abai2n

Абайдың Қара сөздері

Даналық көсемсөздердің аудио нұсқасы Әдебиет институтының студиясында жазылып алынған. Оқыған диктор Қазақ радиосының ардагері Аманжан Еңсебаев.

Қара сөздер

Бірінші сөз

Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық ‒ әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.

Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!

Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған азғана өмірімді қор қылар жайым жоқ.

Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайта­тұғын күйік.

Сопылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған сопылық?

Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпенен көрерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым.

Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.

Екінші сөз

Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді: «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы» деп. Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе – шаршап, жаяу жүрсе – демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, «бакалшік1 ноғай» деп. Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп. Орыс ойына келгенін қылады деген… не айтса соған нанады, «ұзын құлақты тауып бер депті» деп.

Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім.

Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһары жауласпайды. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін2, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп, сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда. Оның малдыларына, құзғын тамағымыз үшін, біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз. Біздің ең байымызды: «Сәнің шақшы3 аяғың білән пышыратырға қойған идән түгіл, шық, сасы қазақ», – деп үйінен қуып шығарады. Оның бәрі – бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері. Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз. Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?

___________________________

1 Ұсақ саудагер.

2 (آخره) – (а) [ахирәт] – ахирет, ақырет. Бұл жерде өлген кісіні орайтын кебін мағынасында.

3 Лас, былғаныш.

Үшінші сөз

Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз, қорқақ мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз, надан арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.

Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді. Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді. Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, байлық қызметінен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айырылған және біреуге тиіспек, я болмаса орынсыздығынан елден кетпек – әр қазақтың ойы осы.

Осылар біріне бірі достық ойлай ала ма? Кедей көп болса, ақысы кем болар еді, малдан айырылғандар көбейсе, қыстауы босар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей болса екен деп, әуелде ішімізбен қас сағындық. Әрі-берден соң сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластық. Осындай қастарға сөзім өтімді болсын және де ептеп мал жиюға күшім жетімді болсын деп, қызметке болыстық, билікке таластық.

Сонан соң не момынның баласы бөтен жаққа шығып, еңбек қылып, мал іздемейді, егін, сауданың керегі жоқ болады. Өз басын өзі осындай таласпенен кісі көбейтеміз деп партия жиғандардың бүгін біреуіне, ертең біреуіне кезекпен сатады да жүреді. Ұрылар тыйылмайды. Ел тыныш болса, оның ұрлығын ешкім сүйемес еді. Ел екі жар болған соң, кім ант ішіп ақтап, арамдығын жақтап, сүйеймін десе, соған жақ болып сүйеніп, бұрынғыдан ұрлығын әлденеше есе асырады.

Елдегі жақсы адамдардың бәрінің үстінен бекер, өтірік «шапты, талады» деген әртүрлі уголовный1 іс көрсетіп, арыз береді. Оған дознание2 – тергеу шығарады. Өтірік көрмегенін көрдім деуші куәлар да әлдеқашан дайындап қойылған, бағанағы жақсы адам сайлауға жарамасы үшін. Ол адам басын құтқармақ үшін жамандарға жалынса, оның да адамдығының кеткені, егер жалынбаса, тергеулі, сотты адам болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге түсіп өткені. Ол болыс болғандар өзі қулық, арамдықпенен болыстыққа жеткен соң, момынды қадірлемейді, өзіндей арам, қуларды қадірлейді, өзіме дос болып, жәрдемі тиеді деп, егер қас болса, бір түрлі өзіме де залал жасауға қолынан келеді деп.

Осы күнде қазақ ішінде «ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты. Оның мәнісі: «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалылығынан жетерсің» деген сөз. Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па?» деп елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпенен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен деп күні өтеді. Енді несі қалды?

Осы қазақ халқының осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң, менің ойыма келеді: Халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадәрлі орысша образование3 алған кісі болсын. Егер де орталарында ондай кісісі жоқ болса, яки бар болса да сайламаса, уезный начальник пенен военный губернатордың назначениесімен4 болады десе, бұл халыққа бек пайдалы болар еді. Оның себебі: әуелі – қызметқұмар қазақ балаларына образование беруге ол да – пайдалы іс, екінші – назначениемен болған болыстар халыққа міндетті болмас еді, ұлықтарға міндетті болар еді.

