Әр жылдары жазылған өлеңдерінің толық нұсқасы
Әр жылдары жазылған поэмалары
Даналық көсемсөзі
Бізге жеткен әндері мен күйлері
Бізге жеткен хаттары
Абай шығармалары қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы және үзінділері
Жинақта жарияланған фотосуреттер
Өлеңдерінің және әндерінің алфавиттік көрсеткіші, кісі аттары мен қысқартылған шартты белгілер
Өркениетті елдерде әрбір классик қаламгердің академиялық толық шығармалар жинағының жарық көруі ұлт руханияты үшін үлкен мәдени құбылыс болып табылады. Мұндай басылымдарда суреткердің барлық әдеби, сыни, публицистикалық, қызметтік, эпистолярлық мұрасының қолжазба және баспа мәтіндері толық текстологиялық салыстырулардан өткізіліп, дәйекті деректермен, ғылыми-анықтамалық түсініктермен жарақталып, қалыпты ғылыми жүйеге түседі. Мәтінтану ғылымы тұрғысынан жете сарапталған академиялық басылым жазушы шығармашылығы жөніндегі қоғамдық пікірді бір арнаға тоғыстырып, қалың оқырман қауымнан бастап, мектеп бағдарламалары мен оқулықтарын дайындаушыларға, жазушы шығармашылығын насихаттаушылар мен зерттеушілерге бағдар ретінде ұстанатын түпмәтінге баланады. Классикалық мәтіннің өмір сүруінің өрісін кеңейтіп, оның отандық және әлемдік мәдениеттегі орнын айқындайды. Қаламгердің түрлі мақсаттағы жаңа басылымдарына темірқазық болып, ұлттық сөздік қордың құнарлы мәйегіне айналады.
Сондықтан әлемдік әдебиеттану ғылымында академиялық басылым даярлауға ерекше мән беріледі. Мәселен, Ресейдің «Пушкин үйі» («Пушкинский Дом») орыс әдебиеті институтында 40-тан астам классик ақын-жазушылардың басылымдарын қамтыған электронды кітапхана жинақталу үстінде.
Абай шығармаларының толық жинағын даярлап басып шығару ісі қашанда қиындығы мол, жауапкершілігі жоғары, аса күрделі шаруа болып келген, бола да бермек. Абай мұрасын жинақтап, саралап, жүйелеп басып шығарудағы өз кезіндегі белесті көптомдық еңбек болған ақынның екі томдық толық шығармалар жинағының жарияланғанына ширек ғасырдан асты (Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы, 1995).
Осы мерзім ішінде Абай мұрасына байланысты мұратануға қатысты соны деректер, тың көзқарастар, зерттеу бағыттарының жаңа өрісі ашыла бастады.
Абай шығармаларының араб әліпбиімен көшірілген қолжазба нұсқаларын ақынның 1909 жылғы тұңғыш жинағы жарық көргенге дейінгі және аталмыш кітап басылып шыққаннан кейінгі көшірмелер деп екі топқа бөлуге болады. Алғашқы топқа жататын 5 көшірменің үшеуі (1906, 1907, 1910) Абай шығармаларының түпнұсқасына баланып жүрген, Мүрсейіт Бікіұлының ақынның өз аузынан естіген немесе жазбаларынан хатқа түсіріп таратқан көшірмелері. Петербургтен кезінде академик Әлкей Марғұлан тапқан С.Шорманұлы мен В.А.Кудашев қолжазбалары да осы топқа кіреді. Қалғандары әртүрлі кезеңдерде 1909 жылғы кітаптың қайта көшірілген нұсқалары.
Әрине, бұл көшірмелердің қай-қайсысы болмасын мәтінтануда өзінше рөл атқаратын құнды мұрағаттар. Дегенмен, солардың барлығы әлі де толық қамтылып, өзара салыстырылып, жете сараланып, ғылыми айналымға толық түсе қойған жоқ. Абайтанушыларға енді ғана мәлім болып жатқан жаңа жазбалар да бар.
