Ақтөбе қаласында 1-2 қазанда Түркі елдерінің ғалымдарының басын қосқан «Түркі халықтарының рухани мұрасы әлемдік өркениет аясында: «Қобыланды батыр» жыры» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Жиын батырлық эпосты ұлттық және әлемдік мәдениет аясында зерделеуге, түркі халықтарының эпикалық дәстүріндегі сабақтастықты саралауға және фольклорлық мұраны сақтау мен жаңғырту мәселелерін талқылауға арналды.
Конференция пленарлық отырысты, төрт бағыт бойынша секциялық жұмыстарды, кітап көрмесін және «Қобыланды батыр» эпосының әзербайжан және саха тілдеріндегі аударма басылымдарының тұсаукесерін қамтыды. Отандық және шетелдік ғалымдар эпостың тарихи негіздерін, көркемдік ерекшеліктерін, жыршылық дәстүрмен байланысын, аударылуы мен зерттелуін, сондай-ақ оны білім беру және цифрлық кеңістікте таныту мүмкіндіктерін қарастырды.
Халықаралық конференцияны Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, ҚР Материалдық емес мәдени мұра жөніндегі ұлттық комитеті, Ақтөбе облысының әкімдігі, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры және Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ұйымдастырды.
Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығында өткен пленарлық отырысқа Қазақстан мен шетелдердің ғылыми-зерттеу мекемелерінің ғалымдары, фольклортанушылар, әдебиеттанушылар, мәдениеттанушылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен зерттеушілері қатысты. Жиын түркі халықтарының ортақ эпикалық мұрасын әр елдің ғылыми тәжірибесі негізінде салыстыра зерделеуге мүмкіндік берді.
Ашылу рәсімінде Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлованың, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Жанар Шайменованың және Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың құттықтаулары табысталды. Құттықтауларда эпостың тарихи-мәдени құндылығы, ортақ рухани мұраны зерттеу, насихаттау және кейінгі ұрпаққа жеткізу маңызы атап өтілді.
Пленарлық отырысты М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов жүргізіп, алғашқы ғылыми баяндаманы ұсынды.
Пленарлық отырыста тақырыпты кеңінен қамтыған ғылыми баяндамалар жасалды:
- Абдылдажан Акматалиев — Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Шыңғыс Айтматов атындағы Әдебиет институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик.
- Хикмәт Кулиев — Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясы Фольклор институтының директоры, филология ғылымдарының докторы.
- Пынар Дөнмез Федакар — Түркияның ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұра комитетінің мүшесі, Еге университеті Түркі әлемі зерттеулері институтының бас ғылыми қызметкері, PhD, профессор.
- Тынысбек Қоңыратбай — М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор.
- Жаббор Эшонкулов — Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Өзбек тілі, әдебиеті және фольклоры институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор.
- Гульнур Хусаинова — Ресей ғылым академиясы Уфа федералды зерттеу орталығының Тарих, тіл және әдебиет институты Фольклор бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы.
- Абат Пангереев — Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Тұлғаларды және ұлттық руханиятты зерттеу орталығының» жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі.
Баяндамаларда «Қобыланды батыр» жырының түркі халықтарының эпикалық дәстүріндегі орны, тарихи-мәдени мазмұны, ұлттық дүниетаным мен рухани құндылықтарды танытудағы рөлі қарастырылды. Ғалымдар эпикалық мұраны зерттеу мен сақтаудың қазіргі бағыттары, батырлық тұлға бейнесі және жыршылық дәстүрдің сабақтастығы жөнінде пікір алмасты.
Жиынның маңызды мәселелерінің бірі «Қобыланды батыр» жырын ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу бастамасы болды. Талқылауларда эпостың тарихи-мәдени құндылығын халықаралық деңгейде танытумен қатар, жыршылық дәстүрді сақтау және оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мәселелеріне назар аударылды. Халықтың тарихи жадын, елдік мұратын, ерлік пен отаншылдық ұстанымдарын бейнелейтін жырды кеңінен насихаттау ұлттық бірегейлікті нығайтуға және жастардың төл мұраға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Пленарлық отырыс аясында «Қобыланды батыр» эпосының әзербайжан және саха тілдеріндегі аударма кітаптарының тұсаукесері өтті. Рәсімге Ресей Федерациясы Саха (Якутия) Республикасының Мемлекеттік Мәжілісі (Ил Тумэн) төрағасының бірінші орынбасары Александр Жирков және Баку славян университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Низами Мамедов қатысты. Аударма басылымдар қазақ эпосын халықаралық оқырманға таныстыруға, түркі халықтарының ортақ мәдени құндылықтарын насихаттауға және салыстырмалы зерттеулер аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Конференцияның ғылыми жұмысы 1 қазан күні Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Н. Байғанин атындағы №6 оқу ғимаратында төрт секциялық отырыс бойынша жалғасты.
Бірінші секцияда «Қобыланды батыр» жырының ұлттық және әлемдік кеңістіктегі тарихи-мәдени және ғылыми маңызы қарастырылды. Отырысты Абат Пангереев пен Мармара университетінің профессоры Мехмет Ача жүргізді. Баяндамалар эпостың мифологиялық негіздерін, түркі нұсқаларындағы архаикалық мотивтерді, ұлттық код пен дүниетаным көріністерін, қолжазба мұрасы мен мәтінтанулық зерттеулерді қамтыды.
Осы бағытта Мехмет Ача жырды ғарыштың қайта құрылуы туралы баяндау ретінде талдауға, Сейфаддин Рзасой эпостың әзірбайжан тіліндегі аудармасына, Жылдыз Орозобекова дәстүр, дағдарыс және рухани жаңғыру мәселелеріне арналған зерттеулерін ұсынды. Абат Пангереев пен Әмина Амандықованың баяндамасында ертегі мен батырлық жыр арасындағы жанрлық-архетиптік сабақтастық қарастырылды. Болат Қорғанбеков Абай мен Ыбырайдың эстетикалық талғамы мен ғылыми танымындағы Марабай нұсқасына, Пакизат Әуесбаева архаикалық мотивтердің мифопоэтикалық семантикасына, Несібелі Құрман ұлттық дүниетанымға, Жұмашай Рақыш қолжазба нұсқалары мен ғылыми басылым мәселелеріне назар аударды. Сонымен қатар қазақ және қарақалпақ нұсқаларындағы ортақ топонимдер, Қабыл Мақсетовтың «Қоблан» дастанына қатысты зерттеулері және жырдың тарихи негіздері талқыланды.
Екінші секция түркі эпикалық дәстүрінің сабақтастығына және жыршылық өнердің қалыптасуы мен даму ерекшеліктеріне арналды. Модераторлар Берік Рахимов пен Низами Мамедов болды. Бұл отырыста қазақтың «Қобыланды батыр» және қарақалпақтың «Қоблан» жырларының типологиясы, ұлттық нұсқалары, эпостың негізгі мотивтері және аударма тәжірибесі қарастырылды.
Камалбай Палымбетов қазақ және қарақалпақ жырларының типологиясына, Низами Мамедов эпосты әзербайжан тіліне аудару тәжірибесіне, Берік Рахимов дәуір мен дәстүр мәселесіне, Жаббор Эшонкулов негізгі мотивтерді салыстырмалы-типологиялық зерттеуге арналған баяндамаларын ұсынды. Орхан Сойлемез бен Айслу Кармисованың бірлескен зерттеуінде Нұрпейіс Байғанин нұсқасы негізіндегі Ақтөбе эпикалық дәстүрі қарастырылды. Сондай-ақ Түркиядағы зерттеулер, Қашаған Күржіманұлы шығармашылығының эпикалық дәстүрмен байланысы, «Қырымның қырық батыры» жырының тілдік ерекшеліктері, түркі халықтарының топонимдік фольклоры және айтыстың дәстүр мен қазіргі үрдістер аясындағы жанрлық табиғаты сөз болды.
Үшінші секцияда батырлық тұлға бейнесі мен қаһармандық концептінің әдебиет пен өнердегі көркемдік көрінісі талқыланды. Отырысты Тынысбек Қоңыратбай мен Шомирза Турдимов жүргізді. Ғылыми талқылаулар батырдың ғажайып туу мотивін, алтай қаһармандық жырларындағы батыр бейнесін, қаһармандықтың мәдени кодтарын және «батыр» ұғымының ұлттық дүниетанымдағы орнын қамтыды.
Шомирза Турдимов ғажайып туу мотиві мен оның түркілік параллельдеріне, Надежда Ойноткинова алтай эпосындағы батыр бейнесіне арналған зерттеулерін ұсынды. Гүлнара Обаева мен Галиб Сайылов қаһармандықтың мәдени кодтарын, Жанат Сұлтанғалиева қазақ эпосында қаһарманды сомдаудың көркемдік дәстүрін қарастырды. Өзге баяндамаларда жасампаз қаһарман сипаты, мифоэпикалық сабақтастық, түс көру мотивінің көркемдік қызметі, Алшағыр бейнесі, демонологиялық түсініктер мен сакралды қорғаушы күштер талданды. Қаһармандық эпостағы арулар бейнесі мен «Қобыланды батыр» жырындағы әйел тұлғаларының дәстүрлі дүниетаныммен байланысына да назар аударылды.
Төртінші секция фольклорлық мұраны зерттеу, сақтау және қазіргі мәдени-рухани кеңістікте жаңғырту мәселелеріне арналды. Модераторлар Алмасбек Әбсадық пен Закирьян Аминев болды. Мұнда эпикалық дәстүрдің тұрақтылығы, мұра мен ұлттық бірегейлік байланысы, тарихи деректер, тілдік таным және эпосты оқыту жолдары қарастырылды.
Закирьян Аминев башқұрт материалдары негізінде эпикалық дәстүрлердің тұрақтылығын, Насриддин Назаров эпикалық мұраның бірегейлікті қалыптастырудағы орнын талдады. Алмасбек Әбсадық пен Жәмила Арықбаева «Тургайская газета» басылымындағы Қобыланды және Қобдағұл батыр туралы аңыздарды қарастырды. Сонымен бірге Құртқа бейнесімен байланысты эпикалық семантика, 1523 жылғы Астрахан оқиғасының қазақ эпосындағы көрінісі, жырдың лингвомәдени және когнитивтік ерекшеліктері, Ясауи мұрасымен рухани байланысы, «Едіге» эпосын білім беру кеңістігінде жаңғырту және Шернияз поэзиясындағы өршіл рух талқыланды. Жеке баяндамалар эпосты сақтау, зерттеу және кеңінен танытудағы жасанды интеллект мүмкіндіктеріне, сондай-ақ жоғары оқу орындарында жырды оқытудың тиімді әдістеріне арналды.
Конференция аясында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысушы ғалымдармен кездесті. Жүздесуде түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерттеудегі ғылыми ынтымақтастықтың маңызы және «Қобыланды батыр» жырының Ақтөбе өңірімен байланысы сөз болды. Қобыланды батыр мемориалдық кешені мен Нұрпейіс Байғанин бастаған жыршылық дәстүрдің өңірдің рухани өміріндегі орны атап өтілді.
Халықаралық конференция «Қобыланды батыр» жырын тарихи дерек, көркем туынды және ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын жыршылық мұра ретінде жан-жақты қарастыруға мүмкіндік берді. Пленарлық және секциялық талқылаулар эпостың мәтіндік мұрасын, түркілік байланыстарын, қаһармандық дүниетанымын және қазіргі қоғамдағы қолданысын өзара сабақтастықта зерделеуге арналды. Аударма басылымдардың таныстырылуы осы ғылыми жұмысты халықаралық оқырманға жол ашатын мәдени бастамамен толықтырды.















