен бұл халықаралық конференция – тұлғаға тағзым, қазақ фольклортануы мен гуманитарлық ғылымының даму бағдарын айқындаған маңызды ғылыми-рухани оқиға болды. Жиын барысында айтылған баяндамалар мен пікірлер ғалым қалыптастырған ғылыми мектептің әлеуетін, оның теориялық тұжырымдарының заманауи маңызын айқын көрсетті. Бұл жиын – ұлттық ғылымның іргесін бекітіп, рухани сабақтастықты жалғастыру жолындағы іргелі қадам. Академик Сейіт Қасқабасовтың ілімі мен рухани мұрасы – болашақ ұрпақ үшін таусылмас тағылым, зерттеушілер үшін сарқылмас ғылыми өріс.