Кейінгі жылдары Абай заманына байланысты біршама архив деректері, Алаш арыстарының еңбектері, көзкөргендердің естеліктері, шетел қазақтарынан табылған материалдар жарық көруде. Тарихшы ғалым Амантай Исаұлы 1909 жылы Қазан қаласында басылып шыққан «Қазақ шиғырлары» деп аталатын жинақтан Абайдың сегіз өлеңін айналымға қосты («Абай» журналы, 1999, № 1). Бұл – осы уақытқа дейін абайтану ғылымының назарына ілінбеген дерек. Абайдың бұдан басқа да жаңа шығармалары, суреті табылды дегендей алыпқашпа ақпараттар естіліп жатады. Абайдың асыл мұрасын кезеңдік ғылыми сарадан өткізудің маңыздылығы тұрғысынан М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 2020 жылы «Жазушы» баспасынан шығарған Абайдың көптомдық академиялық толық жинағы ғылыми ортада да, жалпы жұртшылық тарапынан да оң бағаланған басылым болды.
Абай шығармаларының 1909, 1916, 1922 (Қазан, Ташкент), 1933, 1939–1940, 1945, 1954, 1957, 1961, 1977, 1995 жылдардағы басылымдарын салыстыра зерделесек, Абай шығармаларының жиналуы мен жариялануының күрделі де қиын жолдан өткенін көреміз. Солардың ішіндегі академиялық сипатқа ие басылымдарды, негізінен, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары көзі тірі кезінде М.Әуезовтің басшылығымен дайындаған.
Дегенмен, әр басылым сайын толығып, текстологиялық түзетулер енгізіліп келе жатқан Абай мұрасында әлі де түп-тиянағын таппаған сауалдар, заманның ырқымен қалтарыста қалған немесе өзгеріске түскен ақын сөздері, көшірмелерді түрліше оқудан кеткен жаңсақтықтар, жазбаға түсіру, басып шығару кезінде кеткен техникалық қателер жоқ емес.
Оның үстіне, кезінде Мұхтар Әуезовтің де қолына байлау, аяғына тұсау салған кеңестік идеология Абай шығармаларының мәтінін саралап, жинақтап, жүйелеп жариялау ісіне де өз салқынын тигізді. Мәселен, Абай шығармаларындағы Шығыс әдебиетінен келген сарындарға, дінге байланысты ұғым-түсініктерге, Абайдың дүниетану, адамтану іліміне қатысты өзіндік ұстанымдарына жете мән берілмегенін еске салсақ та жеткілікті. Абай шығармаларын орыс әдебиетінің аударма жаңғырығы ретінде тану, оның төлтумалығына күмән келтіру сияқты көзқарастар да болды.
Қазақ әдебиеттану ғылымында мәтінтану саласының кенже қалуы да бұл істі етектен тартпай қойған жоқ.
Абай шығармаларын алғаш жинақтап, жалпақ жұртқа таныстырған
1909 жылғы тұңғыш жинақтың Кәкітай, Тұрағұл қолымен сараланып,
Әлихан, Ахметтердің қолынан өткен қолжазбасы бізге жетпеді. Мүрсейіт Бікіұлы көшірмелерінің өзінде де мәтіндік ауытқулар аз емес.
Абай шығармаларының барынша түгенделіп, ғылыми жүйеленген басылымы 1933 жылы Қызылорда қаласында толық жинақ мәртебесінде жарық көрді. Жинақты құрастырып, алғысөзін жазған – Ілияс Жансүгіров. Басына бұлт үйіріліп жүрсе де, М.Әуезов Абайдікі екеніне көзі жетіп, көңілі сенген көптеген өлеңдерді осы жинаққа жаңадан қосты. Сол сияқты ақынның тұңғыш кітабына енбеген, әртүрлі көшірмелер мен басылымдарда шашыраңқы жарияланып жүрген Абайдың прозалық шығармалары да алғаш рет «Қара сөздер» деген атпен осы кітапқа топтастырылып берілді.
Қаншама рухани қыспақтан өтсе де, ел ішінде бертінге дейін қолжазба көшірмелердің табылып жатқандығы, ақын өлеңдерін бастан-аяқ жатқа білетін адамдардың да жиі кездесетіндігі Абай мұрасына деген халық ықыласының өте жоғары болғандығының белгісі. Соның нәтижесінде, құрдымға кете жаздаған асыл мұраның ұзын-ырғасы жинақталып, ел игілігіне айналды деуге болады. «Абай қалдырған мұраны тану керек, зерттеу керек дегенді бәріміз де түсіндік. Күннен – күн, жылдан – жыл өткен сайын осы істерге көңіл бөліп, зер салушының саны молайып келеді», – деп, қуана жазады ол жөнінде абайтану ілімінің іргетасын қалаушы (Мұхтар Әуезов. Шығармаларының 50 томдық толық жинағы. – Алматы, 2014. 15-т. 30-б).
