Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының құрылғанына 100 жыл толуына орай 13 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Тұңғыш ұлт театрына 100 жыл: дәстүр, жаңашылдық және көркемдік трансформация» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференция ұлт театрының ғасырлық тарихын, көркемдік даму жолдарын және театртану ғылымындағы өзекті мәселелерді кешенді түрде қарастыруды мақсат етті.
Іс-шара барысында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры директоры Еркін Тілеуқұлұлы Жуасбек конференция қатысушыларына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның құттықтау хатын жеткізді. Құттықтау хатта Ұлт театрының қазақ мәдениеті мен рухани кеңістігін қалыптастырудағы тарихи рөлі, ұлттық сахна өнерінің кәсіби деңгейге көтерілуіндегі маңызы және театрдың қазіргі заманғы мәдени үдерістердегі орны жоғары бағаланды.
Конференцияның алғашқы бөлімінде М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов құттықтау сөз сөйлеп, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының қазақ руханияты мен ұлттық тарихтағы айрықша мәніне тоқталды. Сондай-ақ Ұлт театрының халықтың тарихи жадын, көркемдік ойлау жүйесін және мәдени кодын сақтап, ұрпақ санасына сіңірудегі рөлін атап өтіп, театр мен ұлттық әдебиет арасындағы терең рухани сабақтастықты ғылыми тұрғыдан негіздеді.
Конференцияның негізгі бөлімінде отандық және Өзбекстан, Әзірбайжан және Қырғызстан елдерінен келген өнертанушы ғалымдар мен театртанушылар ұлттық театр тарихы, сахналық дәстүрдің қалыптасуы, актерлік және режиссерлік мектептердің эволюциясы, театртану ғылымының әдіснамалық мәселелері, сонымен бірге қазіргі кезеңдегі көркемдік трансформация үдерістері жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады. Баяндамаларда Ұлт театрының ХХ ғасырдағы қоғамдық-мәдени процестермен сабақтастығы, репертуар саясаты мен эстетикалық ізденістері кеңінен талқыланды.
Халықаралық ғылыми-теориялық конференция Ұлт театрының 100 жылдық мерейтойын тек мәдени оқиға ретінде ғана емес, ғылыми пайым мен кәсіби талдаудың нысаны ретінде қарастыруға мүмкіндік беріп, театртану саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салған маңызды алаңға айналды.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының шығармашылық ұжымын 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, ұлт руханиятын өркендету жолындағы абыройлы еңбектеріне толағай табыс, шығармашылық шабыт пен жаңа белестер тілейді.






