ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ғылыми журналды жетілдіру бойынша вебинар өтті

12/01/2026

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен 12 қаңтар күні «Keruen» журналын халықаралық Scopus, WoS дерекқорларына енгізуге дайындау мақсатында арнайы вебинар өтті.

Талқылау барысында гуманитарлық бағыттағы ғылыми журналдарға қойылатын Scopus, WoS талаптары, басылымның дербес ғылыми тұжырымдамасын жетілдіру, рецензия сапасын қамтамасыз ету, халықаралық ауқымды кеңейту, басылымның дәйектемелік индексін жоғарылату мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Шараның спикері — философия ғылымдарының докторы, профессор, рецензияланатын «Новые исследования Тувы» ғылыми журналының бас редакторы Чимиза Кудер-ооловна Ламажаа. Чимиза Ламажаа — гуманитарлық және пәнаралық зерттеулер саласындағы белгілі ғалым, халықаралық академиялық кеңістікте редакторлық және сараптамалық қызметі арқылы да кеңінен танылған тәжірибелі маман.

Вебинар аясында «Новые исследования Тувы”, “Keruen” журналдарының платформаларына салыстырмалы талдау жүргізіліп, дайындық жұмыстарындағы сәтті шешімдер мен осал тұстар сараланды. Қарастырылған басты мәселелер: редакциялық құрам, жарияланымды ұйымдастыру процесі, метадеректер сапасы, тілдік саясат, сондай-ақ халықаралық басылым мен жарияланым этикасы стандарттарына сәйкестік.

М.О.Әуезов атындағы атындағы Әдебиет және өнер институты мазмұнды сараптамалық баяндамасы, бағалы кеңестері мен ұсыныстары үшін Чимиза Кудер-ооловна Ламажаа ханымға алғыс білдіреді.