Уә5 және назначение қылғанда тергеуі, сұрауы барлығына қарамаса, өтірік арыз берушілер азаяр еді, бәлки жоғалар еді. Уә және әрбір болыс елде старшина басы бір би сайланғандық, бұл халыққа көп залал болғандығы көрініп, сыналып білінді. Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның Күл төбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын»6 білмек керек. Һәм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ.

Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады» деп. Оның мәнісі – тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере білінгендікпенен түссе, әйтпесе түспесе. Ол билерге даугер адамдар қалмай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді посредникке7 сайлап алып, біте берсе; егер оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен сайлап алып жүгінсе, сонда дау ұзамай, бітім болар еді.

_________________________

1 Уголовный (орыс.) ‒ қылмысты.

2 Дознание (орыс.) ‒ жауапқа шақыру.

3 Образование (орыс.) ‒ білім.

4 Назначениесімен (орыс.) ‒ қызметке тағайындау.

5 و– (араб) [уә] – жалғаулық: мен, менен, пен, пенен, және.

6 Жеті жарғы ‒ Тәуке ханның заңының жеті ережесі.

7 Посредникке (орыс.) ‒ екі жағына бірдей адам сайлап алу деген мағынада.

Төртінші сөз

Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил1 көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек. Осындай ғафилдік көп өткізіп, елемеген кісінің не дүниеде, не ахиретте2 басы бір ауырмай қалмаса керек.

Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет ша­руасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кеніш3 болса керек. Енді олай болғанда, үнемі уайым-қайғыменен жүре аламыз ба? Үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін. Уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қылдағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харекет4 табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!

Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де ‒ бір антұрғандық. Және әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі ‒ өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат5 көріп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады. Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау, Құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен, жүректен келмейді, қолдан жасап, сыртыменен бет-аузын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі.

Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.

Қулық саумақ, кез сүзіп, тіленіп, адам саумақ ‒ өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды.

__________________________

1 (غافل) – (араб.) [ғафил] – хабарсыз, бейқам, ғапіл.

2 (آخره) – (араб.) [ахирәт] – ақирет.

3 (گنج) – (парсы.) [гәнж] – кеніш, қазына.

4 (حرکت) – (араб.) [хәрәкәт] – қозғалыс, әрекет.

5 (عبرت) – (араб.) [‘ибрәт] – үлгі, ғибрат.

 

Бесінші сөз

Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады. Қазақтар: «Ә, құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!» деп тілек тілегенін өзім көрдім. Онысы – жас баладан гөрі өзі есті кісі болып, ескермес нәрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең, мақалдарынан танырсың: әуелі – «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал – адамның бауыр еті», «Малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Ердің малы елде, еріккен­де қолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым – береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Байдан үмітсіз – құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без» деген осындай сөздері көп, есепсіз толып жатыр.

Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм1 болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен.

Бұлардың жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ, жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?

____________________________

1 (معلوم) – (араб.) [мә‘лум] – мәлім, белгілі.

ТҮСІНІКТЕР

Қара сөздер Абай шығармашылығында ерекше орын алады. 1890 жылдардан бастап ақын қара сөзбен айтылатын өсиетті көп жазады. «Ғақлия» деп аталатын өсиеттері жасы ұлғайған шағында, 1890–1898 жылдары жазылған. Сол кезден бастап өлеңмен айтпақ болған ойларын қара сөзбен айшықтаған.

Абайдың қара сөздері жалпы тақырып, мазмұн жағынан алғанда, оның ақындық мұрасымен тығыз байланысты. Көп сөздеріндегі ойлар, пікірлер өлеңдерімен ұштасып, солардың мән-мағынасын кейде қайталап пысықтап, кейде әрі қарай жалғастыра дамытып отырады. Енді бірқатар жазбаларында ақын тың өрістерден ой толғап, табиғат пен қоғам құбылыстары, халықтың тарихы мен тағдыры, адамның жеке басының проблемалары жайындағы жаңа бір пайымдауларын алға тартады.

