ӘУЕЗОВ ИНСТИТУТЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ақпараттық порталы

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ғылым және жоғары білім саласын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды

16/01/2026

2026 жылдың 15–16 қаңтарында Назарбаев университетінің базасында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен «Жоғары білім сапасын қамтамасыз ету: жай-күйі мен даму перспективалары» атты республикалық деңгейдегі форум өтті.

Аталған іс-шара Қазақстандағы ғылым мен жоғары білім беру жүйесінің қазіргі жай-күйін саралап, оның даму перспективаларын айқындауға арналған кәсіби диалог алаңы ретінде ұйымдастырылды. Форумға еліміздің жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, мемлекеттік мекеме басшылары, халықаралық сарапшылар және білім сапасын қамтамасыз ету, аккредиттеу саласының мамандары қатысты. 

Форумның секциялық және пленарлық отырыстарында ғылым және жоғары білім саласының жекелеген бағыттары бойынша нақты мәселелер қарастырылды. Атап айтқанда:

  • білім беру бағдарламаларын аккредиттеу және сапа мәдениетін қалыптастыру;
  • PhD докторанттарды даярлау сапасы және олардың ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін бағалау;
  • ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыру және ұлттық ғылыми журналдарды дамыту;
  • ғылым мен жоғары білім саласында цифрландыру үдерістерін енгізу, ғылыми деректер базаларын дамыту;
  • білім беру сапасын қамтамасыз ету және халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мәселелері қарастырылды.

Бұл форум ғылым мен жоғары білім саласының бүгінгі жай-күйін талдап, оның стратегиялық даму бағдарларын айқындауға арналған мазмұнды алаң болды. Отырыстар барысында ұлттық ғылыми жүйені күшейту, жоғары білім беру сапасын көтеру және университеттік ғылымды дамыту қажеттілігі айқындалды.