2026 жылдың 14 сәуірінде Ғылым апталығы аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен «Қолжазба мұра және сандық дәуір: ғылыми жүйелеу, сақтау мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ қолжазба мұрасын сақтау, жүйелеу, ғылыми айналымға енгізу және цифрландыру бағытындағы өзекті мәселелерді талқылау, сондай-ақ ғылыми мекемелер арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту.
Дөңгелек үстелді Институттың Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА академигі Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов жүргізді.
Шараның бірінші бөлігінде Институтының Бас директоры Кенжехан Ісләмжанұлы, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы Нұрғалиева және «Ғылым ордасы» РМК Бас директорының міндетін атқарушы Азамат Әбубәкірұлы Нұршанов қолжазба мұраны сақтау мен зерттеудің өзектілігіне тоқталып, бұл бағыттағы институционалдық өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтерудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ ұлттық жазба мұраларды жүйелеу, ғылыми сипаттау және цифрлық форматқа көшіру ісі бүгінгі ғылым мен мәдениет кеңістігінің басым бағыттарының бірі екендігіне назар аудару қажеттілігіне тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, ҚР Ұлттық кітапханасы және «Ғылым ордасы» РМК арасында ғылыми ынтымақтастық жөніндегі үшжақты меморандумға қол қою рәсімі болды.
Аталған меморандум – қолжазба мұраларды сақтау, зерттеу және цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде үйлестіруге арналған стратегиялық құжат. Ол үш мекеменің ғылыми, ақпараттық және материалдық ресурстарын біріктіру арқылы ұлттық қолжазба қорын кешенді түрде зерттеуге, бірыңғай ғылыми-әдістемелік ұстаным қалыптастыруға және деректердің ортақ цифрлық базасын жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар меморандум аясында бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, қолжазбаларды ғылыми айналымға кеңінен енгізу, сирек қорларды сақтау мен жаңғырту, сондай-ақ мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру бағытында нақты жұмыстар жүргізу көзделген. Бұл келісім ұлттық мәдени мұраны сақтаудың заманауи моделін қалыптастыруға және ғылыми интеграцияны тереңдетуге негіз болады.
Шараның екінші бөлімінде қолжазба мұраларды ғылыми сипаттау, жүйелеу, каталогтау, цифрландыру және олардың қолжетімділігін арттыру мәселелері қамтылған бірқатар ғылыми баяндамалар жасалып, жан-жақты талқыланды. Атап айтатын болсақ:
Асқар Тұрғанбаев,
филология ғылымдарының кандидаты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Қолжазба және мәтінтану» орталығының директоры
«Қазақ қолжазбаларының Ұлттық реестрінің» тұжырымдамасы
Гүлшат Абикова,
ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі
ҚР Ұлттық кітапханасының қорында сақталған қазақ қолжазбалары
Еркежан Әли,
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы Сирек кездесетін кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиеттің кітапхана-музей бөлімінің басшысы
Орталық ғылыми кітапхана қорларындағы қолжазбалардың зерттелуі мен насихатталуы
Жұмашай Рақыш,
филология ғылымдарының кандидаты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Қолжазба және мәтінтану» орталығының жетекші ғылыми қызметкері
Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасын дайындау тәжірибесі
Ертай Біләл,
ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкері
ҚР Ұлттық кітапханасының қорында сақталған қазақ қолжазбаларының зерттелуі
Жиын қорытындысында қатысушылар қолжазба мұраны сақтау, жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу ісінде ғылыми мекемелер арасындағы үйлесімді ынтымақтастықты күшейтудің стратегиялық маңызын атап өтті. Сонымен бірге цифрлық технологияларды тиімді пайдалану арқылы ұлттық қолжазба қорын қолжетімді әрі жүйелі ғылыми ресурсқа айналдыру қажеттігі ерекше көрсетілді.
Аталған дөңгелек үстел ұлттық қолжазба мұрасын кешенді зерттеу мен сақтау бағытындағы өзекті мәселелерді талқылаған маңызды ғылыми алаң ретінде жоғары деңгейде өтіп, салалық ғылыми ынтымақтастықты жаңа кезеңге ілгерілетуге негіз қалады.