Бұл еңбектер жанрлық, стильдік жағынан да әралуан. Мұнда терең публи­цистикалық тебіреністер де, жүйелі философиялық толғаулар да, ойға оралымды нақыл сөздер де, ғибрат ретінде жазылған аңыз-хикая да, тарихи эссе-очерк те табылады.

Қара сөздер – Абай қаламынан туған жаңа прозалық жанр. Өмір тәжірибесінен бағамдалып, сын тезінен өткен терең ойлы, мағыналы философиялық нақылдарда «пәлсафалық-мораль, қоғамдық-публицистикалық, мысқыл-сын мәселелері бірдей кездеседі. Шебер қиыстырып, мейлінше тапқырлықпен айтылған бұл нақыл сөздерде кейде күнбе-күнгі тіршілік жайы, кейде кекті мысқыл немесе жабырқап-қайғыру сарындары естіледі. Абайдың бұл сөздері аз айтып, көп мағына беретін өткір тілді, өнегелі өсиет болып табылады» (Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 27-т. – Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2007. – 129-б.).

Абай прозалық шығармасының кіріспе бөлімі ретінде бірінші қара сөзінде: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» деп авторлық ойын түйіндеп, осы жанрға беріле кіріскенін мәлімдейді (Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы, 1995. – Т.2. – 158-б.).

Шын мәнінде Абай өлеңдеріне ынтық оқырман қара сөздерге ерекше ықылас танытып, көп көңіл бөлген. Осы ретте қара сөздер жазыла салысымен сауатты адамдардың қолына түсіп, сол күйі аман сақталып жеткен. Көбінесе ауызша тараған өлеңдермен салыстырғанда қара сөздердің көп өзгеріске ұшырамауы да осы себептен шығар.

«Қара сөз» деген термин Абай шығармаларында осы күйінде қолданылмаған. М.Әуезов «Абай» журналының 1918 жылғы №2 санында жарияланған «Абайдың өнері һәм қызметі» атты абайтану саласындағы тұңғыш өмірбаяндық-шығармашылық зерттеу мақаласында: «Абайдың басылмаған қара сөздері көп» деп алғаш рет «қара сөз» терминін қолданған (Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жина­ғы. – Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2007. – Т.1. – 63-б.). Мақала «Екеу» деген бүркеншік атпен Абайдың баласы Тұрағұлмен бірлесіп жазылғандығының өзі көп жайтты аңғартады. «Қара сөз» терминін Тұрағұлмен ақылдасып қолданысқа енгізуі де мүмкін.

М.Әуезов «Таң» журналының 1925 жылғы №4 санында «Абайдың қара сөз­дерінен» деген атпен жариялаған 21-ші қара сөз тақырыбына «қара сөз» терминін пайдаланған. Одан кейін Абай қара сөздері алғаш рет толық түрінде жарық көрген 1933 жылғы шығармалар жинағында жарияланған М.Әуезовтің «Абайдың туысы мен өмірі» зерттеу мақаласында осы сөз қолданылды. Содан бері ұлы жазушы­ның барлық зерттеулерінде және ғылыми әдебиетте «қара сөз» термині үнемі пай­даланылып келеді.

Абайдың қара сөздерін әдеби жанрлық жағынан көркем проза деуге де, философиялық трактат деуге де болады. Нақты айту қиын. Көне замандағы грек ойшылдарының өз шәкірттеріне айтқан әңгімелеріне де ұқсатуға болады. Шыңғыс ханның ақыл-тәрбие, өнегеге негізделген өсиеттері – «Білікке» де жақын. Бұл оқырманға бағытталып жазылған арнау сөз, ашық әңгіме, бұл сонымен бірге жеке адамның халық тағдыры аясындағы өзіндік ой толғамы да десек болады.

