2025 жылдың 24 желтоқсанында Алматы музейінде М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы «Алматы музейлер бірлестігімен» бірлесе ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын қорытындылау мақсатында мұражай қорынан арнайы «Абай – менің өмірлік тақырыбым болды…» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды.
Ашылу салтанаты Алматы музейінің меңгерушісі Джиеналиева Камшат Бақытқалиқызының кіріспе сөзімен басталып, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры Қонаев Диар Асқарұлының құттықтау сөзімен жалғасты.
Көрмеге арнайы абайтанушылар, Әуезовтер ұрпағы, мәдени мекеме басшылары, ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, студенттер, оқушылар және БАҚ өкілдері шақырылды. Іс-шарада абайтанушы, Абай атындағы қазақ педагогикалық университеті «Абай» ғылыми-зерттеу орталығы директоры Жабал Шойынбет, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеті «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жандос Әубәкір, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов кешенді музейінің бас ғылыми жетекшісі Әділқазы Қайырбеков құттықтауларын жеткізіп, пікірлерімен бөлісті.
Көрменің мақсаты – қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы мен заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың бойына асыл мұраны сіңіру, мәдени мекемелер арасында шығармашылық байланыс орнату.
Көрмеге арнайы 130-дан астам жәдігерлер қойылып, көрермендер назарына ұсынылды. М.Әуезовтің ұлы ақын Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты «Абай романы қалай жазылды», «Абайдың туғанына 100 жыл толуына орай сөйлеген сөзі» қолжазба көшірмелері, Мүрсейіт Бікіұлының 1907 жылғы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының «Қазақтың міназлары» қолжазба көшірмесі, түпнұсқада 1942 жылғы «Абай» романы, 1945 жылғы «Абай», 1948, 1949 жылғы «Абай» романының екінші басылымы, шеттілдеріндегі аудармалары, 1949 жылы «Абай» романына берілген бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық куәлігі мен төсбелгісі, 1959 жылы бірінші дәрежелі Лениндік сыйлықтың куәлігі мен төсбелгісі, тұтынған заттары, 1957 жылы ұлы жазушының туғанына 60 жылдық мерейтойына сыйға келген шапандары, киімдері көрмеге қойылды. Сонымен қатар, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының баспа өнімдері: М.О.Әуезов шығармаларының толық 50 томдық жинағы, Абайдың 180 жылдығына орай жарық көрген «Абай» шығармаларының академиялық 3 томдығы және «Абай жолы» роман-эпопеясына арнайы салынған график-суретші Евгений Сидоркиннің 30-ға жуық автолитографиясы мен линогравюра туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
«Абай – менің өмірлік тақырыбым болды…» атты көрмені «Әуезов үйі»ғылыми-мәдени орталығы директорының орынбасары Мұқатаева Салтанат Амантайқызы таныстырды.
Мәдени шара барысында ғылыми қордан М. Әуезовтің туғанына 60 жыл толуына арналған деректі фильм көрсетіліп, музей тарихы жан-жақты насихатталды.


