ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қажығұмар Шабданұлының туғанына — 100 жыл

18/12/2025

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен 18 желтоқсан күні көрнекті жазушы, ұлт руханиятындағы айрықша тұлға Қажығұмар Шабданұлының туғанына 100 жыл толуына арналған «ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТЕГІ ДЕРЕКТІЛІК ПЕН КӨРКЕМДІК СИНТЕЗ» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Аталған ғылыми жиынның мақсаты – Қажығұмар Шабданұлының шығармашылық мұрасын ұлттық әдеби үдеріс аясында жан-жақты талдау, жазушы туындыларындағы тарихи шындықтың көркемдік шешімдерін, азаматтық ұстаным мен рухани еркіндік идеясының көрінісін қазіргі әдебиеттану тұрғысынан пайымдау болды.

Конференция «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында өтіп, жиынды М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов жүргізді. Кенжехан Ісләмжанұлы кіріспе сөзінде Қажығұмар Шабданұлы шығармаларының қазақ әдебиетіндегі орнына, жазушының тағдырлы өмір жолы мен көркемдік әлемінің ұлттық санадағы маңызына кеңінен тоқталды.

Конференция аясында Қажығұмар Шабданұлы шығармаларының көптомдық жинағының тұсаукесері өтті. Бұл басылым жазушы мұрасын жүйелі түрде ғылыми айналымға енгізу бағытындағы маңызды қадам ретінде бағаланды. Шараның алғашқы бөлімінде қаламгердің өмірі мен шығармашылық мұрасы кеңінен қамтылған конференцияға арналған құттықтау сөздер мен естеліктер айтылды:

  • Әлімғазы Дәулетхан – т.ғ.к., Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері;
  • Ғалым Қалибекұлы – жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары;
  • Еркін Ибрагимұлы Нұразхан – ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі;
  • Әмірхан Меңдеке – журналист, әдеби сыншы.

Сонымен қатар жазушыны көзі көрген замандастары Сәли Сәдуақас пен Жұмабек Өсер Қажығұмар Шабданұлының адамдық болмысы, тағдырлы кезеңдегі рухани беріктігі мен азаматтық ұстанымы туралы тағылымды естеліктерімен бөлісті. Бұл естеліктер жазушының өмір жолындағы күрделі кезеңдерді айқындай түсті.

Конференцияның негізгі бөлімінде Қажығұмар Шабданұлы шығармашылығы әртүрлі қырынан жан-жақты талданды. Атап айтқанда:

  • Руда Зайкенова, филология ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры
    «Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романындағы саяси қуғын-сүргін шындығы«
  • Алуа Василийқызы Таңжарықова, филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология факультетінің деканы
    «Қажығұмар Шабданұлы шығармаларындағы жатсыну мәселесі«
  • Алмас Ахметбекұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
    «Ұлт рухының ұлы суреткері және ақталмайтын «Қылмыс»
  • Бабақұмар Қинаятұлы, филология ғылымдарының кандидаты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері
    «Диссидент жазушы Сейітхан Әбілқасымұлының «Қуғын» өмірбаяндық романына антропологиялық көзқарас«
  • Айкерім Мурсал, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің PhD докторанты
    «Қылмыс» және «Пана» романдарындағы авторлық шеберлік пен көркемдік стиль«
  • Алмас Оралбек, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, PhD докторант
    «Тоталитарлық жүйе және адам тағдыры: Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романы негізінде«
  • Насихат Набиолла, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, PhD докторант
    «Қажығұмар Шабданұлы шығармаларының басылымдары туралы«
  • Ертіс Көлбайұлы Нұрқасым, Аягөз қаласы
    «Қажығұмар Шабданұлы шығармаларының насихатталуы«

Конференция аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – жазушының қызы Жайнар Қажығұмарқызының Институт қорына әкесінің қолжазбаларын ресми түрде тапсыруы болды. Осыған орай Қажығұмар Шабданұлы шығармалары негізінде арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, қаламгер мұрасының рухани және көркемдік құндылығы кеңінен таныстырылды.

Аталған республикалық ғылыми-теориялық конференция Қажығұмар Шабданұлы мұрасын қазіргі әдебиеттану кеңістігінде жаңаша пайымдауға, ұлттық әдебиеттегі тарихи шындық пен көркем ойлаудың өзара байланысын терең зерделеуге мүмкіндік берген мазмұнды әрі тағылымды ғылыми жиын болды.