Абайдың академиялық басылымын дайындауға деген талпыныс мерейтойлардың кезінде болса да оқтын-оқтын қолға алынып келеді.
Абай шығармаларына текстологиялық жұмыстар жүргізуде ақынның көзі тірісінде тасқа басылған түп мәтіннің болмауы қай кезеңде болмасын үлкен қиыншылықтар туғызып келді. Бізге жеткен жазба нұсқалардың әркелкілігі, оларды оқудағы мәтінтанушылар пікірлерінің ала-құлалығы істі тіптен күрделендіре түседі. Дей тұрғанмен, Абай шығармаларының алғашқы тасқа басылған ресми нұсқасы болып табылатын 1909 жылғы жинақтың маңызын ерекше атап өткен жөн. Өйткені Абай өлеңдерінің алғаш жинақталып жарық көруі осы жинақтан басталады және оны әзірлеуге Алаш көсемі Әлихан
Бөкейхановтың тікелей тапсыруымен Абайдың ет-жақын туыстары, шәкірттері Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұл Абайұлы, Мүрсейіт Бікіұлынан бастап ақын шығармашылығын жақсы білетін адамдар жұмыла атсалысқан. Сондай-ақ, Ә.Бөкейханов 1903 жылы Абайдың көзі тірісінде ақын тәржімасы жөнінде, кейіннен 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде ақын қазасына орай «Азанама» жариялайды (Ә.Бөкейхановтың ұсынысымен Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді жинақтап, жүйелеген К.Ысқақұлы болатын). Ал Ахмет Байтұрсынұлы алғашқылардың бірі болып баспасөз бетінде ақынның әдеби мұрасының қазақ өлең өнеріндегі даралығын айқындап, Абай өлеңдерінің философиялық, көркемдік-эстетикалық ерекшелігіне жан-жақты талдау жасайды. Олай болса, Абай шығармаларының алғашқы ресми басылымы саналатын аталмыш жинақтың жарық көруіне, ақын мұрасының үлкен ғылыми арнаға айналып, халық арасына кең таралуына Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынұлының айрықша ықпал еткенін баса айтуымыз қажет.
2020 жылғы Абай шығармаларының толық жинағында 1909 жылғы кітаптағы мәтіндер көшірме қолжазбалармен және кейінгі басылымдардағы нұсқаларымен салыстырылып, мәтінтанушылардың пікірлері қаперге алынып, редакция алқасында талқыланып, сараланды.
Мәтіндегі дүдәмал мәселелерді анықтауда аталмыш жинақ шыққанға дейін Абай шығармаларын көшіріп таратушылардың бүгінге жеткен жазбалары да назарға алынды. Мүрсейіт Бікіұлының түпмәтінге бара-бар көшірмелері, Тұрағұл Абайұлының бізге жеткен Абай мұрасына арналған қолжазбасы мен естеліктері сынды құнды көшірме-қолжазбалар 1909 жылғы жинақтағы қилы себептерден кеткен мәтіндік, орфографиялық – емле жаңсақтықтарын саралауда ғана емес, оған енбей қалған шығармаларды түгендеуде де үстеме мағлұматтар беретін бәсі жоғары материалдар. 1909 жылғы жинаққа әртүрлі себеппен енбей қалған өлеңдер мен «қара сөздер» деп аталатын прозалық шығармалардың дені осы көшірмелерде сақталған.
Сол сияқты, ескі қадім жазуында татар ағайындардың қолғабысымен басылған жинақтың бүгінгіше оқылуында да тартысты мәселелер аз емес. Бұл орайда, А.Байтұрсынұлы әліпбиімен қайта көшірілген қолжазбалардың да маңызы жоғары болды. Солардың ішінде Шығыс Түркістаннан табылған Шериаздан Марсековтің және әзірше «Хаткер-кәтіп» аталған беймәлім көшірушінің қолжазбалары да (ғылыми айналымға қосқан профессор Т.Жұртбай) қаперге алынды. Бұлар ‒ Абайдың 1909 жылғы жинағы мен Шәкәрімнің қолжазба дәптері салыстырыла отырып көшірілген қолжазбалар.
