Skip to main content

ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қатысуымен 2026 жылдың 29 сәуірінде көрнекті композитор, дирижер, қазақ музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі, академик Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған «АХМЕТ ЖҰБАНОВ және ҚАЗІРГІ ЗАМАНДАҒЫ МУЗЫКАТАНУ ҒЫЛЫМЫ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде өтті.

Ауқымды конференция жұмысына Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Қырғыз Республикасы елдерінің жетекші ғалымдары, музыкатанушылар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ Жұбановтар әулетінің өкілдері қатысты. Бұл ғылыми басқосу ұлттық музыка мұрасын зерделеу мен оны заманауи ғылыми тұрғыда қайта пайымдаудың өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.

Пленарлық отырысты Институттың бас директоры, академик Кенжехан Матыжанов жүргізді. Конференцияға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ұлттық ғылым академиясы және бірқатар жетекші мәдени-ғылыми мекемелер атынан құттықтау хаттар келіп түсті.

Пленарлық мәжіліске Ұлттық ғылым академиясының білім беру және қоғамдық даму ғылымдары орталығының басшысы Жеңісбек Төлен, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің директоры Медет Қуанышев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Ғылым жөніндегі проректоры Қабыл Халықов қатысты.

Жиын барысында Ахмет Жұбанов дәстүрін жалғастырып, күй шығарған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтаевтың ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа Конституцияны» қабылдауына байланысты жазылған «Жаңа Конституция» күйі тарту етілді.

Іс-шарада А.Жұбанов және оның ізбасарларының мақалалары топтастырылған «Қазақстанның академиялық ғалымдарының музыкалық-сыни мақалаларының таңдамалы үлгілері» атты еңбектің әрі «Ахмет Жұбанов және қазіргі замандағы музыкатану ғылымы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары жинағының тұсаукесері өтіп, қалың жұршылыққа таныстырылды.

Конференцияның секциялық мәжілістерінде түркі халықтардың музыкалық-фольклорлық мұраларының пәнаралық байланыстары жан-жақты ашылды.

Алқалы жиын аясында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымы А. Жұбановтың 120 жылдығына орай «ӨСКЕН ӨНЕР» атты концерт өткізді. Концертте Рамазан Стамғазы, Талғат Мұқышев, Мұрат Әбуғазы, Болат Жомартов, Нұржан Жампейісов, Шолпан Даржан, Талғат Әбуғазы, Қорлан Картенбаева, Армат Исламғалиев, Сырым Нұрмолдин, Жанболат Жұмағазин, Қаламқас Қадырбаева, Тоғжан Дүйсенбекқызы, Жанат Мұқанов, Ғали Кәкімбай, Сатыш Ескендір өнер көрсетті. Сондай-ақ академияның домбырашылар ансамблі мен студенттік хорының (хор жетекшісі – Сырымбет Сайлыбаев) орындауында Ахмет Жұбановтың шығармалары көрерменге ұсынылды.

Халықаралық жиын Ахмет Жұбановтың көпқырлы мұрасын заманауи кеңістікте жаңаша пайымдауға жол ашып, ұлттық музыкатану ғылымының өзекті мәселелерін талқылайтын беделді диалог алаңы ретінде өз мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.