ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚОШ, БАБАЛАР СӨЗІНІҢ БАҺАДҮРІ!

30/04/2025

Бүгін қазақ елі белгілі ғалым, академик, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сейіт Асқарұлы Қасқабасовты ақтық сапарға шығарып салды.

Сейіт Асқарұлымен қоштасу рәсімі Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында өтті. Қаралы жиынға еліміздің әр өңірінен зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Қоштасу рәсімінде Қазақстан Республикасы Президентінің көңіл айту хатын ҚР Президентінің кеңесшісі, академик Бауыржан Жұмаханұлы Омаров оқыды. Мемлекет басшысының көңіл айту хатында Сейіт Асқарұлының ұлт руханиятына, отандық фольклортануға өлшеусіз үлес қосқандығы айтылады.

Қоштасу рәсімін М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ғалымның шәкірті Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов жүргізді.

Жиын барысында мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманұлы Абдрахманов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов, белгілі шығыстанушы ғалым, академик Болат Ешмұхамбетұлы Көмеков, фольклортанушы ғалым, профессор Шәкір Ыбыраев сөз алып, Сейіт Асқарұлының тұлғалық болмысы мен адамдық қасиеті, өшпес ғылыми мұрасы туралы толғаныстарымен бөлісті.

Қоштасу рәсімі барысында жиналған жұрт Сейіт Асқарұлымен бірге өткізген жарқын сәттерін еске алып, марқұмның рухына тағзым етті. Қазақ әдебиетінің қасиетті де еңселі ордасының – Жазушылар одағының алдында оқылған жаназадан кейін жиылған көпшілік Ғалым-ұстазды ақтық сапарына шығарып салды. Марқұмның денесі Кеңсай зиратына қойылды.

Сейіт Асқарұлының өмірі мен қызметі жас ұрпаққа бағыт берер биік өнеге ретінде мәңгі есте қалмақ.