Абай ғақлиялары, яғни нақыл сөздері көлемі мен жазылуы жағынан әртүрлі 45 сөзден тұрады. Жалпы саны қырық бес бөлек шығарма. Бұлардың ішінде жеті қара сөз шағын болып келеді. Ол екінші, он алтыншы, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы, жиырма төртінші, отыз бірінші, қырық бесінші сөздер – осы қара сөздер топтамасындағы көлемі қысқа үлгілер болып табылады. Ал «Китаб тасдиқ» деген атпен жеке көшіріліп жүрген көлемі үлкен отыз сегізінші қара сөз жоғары адамгершілік, дін, мораль мәселелерін көтерген іргелі философиялық трактат деп нық айтуға болады.

Қара сөздердің түпнұсқа қолжазбасы сақталмаған. Кейбір деректер бойынша бұл қолжазба ақынның кіші баласы Зікәйілдің қолында болған, кейін қатал саяси қудалау кезінде Абайдың өз қолымен жазылған басқа да мұраларымен бірге жерге көміліпті де кейін табылмай қалыпты.

Қара сөздердің қазіргі нұсқасы 1906, 1907 және 1910 жылдардағы Мүрсейіттің көшірме қолжазбалары бойынша жарияланып келеді. Оларда сөздердің рет саны басқаша көрсетілген, ал жазылған мерзімдері жөнінде ешқандай дерек айтылмаған.

Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген алғашқы шығармалар жинағында өлеңдері мен поэмалары жарияланды да, қара сөздер енгізілген жоқ. Сол кездегі қалың оқырман түсінігіне қара сөздер мағынасы қиын тиеді деп ойлаған болуы керек, бұрыннан қисса, дастандар мен жырларды жаттап өскен дала халқына етене жақын өлең мәтіндері ұсынылған.

Кейін шығармалардың мағынасына қарай рет саны өзгертілген. Сол өзгерістер күні осы уақытқа дейін сақталып келеді. Ал жазылу мерзімдері жөнінде нақты мағлұмат жоқтығына қарамастан, 1945 ж. басылымда 1890–1899 жылдар арасы деген жорамал айтылып, сөздер рет санымен жылдар бойынша топтастырылған және томның түсініктер бөлімінде әр сөздің жазылған жылы жақша ішінде көрсетілген. Бірақ артынан бұл жөнінде даулы пікірлер айтылғандықтан, кейінгі басылымдарда жазылу мерзімі көрсетілмей келеді.

балармен салыстыру негізінде сөйлемнің алғашқы бөлігі былай деп түзетілді: «Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені…» (әрі қарай мәтін бойынша).

Жаңа басылымда осы өзгеріс Мүрсейіттің 1907 ж. қолжазбасымен салыс­ты­рылды. Осы қолжазбадағы мәтін мен 1995 ж. жинақтағы нұсқа негізге алынып, сол күйі берілді.

Абай қара сөздері 1933 жылы жарық көрген шығармалар жинағында ғана алғаш рет толық түрінде жарияланды. Оған дейін кейбір қара сөз үлгілері әртүрлі жинақтар мен мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрді. Рет саны бойынша бірінші қара сөз Абайдың 1916 жылы Орынборда жарық көрген «Абай термесі» жинағында алғысөз ретінде жарияланды. Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің басшылығымен Семейде бір жылдай шығып тұрған «Абай» журналының 1918 жылғы №1, 5, 7, 10 сандарында он төртінші, он жетінші, жиырма үшінші, жиырма тоғызыншы, қырқыншы сөздер алғаш рет жарияланып, оқырмандарға таныстырылды. Алтыншы сөз Семейде шыққан Алаш автономиясының органы – «Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы 14 қыркүйектегі №13 санында «Абай сөзі» деген тақырыпта алғаш рет жарияланды. Ал жиырма бірінші сөз Ташкентте шыққан «Таң» журналының 1925 жылғы №2 санында басылды.

Абай қара сөздерінің толық мәтіндері 1933 жылғы жинаққа енген нұсқа негізінде барлық басылымдарда сол бетінде жарияланып келеді.

