ЖАҢАЛЫҚТАР

Ұлттық әдебиеттің алтын ғасыры

24/10/2025

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі жазушы Сәбит Мұқановтың 125 жылдық мерейтойына орай М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен «Ұлттық әдебиеттің алтын ғасыры» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Конференция барысында Сәбит Мұқановтың шығармашылық мұрасы мен қазақ әдебиетіндегі орны жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, қазақ романының қалыптасу эволюциясындағы жазушының рөлі, оның әдеби-эстетикалық және қоғамдық көзқарастары сөз болды. Сонымен бірге С. Мұқанов мұрасының зерттелу тарихы мен текстологиялық мәселелеріне назар аударылып, ХХ ғасырдағы ұлттық әдебиеттің даму кезеңдері мен «алтын ғасыр» ұғымының ғылыми мәні сараланды. Сондай-ақ қазіргі әдеби үрдістер мен С. Мұқанов дәстүрінің сабақтастығы да талдау нысанына айналды.

Шарада төмендегі тақырыптар аясында ғылыми баяндамалар жасалып, естеліктер айтылды:

СЕРІК НЕГИМОВ, филол.ғ.д., Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проф.

«КӘДІМГІ БІР ҚЫДЫР АТА СИЯҚТЫ»

Жемиле КЫНАЖЫ БАРАН, доктор, проф., Анкара Хаджы Байрам Вели университеті

«ТҮРКИЯДАҒЫ СӘБИТ МҰҚАНОВ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕР (TÜRKIYE’DE SABIT MUKANOV HAKKINDA YAPILAN ÇALIŞMALAR)»

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, филол.ғ.д., проф., әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Абай орталығының бас ғылыми қызметкері

«СӘБИТ МҰҚАНОВ ЖӘНЕ 20-30 ЖЫЛДАРДАҒЫ ӘДЕБИ СЫН»

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, Қазақстанның құрметті жазушысы, филол.ғ.к., С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің аға ғылыми қызметкері 

«ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ ЭПИСТОЛЯРЛЫҚ МҰРАСЫ (СӘБИТ МҰҚАНОВ, ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ, МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН, МҰХТАР ӘУЕЗОВ, БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ ХАТ МҰРАСЫ)»

Мамай АХЕТОВ, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі, филол.ғ.к.

«ДӘУІР ШЫНДЫҒЫ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ІЗДЕНІС ҮНДЕСТІГІ»

Нұржұма ЕЛЕСБАЙ, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері

«БАЛУАН ШОЛАҚ» РОМАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ШЫНДЫҚ ПЕН КӨРКЕМДІК ШЕШІМ»

Конференция соңында қатысушылар қазақ әдебиетінің ғасырлық даму жолын, оның көркемдік, идеялық және рухани бағдарларын жан-жақты талқылады. Ғалымдар ұлттық әдебиеттің тарихи қалыптасуы мен бүгінгі бағыт-бағдарын саралай отырып, оны жаңа ғылыми көзқарас тұрғысынан зерделеудің маңыздылығын атап өтті. 

Конференцияға әдебиеттану, мәдениеттану, тарих және өнер салаларының жетекші ғалымдары мен жас зерттеушілер қатысты.