ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ұлттық мұра мен дәстүрлі өнер тоғысқан тағылымды кеш

16/04/2026

Алматы қаласындағы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен 16 сәуір күні Рахманқұл Бердібаев атындағы Халық университеті дәрісінің аясында Алаш рухты ағартушы-қайраткер, көрнекті әнші-композитор Қапез Байғабылұлының туғанына 130 жыл толуына арналған «Бұлбұл құстай сайраған…» атты дәріс-концерт өтті.

Мәдени-ғылыми мазмұндағы бұл кештің басты ерекшелігі – ғылыми пайым мен дәстүрлі өнердің табиғи сабақтастығын көрсетуінде болды. Іс-шараны Институттың бас директоры, ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов ашып, Қапез Байғабылұлы мұрасының тарихи-мәдени маңызына кеңінен тоқталды. Шараны фольклортанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы Медеубек жүргізіп, Қапез шығармашылығы мен әндерінің тарихына қатысты құнды мәліметтермен бөлісті.

Дәріс-концерт барысында әрбір музыкалық туынды тек орындалып қана қоймай, оның шығу тарихы, мазмұндық ерекшелігі мен дәстүрлі әншілік мектептегі орны жөнінде орындаушылар тарапынан қысқаша түсіндіріліп отырды. Бұл өз кезегінде көрерменге ұсынылған шығармаларды тереңірек қабылдауға мүмкіндік берді.

Кеш аясында орындалған шығармалар мен орындаушылар реті төмендегідей болды:

– Қапез Байғабылұлының «Дүние-ау» әнін Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазы;
– Шалтабай Алпарұлының «Шалтабайдың әнін» Ербақ Құрметжанұлы;
– Құланаян Құлманбеттің «Шабданға айтқанын» әнін Тілеулес Құрманғалиев;
– Асан ақын Барманбекұлының «Заманның түрі» әнін Барлыбай Нұралы;
– Бөлтірік Атыханұлының «Ел жарыла көшкенде» әнін Тілеулес Құрманғалиев;
– Жақыпберді Солтанбекұлының «Жақыпбердінің әнін» Рамазан Стамғазы;
– Рыскелді Сауданұлының «Күлімханға» әнін Салтанат Амантұр;
– Көдек Байшығанұлының «Қыздар-ау, иғай» әнін Қыбырай Үміт;
– Әбен сері Атамқұлұлының «Тоғам-ай!» әнін Нұртуған Абылайұлы;
– Шарғын Алғазыұлының «Балаларға аманатым» әнін Доғдырбек Ақнар;
– Сәдіғожа Мошанұлының «Ахау, қалаулым-ай!» әнін Доғдырбек Ернар;
– Күләй Бектайқызының «Күләйдің жауаптасуын» Әсет Ақмарал;
– Қапез Байғабылұлының «Меркі» әнін Қанағат Әсем;
– Қапез Байғабылұлының «Айхай» әнін Тоқсанбай Бақдәулет;
– Қапез Байғабылұлының «Қоштасу» әнін Рамазан Стамғазы орындап, кешті мазмұндық тұрғыда түйіндеді .

Кеш соңында Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов қорытынды сөз сөйлеп, Қапез Байғабылұлы мұрасының ұлттық мәдениеттегі айрықша орнын атап өтті. Қорытынды бөлімде дәріс-концертке қатысқан барлық қонақтар мен өнер иелеріне М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының арнайы алғыс хаттары табысталды.

Аталған дәріс-концерт ұлттық мәдени мұраны дәріптеу, қазақтың дәстүрлі ән өнерін ғылыми тұрғыда насихаттау және рухани құндылықтарды кеңінен таныту бағытындағы мазмұнды әрі тағылымды мәдени-ғылыми алаң ретінде жоғары бағаланды.