Ақынның 175 жылдық мерейтойына орайластырылып дайындалған жаңа басы­лымда қара сөздердің 1906, 1907, 1910 жылдардағы Мүрсейіт қолжазбалары 1957, 1977, 1995 жылдардағы жинақтардағы нұсқалармен салыстырылып, текстологиялық жұмыстар жүргізілді. Соның барысында 1995 жылғы басылым негізге алынып, мәтіндік ерекшеліктерге байланысты олқылықтар түзетілді.

Бірінші сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 24 сөз (143-бет), 1907 ж. 23 сөз (14-бет), 1910 ж. 23 сөз (40-бет).

Алғаш рет «Абай термесі» жинағында (Орынбор, 1916) алғысөз ретінде жария­ланған. Жинақты дайындап бастырған ақын Самат Әбішұлы.

Самат Әбішұлы Нұржанов (1902–1945) Павлодар облысының Баянауыл ауданында туып өскен. Екі сыныптық орыс мектебін бітірген. «Әдебиет майданы» журналында, Қазақ телеграф агенттігінде қызмет істеген. Өлеңдері 1923 жылы Семейде шыққан «Қазақ тілі» газетінде жарық көрген. 1932 жылы «Жаз» өлеңі «Әдебиет майданы» журналында басылған. «Еңбек» атты тұңғыш жыр жинағы 1933 жылы Алматыда шыққан. Абай шығармаларын жариялауға қатысып, 1916 жылы «Абай термесі» деген атпен Қазанда кітап етіп шығарған.

С. Әбішұлы құрастырған жинаққа Абайдың бір ғана қара сөзі кірсе де, мұның өзі ол кезде зор жаңалық болды. Осыдан кейін ақынның барлық қара сөздерін тауып жинап шығару мәселесі қолға алынды.

Абайдың бірінші қара сөзі мен жеті өлеңінен тұратын бұл кітапша ұлы ақынның 1909 жылғы тұңғыш жинағынан кейін жарияланған негізгі басылым. Жинақты құрастырушы «Абай термесінде» Абай қара сөздерінің ішінен «бірінші сөзді» арнайы түрде «Сөз басы» деген айдармен беташар сөз ретінде ұсынған. Абай қара сөздерінің тұңғыш үлгі-өнегесі, төлнұсқасы баспасөз арқылы бүкіл қазаққа осы екінші жинақ арқылы танылған.

Бұл қара сөз «Абай термесі» жинағында алғысөз ретінде жарияланғаннан кейін 1939–1940 жж. екі томдық толық жинақтың II томына (1940) бірінші сөз болып енгі­зілген. Одан кейінгі Абайдың екі томдық жинақтарында осы нұсқа жарияланып келеді.

Бірінші абзацтың екінші сөйлемі 1977 жылға дейінгі бұрынғы басылымдардың бәрінде де қолжазба бойынша: «Енді ер ортасы жасқа келдік» деп басталады екен, 1977 жылғы басылымда мағынасына қарай «Енді жер ортасы жасқа келдік» деп түзетіліпті. Мүрсейіттің 1910 жылғы қолжазбасында «Енді жер ортасы жасқа келдік» деп дұрыс беріліпті. Соңғы екі басылымды (1977, 1995) құрастырушылар бұл қолжазбаны ескермеген.

Бұл басылымда 1995 ж. жинақтағы нұсқа 1907, 1910 жылдардағы Мүрсейіт қолжазбаларымен салыстыру негізінде еш өзгеріссіз берілді.

Екінші сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 27 сөз (147-бет), 1907 ж. 26 сөз (16-бет), 1910 ж. 26 сөз (44-бет).

Алғаш рет 1933 ж. жинақта екінші сөз болып басылған. 1907, 1910 жылдардағы Мүрсейіт қолжазбаларымен және 1957, 1977, 1995 жж. басылымдардағы нұсқалармен салыстыру жұмыстары жүргізілді.

Екінші абзацтағы: «бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді» деген тіркестерде «жаман келеді» деген сөздер бірсыпыра жинақтарда алынып қалған екен, 1977 ж. басылымда қолжазбалар негізінде қалпына келтірілген түзету 1995 ж. жинақта сол қалпында қабылданды. Жаңа басылымда еш өзгеріссіз берілді.