2020 жылғы жинақты даярлау барысында абайтану тарихындағы мәтіннамалық тәжірибе барынша ескерілді. Ең алдымен, осы уақытқа дейін жарық көрген басылымдар салыстырылып, қайта қаралды. Әсіресе, 1933, 1957, 1961 жылдардағы жинақтарға бас абайтанушы М.Әуезов енгізген жаңа шығармалар мен түсініктер пайдаланылды. Абайтану саласына сүбелі үлес қосқан Қ. Мұқамедханов, Б.Байғалиев, З.Ахметов, Ж.Ысмағұлов, М.Мырзахметұлы сынды көрнекті абайтанушы-ғалымдардың ғылыми ой-пайымдары назарға алынды. Сонымен қатар, аталмыш жинақты мазмұндық-құрылымдық тұрғыдан жүйелеуге кезінде Мемлекеттік сыйлыққа ие болған Абай шығармаларының 1995 жылғы жинағы мен ең соңғы толық басылымы негіз болды. Әрине, кеңейтілген текстологиялық салыстырулар негізінде шығармалардағы қара сөздердің М.Әуезов түзген жүйесі сақталды. Түсініктер түгелге жуық қайта жазылды. Абай мұрасының басылым көру тәжірибесінде алғаш рет тыныс белгілері бойынша арнайы, түбегейлі түзетулер жасалды. Мысалы, «Тайға міндік» өлеңінің екінші шумағының төртінші, бесінші тармақтары:
«Арт жағында,
Біз соған зар,
Боламыз деп білмедік», ‒
болып алдыңғы басылымдарда әрбір өлең жолы үтірмен бөлініп жазылады. Осы сияқты «Әбдірахманның әйелі Мағышқа Абай шығарып берген жоқтау» туындысындағы:
«Жүректегі жазылмас,
Тағдырдың салдың сызығын», ‒
дейтін қос тармақ та үтірмен беріліп келеді. Бұл жинақта осындай бір деммен (интонациямен) айтылып, бір ғана ойды білдіретін синтаксистік оралымдар өлеңнің мағыналық-құрылымдық тұтастығына сәйкес тыныс белгілері бойынша төмендегідей түзетілді:
«Арт жағында
Біз соған зар
Боламыз деп білмедік».
«Жүректегі жазылмас
Тағдырдың салдың сызығын».
Бұл жаңа жинақта Абай шығармаларының басым бөлігіне осындай пунктуациялық түзетулер көп жасалды.
Осы орайда, атап айта кетерлік бір нәрсе ‒ Абай шығармаларының бұл басылымын дайындау барысында текстологиялық тұрғыдан әзірге бір ізге түсе қоймаған немесе әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелерге де назар аударылды. Айталық, Абайдың 1945 жылғы жинағында алғаш басылған «Ойға түстім, толғандым» өлеңінде сол жарияланған кезінен бастап мағынасы мен қолданылуына М.Әуезовтің өзі де күмән келтірген «наз» деген сөз бар («Бәрі болды өзімнен// Тәңірім салған наз емес»). Сол басылымда шығарушылар тарапынан: «Мұны Қайым (Мұқамедханов ‒ ред.)» «наз» ба екен, жоқ, «аза» ма екен» деп жазады. Мұхтар Әуезов «аза» болмас па деп белгі қояды, әзірге «наз» деп жібердік» деген түсінік берілген. Содан бергі басылымдардың бәрінде бұл сөз сол түзетілмеген қалпында «наз» болып басылып келеді. Осы сөздің орнында тұруға тиіс болжалды нұсқаларды шығарманың жалпы контексімен байланыстыра екшей келіп әрі олардың лексикалық мағынасы мен стилистикалық қолданылу ыңғайына, қала берді, айтушының аузынан жазып алынған мәтіндегі сөздердің орфоэпиялық тұрғыда өзара тіркесу жосынына да сүйене отырып (наз(а) емес), редакция алқасы абайтанушы Т.Шапай ұсынған «наза» нұсқасын қабылдады. Яғни, бұдан былай жоғарыдағы тармақ «Тәңірім салған наза емес» деп оқылуға тиіс. Нақты қолжазба, көшірмесі жоқ бұл өлең мәтіні, жарияланған кезінен бері, алғаш рет түзету көріп отыр.
Тағы бір мысал: мәселен, көп жылдардан бері, ақынның қайсыбір басылымдарында, тіпті, 1995 жылғы екі томдық академиялық толық жинағында да Абайдың Лермонтовтан аударған «Шайтан» деген өлеңінің «Түгел білем қайда бар деп іздеген», сондай-ақ, «Онегин сөзінің» (Пушкиннен тәржімалаған) «Жамандығым жақсымнан екі еседен» деп басылып келген тармақтарындағы қате тіркестер («түгел білем», «екі еседен») осы басылымда жоғарыдағы ұстанымдарға және ертеректе шыққан (мыс., 1945) кейбір басылымдарға сүйеніп, түзетілді: «түгел білім» және «екі есе ден». Яғни, алдыңғы тіркес еуропа, орыс романтикалық әдебиетінің біраз үлгілерінен белгілі шайтан бейнесінің бір оқшау белгісіне нұсқаса, екіншісі Онегиннің өзіне өзі берген мінездемесіне қатысты сөз ‒ кейіпкер өз бойындағы жамандықтың жақсылығынан екі есе ден (басым, көп, артық деген мағынада) екенін айтып отыр. Аталған өлең жолдары бұл басылымда «Түгел білім қайда бар деп іздеген» және «Жамандығым жақсымнан екі есе ден» деп түзетілді. Тағы осындай бірқатар мәтіндік түзетулер мен реттеулер осы жинақтың өзіндік және бір ерекшелігі десек болады.
Академиялық басылымның екінші томында берілген Абайдың «қара сөздер» аталып кеткен ғақлиялық шығармалары да бұрын әр жерде жарық көрген нұсқаларымен салыстырылып, қайта қаралды. Жиі ұшырасатын араб-парсы сөздері мен діни терминдерге түсініктер (Т.Қыдыр, П.Әуесбаева) берілді. Әсіресе, Абай қара сөздерінің ішіндегі ең күрделісі болып саналатын 38-қара сөзі («Китаби тасдиқ» – «Иман кітабы») қайта аударылып, түпнұсқа транслитерациясымен қоса беріліп, ауқымды түсінік (Т.Қыдыр) жазылды. Ауытқулардың ықтимал дұрыс нұсқасы берілді.
Жинақ құрылымы музыка зерттеушісі, әнші Е.Шүкіман мұқият саралап, ғылыми түсініктерімен дайындаған Абайдың музыкалық мұрасымен толықтырылды (редакциясын қарағандар: Т.Қоңыратбай, Т.Шапай). Абайдың поэмалары да осы томға енді.
«Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы», «Сенатқа хат», Абай белсенді қатысып, қолын қойған «Қарамола съезінде қабылданған Ереже» мен ақынның туысқандарына жолдаған бірер хаты түпнұсқаларымен салыстырылып берілді.
Академиялық толық шығармалар жинағының үшінші томына ақынның тұңғыш жинағының (1909) литографиялық көшірмесі мен қазіргі қазақ жазуына түсірілген нұсқасы, он екі көшірме қолжазбаның кеңейтілген сипаттамасы берілді. Жинақ ауқымына сыймай қалған материалдар толығымен Институт сайтындағы «Абайтанудың көптомдық электронды кітапханасына» жинақталған.
Мәтіндерге текстологиялық салыстырулар жасап, ғылыми түсініктерді сараптан өткізуге ҰҒА академигі К.Матыжанов, филология ғылымдарының докторы Қ.Мәдібаева, филология ғылымдарының кандидаттары: Т.Шапай, П.Әуесбаева, Т.Қыдыр, магистрлер: Б.Тұрсынбайұлы, А.Жұматаева, Н.Мағазбеков қатысты.
Екінші томға енген қара сөздер мен басқа да прозалық шығармаларды жинаққа әзірлегендер – филология ғылымдарының кандидаттары С.Қорабай мен Т.Қыдыр.
Қолжазбалардың толық сипаттамасын жасап, 1909 жылғы жинақты қазіргі қазақ емлесіне түсірген, шығармалардағы араб-парсы сөздері мен діни терминдерге түсінік беріп, баспаға әзірлегендер – Т.Қыдыр мен П.Әуесбаева.
Шығармалардың әліпбилік және есімдер көрсеткішін, пайдаланылған әдебиеттер тізімін А.Жұматаева мен Н.Мағазбеков жасады.
Редакция алқасынан