Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен, Алматы облысы әкімдігінің, Ұлттық кітапхананың қолдауымен 21 қыркүйек күні «Қапез Байғабылұлы – ағартушы, әнші-композитор, тілші және ел мұрасын жинаушы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қайраткердің туғанына 130 жыл толуына арналған жиын оның өмірі мен қызметін архивтік, әдеби және музыкалық деректер негізінде зерделеуге арналды.
Конференцияны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы жүргізді. Шараның кіріспе бөлімінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хаты табысталды. Сонымен бірге белгілі ақын, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалиннің құттықтау хаты оқылды. Құттықтау бөлімінде ҚР Құрылтай депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанарбек Әшімжанов пен ҚР Құрылтай депутаты Нұрбақыт Теңізбаев сөз сөйлеп, Қапез Байғабылұлының мұрасын зерттеу мен насихаттаудың маңызын атап өтті.
Жиынның маңызды бөлігі М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының құрастыруымен жарық көрген, қайраткердің өмірі мен шығармашылығына арналған екі томдық басылымның тұсаукесері болды. Жаңа басылым Қапез Байғабылұлының сан қырлы мұрасын оқырманға кеңінен таныстыруға арналған.
Тұсаукесерден кейін конференция ғылыми баяндамалармен жалғасты. Тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Тұрғанжан Төлебаев «Алаш қозғалысының Жетісудағы өкілдері және Қапез Байғабылұлы» атты баяндамасында қайраткердің қызметін сол кезеңдегі қоғамдық үдерістермен байланыста қарастырды.
Қапез Байғабылұлының өмір жолын нақты деректер арқылы тануға арналған баяндамаларда архив пен қолжазба материалдарына назар аударылды. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, архивист Рашид Оразов «Қапез Байғабылұлы: өмірі мен қызметі архив деректерінде» тақырыбында баяндама жасады. Ал М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, PhD докторант Нұржұма Елесбай «Қолжазба қорындағы Қапез Байғабылұлы жазып алған Көдек ақынның өлеңдері» атты баяндамасында қайраткердің ел мұрасын жинаудағы еңбегін сөз етті.
Ғылыми талқылау Қапез Байғабылұлының өнері мен ағартушылық қызметіне қатысты тақырыптармен жалғасты. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Фольклорлық ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі, «Халық әні» кафедрасының доценті, PhD Бағлан Бәбіжан «Қапез Байғабылұлы әндерінің музыкалық формасы» тақырыбында баяндама жасады. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің докторанты Ертай Біләл «Қапез Байғабылұлының тілшілігі хақында» атты баяндамасында оның баспасөздегі қызметіне тоқталды. Философия докторы (PhD) Ақайдар Құрманбек «Қапез Байғабылұлының Ыстамбұлда білім алғандығы туралы» тақырыбын қарастырды.
Конференция аясында Қапез Байғабылұлының өміріне қатысты архивтік құжаттар мен «Тілші» газетінде жарияланған материалдар көрмесі ұсынылып, «Халқым деген Қапез…» атты деректі фильмнен үзінді көрсетілді. Жиында Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазы мен оның шәкірттері Қапез әндерін орындады.
Архивтік құжаттар, қолжазба мұралар, баспасөз материалдары мен әндер қатар қарастырылған конференция Қапез Байғабылұлының ағартушы, тілші, әнші-композитор әрі ел мұрасын жинаушы ретіндегі еңбегін кеңінен танытты.