1995 ж. басылымда үшінші абзацта «сәудагерінің» деп қате берілген. «Сау­дагерінің» деп алдындағы басылымдар негізінде түзетілді.

Үшінші абзацтағы: «қазақтың өлісінің», «қуып шығарады», «біз құлы, күңі қадарлі де жоқпыз» деген тіркестер 1977 жылға дейінгі басылымдарда: «қазақтың өлгенінің», «қуып шығады», «біз күңі құрлы да жоқпыз» деп өзгертілген екен,
1995 ж. жинақта қолжазбалар мен 1945, 1977 жж. басылымдарға сәйкес бұрынғы қалпына келтірілді. Жаңа жинақта осы өзгерту қабылданды.

Үшінші сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 1 сөз (119-бет), 1907 ж. 1 сөз (1-бет), 1910 ж. 1 сөз (25-бет).

1933 ж. жарияланған алғашқы нұсқасы барлық басылымдарда жарияланды.

Осы сөздің жетінші абзацы 1977 ж. дейінгі басылымдарда 1910 ж. қолжазба не­гі­зінде «ондай кісі жоқ» деген сөздермен аяқталған екен. 1957 ж. және 1977 ж.
екі томдықта 1906, 1907 жж. қолжазбаларға сәйкес «ондай кісі аз, яки тіпті жоқ» деп түзетіліп берілген. 1995 ж. академиялық екі томдық жинақта осы өзгеріс қабыл­данған.

Жаңа басылымда осы нұсқа негізге алынды.

Төртінші сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 2 сөз (121-бет), 1907 ж. 2 сөз (5-бет), 1910 ж. 2 сөз (23-бет).

1933 ж. жинақта алғаш рет басылған. Мүрсейіт қолжазбасында екінші сөз
(22-бет) ретінде көшірілген. Текстологиялық салыстырулар негізінде еш өзгеріссіз жарияланып отыр.

Екінші абзацтың соңғы бөлігі 1977 ж. дейінгі басылымдарда: «орынсыз күл­кіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!» деп аяқталған екен, ал, 1977 ж. жинақта: «орынсыз күлкіменен азайтпа қайғыны, орынды қарекетпен азайт!» деп түзетіліпті. 1995 ж. академиялық екі томдық жинақта алғашқы басылымдардағы түзетулер қабылданған екен. Бұл басылымда осы сөйлем Мүрсейіт қолжазбаларымен қайта салыстырылып, 1995 жылғы өзгеріс сол қалпында қалдырылды.

Бесінші сөз. Мүрсейіт қолжазбаларында: 1906 ж. 3 сөз (122-бет), 1907 ж. 3 сөз (6-бет), 1910 ж. 3 сөз (25-бет).

1939 ж. жинақта алғаш рет жарық көрген. Содан бері барлық басылымдарда жарияланып келеді.

Осы сөздегі бірінші абзацтың екінші сөйлемінің соңы 1977 ж. дейінгі бірнеше басылымда «көзім көрді» деп аяқталыпты, 1977 ж. жинақта 1907, 1910 жж. қол­жазбалар бойынша, «өзім көрдім» деген алғашқы нұсқасы қалпына келтіріліп, 1995 ж. басылымда да сол түзету қабылданған. Жаңа жинақта осы нұсқа өзгеріссіз берілді.

Бірінші абзацтың үшінші сөйлеміндегі «ескермес нәрсесі жоқсып» деген сөздер 1954, 1957 жж. басылымдарда «ескермек нәрсесі жоқсып» деп қате басылған, 1995 ж. басылымда Мүрсейіттің 1906, 1907 жж. қолжазбалары мен 1945, 1977 жж. жинақтар негізінде түзетілген нұсқасы берілді. Бұл жолы да осы нұсқа қабылданды.

1977 ж. дейінгі басылымдардың бірқатарында екінші абзацтың екінші сөйлемінде бір топ сөз түсіп қалып, айтылар ойға едәуір нұқсан келтірілгені 1995 ж. жинақты дайындау барысында анықталды: 1945 ж. және 1977 ж. жинақтарды қолжаз

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы