ЖАҢАЛЫҚТАР

ҰЛЫЛАР ҮНДЕСТІГІ

18/05/2025

Бүгін Халықаралық музей күніне орай М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ұйымдастыруымен және Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі ұжымының қатысуымен «Ұлылар үндестігі» атты онлайн форматтағы әдеби-танымдық кездесу өтті.

Бұл шараның басты мақсатыАбай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасын жаңаша ғылыми-танымдық тұрғыда зерделеу, Абай музейі және Әуезов үйі арасындағы ғылыми-мәдени бағыттағы ынтымақтастығын нығайту, әдеби мұраларды сақтаудағы музейлердің рөлін жан-жақты таныту.

Кездесуді «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы директорының орынбасары Салтанат Амантайқызы Мұқатаева жүргізді. Арнайы өткізілген шарада:

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Ұлан Болатұлы Сағадиев;

«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Ермек Ханкей;

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Сейітжаппарқызы  Қайрамбаева;

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Нұр Жандосұлы Мағазбеков;

Ақын, аудармашы, белгілі ғалым Қайрат Жаңабаев;

«Жолшы» философиялық мәдениеттану клубының жетекшісі Нұржан Құлымжанов сөз алып, Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезовтің рухани және идеялық үндестігін, олардың мұрасын ғылыми тұрғыда зерттеу, музей жәдігерлерін сақтау мен ұрпаққа жеткізудің өзектілігін, сондай-ақ әдеби мұраны заманауи форматта насихаттаудың маңызын көтерді. Сонымен қатар, музейаралық ғылыми-мәдени ынтымақтастық дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесу соңында М. Әуезовтің өмір жолына арналған «М. Әуезов – 60 жас» атты деректі фильм көрсетілді. Фильмде жазушының шығармашылық кезеңдері, қоғамдық қызметі мен қазақ әдебиетіндегі орны жан-жақты қамтылған.