АБАЙДЫҢ МУЗЫКАЛЫҚ МҰРАСЫ

Қазақ музыка мәдениетінің дамуында Абай Құнанбайұлының орны айрықша. Ол – көне музыкалық дәстүрді тың арнаға бұрып, қазақ музыкасының көркемдік тілін жаңа сапалық биіктікке көтерген және оның дамуында жаңа кезең қалыптастырған бірегей тұлға.

Абай өзінің музыкалық шығармалары арқылы поэзия мен музыканы біртұтас көркем формада ұштастырып, бұрын-соңды болмаған тың ырғақтық-ладтық интонация, айтушы мен тыңдаушы мәдениетін қалыптастырып, интел­лектуалды-эстетикалық кеңістіктің өрісін кеңейтіп, жаңа композиторлық мектептің негізін қалады.

muz

Абай шығармашылығы қазақ ән мәдениетінде ерекше тарихи кезеңнің басталуын айғақтайды. Сал-серілік дәстүрдегі бір тұлға бойында тоғысқан шығарушылық пен орындаушылық өнер Абай шығармашылығында жіктеле бастады. Алайда, Абай өзі шығарған әндердің алғашқы орындаушысы болғаны анық. Оның әндері әуелі авторлық үлгіде орындалып, кейін айналасындағы өнерпаздар арқылы халық арасына кең тарады. Ертедегі жазбаларда оның әндері Сыр бойы, Жайық өңірі мен Орынбор маңында да белгілі болды делінген. Ал қазақ даласының әр жерінде түрлі орындаушылардың айтуынан естіп-білген саяхатшылар мен зерттеушілер өз еңбектерінде «Татьянаның хаты» сияқты әндердің нақышына, поэтикалық мәнеріне тәнті болғандарын тамсана жазса (Дм.Львович), А.Н.Седельников Пушкин мен Лермонтовтан жасаған аудар­маларына айрықша тоқталып, қазақ поэзиясындағы жаңа ағымның өкілі ретінде бағалап, нәзік ырғақтағы «Татьяна хаты» әнін де тыңдауға болатынын атап өтеді.

Қазақ музыка этнографиясының екі ғасырдан астам тарихы бар екенін ескерсек, осы уақыт аралығында ән-күй, жыр-дастан, терме-толғау секілді қазақ музыка өнерінің әр саласы бойынша көптеген мұралар жинақталып, бірқатар құнды еңбектер жазылды. Алайда, осы зерттеулердің алғашқы жүз жылдығында шетелдік және орыс саяхатшыларының Абай әндерін алғаш тыңдаған сәттегі әсерін сипаттайтын жазбалар ғана болмаса, нотаға түсірілгені жайлы дерек жоқ.
Абайдың музыкалық мұрасының алғаш хатқа түсуі ХХ ғасырдың екінші онжылдығына тиесілі. 1919–1922 жылдар аралығында Ақмола өңірінде (Көк­шетау) А.Э.Бимбоэс Абайдың «Татьянаның хаты» және «Сегіз аяқ» әндерін нотаға түсіріп, 1926 жылы Ленинградтағы Орыс географиялық қоғамының
Н.Ф.Финдейзен басқаратын «Музыкалық этнография» жинағында жарық көрген «Қырғыздың 25 әні» атты мақаласының құрамында жариялаған. Алайда, бұл үлгілер А.Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» жинағы (1925) шыққаннан кейін ғана баспа бетін көрді.

А.Затаевич «Татьяна әнінің» бір нұсқасын, сондай-ақ «Абай», «Қор болды жаным», «Тілек батам» («Қарашада өмір тұр». Е.Ш.) атты шығармаларын «Қазақтың 1000 әні» жинағына енгізсе, «Өлеңді қайтіп қоярсың» әнін «Қазақ­тың 500 ән-күйі» жинағында жариялаған. Кейінгі зерттеулер нәтижесінде
В.Дернова, Б.Ерзакович, Ғ.Бисенова сынды ғалымдардың еңбектері негізінде Мәскеудегі М.И.Глинка атындағы Мемлекеттік орталық музыкалық мәдениет мұражайында сақталған А.Затаевич қолжазбаларынан Абайдың тағы 12 әні табылған. Бұл мұралардың барлығы түрлі ғылыми еңбектер мен жинақтарда жарық көрді.

Абай әндерінің алғашқы жарияланымдары мен кейінгі жинақталу кезеңінің арасы 10-15 жыл уақытты құрайды. Осы аралықта ақын әндерінің радио мен концерттік бағдарламада орындалуына тыйым салынған кезеңдер де болған. Б.Ерзакович: «…революцияға дейінгі басқа да көптеген ақындарға, кеңес әдебиетінің, ғылымы мен өнерінің алғашқы қайраткерлеріне деген сыңарезу қате саясат өріс алып, Абай әндерін концерттерде орындауға тыйым салынды. Абай әндері музыкалық хабарлар мен көпшілік концерттерде бағдарламадан алып тасталынып жүрді», – деп жазады. Осындай саяси-мәдени қиындықтарға қарамастан, 1934 жылы Ә. Қашаубаев композитор Е.Брусиловскийді арнайы шақырып, Абайдың «Қор болды жаным» және «Біреуден біреу артылса» әндерін нотаға жаздырған (Ерзакович Б. Мұхтардың Абай әндерін нотаға түсіртуі. Мақала. Аударған Ақтаев С. – Ақиқат. 1996, №11).

Осы жағдайлардан кейін ақынның музыкалық мұраларын жинақтау ісі 1935 жылдан бастап жүйелі түрде қолға алына бастады. Бұл іске ұйтқы
болған – М.Әуезов. 1935 жылы ол композитор Л.Хамидиді Абайдың інісі Ысқақтың немересі Әрхам Кәкітайұлымен таныстырып, ақынның 18 әнін жаздырады. 1938–1939 жылдары А.Жұбанов Абайдың немересі
М.Мұхаметжановадан 14 ән, Б.Ерзакович, Т.Арғынбаев, Ж.Елебеков,
М.Әуезов, Қ.Лекеров сынды өнерпаздардан 11-12 әнді хатқа түсіреді.

Жалпы, Абайдың музыкалық мұраларының хатқа түсуі мен сақталуына зор үлес қосқан тұлғаларды екі топқа бөліп қарастыруға болады. Бірі – жет­кізушілер, екіншісі – жинақтап, нотаға түсірушілер. Жеткізушілер қатарында Ә.Қашаубаев, Ә.Ысқақов, Т.Арғынбаев, Қ.Лекеров, Ж.Елебеков, М.Әуе­­зов, М.Мұхаметжанова, К.Байғұтов, Ғ.Сармурзин, Х.Демшінов, Ж.Стам­баев сынды әнші-күйшілер аталса, ал мұраны хатқа түсірушілер қа­та­рында А.Бимбоэс, А.Затаевич, А.Жұбанов, А.Серікбаева, Л.Хамиди, Б. Ер­закович, Е.Брусиловский, У.Бекенов, Қ.Жүзбасовтарды атауға болады. Осы бастамалардың негізінде Абай әндерінің кейінгі кезеңдерде үздіксіз жинақ­талуы жалғасып отырды. Бұған әртүрлі ғылыми институттар мен жоғары оқу орындары да сүбелі үлес қосты.

1958 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы жанынан құрылған фольклорлық зертхананың ұйымдастырған музыкалық-этнографиялық экспедициялардың алғашқы кезеңдерінде-ақ Абайдың көп­теген ән үлгілері жинақталып, жазылып алынса, 1960 жылы осы фольклорлық зертханада М.Мұхаметжанованың орындауында ақынның 20-ға жуық әні дыбыс жазбасына түсірілген. Ал М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 1984 жылы арнайы шақыртумен М.Мұхаметжанованың орындауында Абайдың 17 әнін дыбыс таспасына басып, ол жазбаларды Қ.Жүзбасов нотаға хаттап, тиісті жинақтарға енгізді.

А.Бимбоэс алғаш жазып алған кезден бүгінгі күнге дейін бір ғасырдан аса уақыт өтсе, осы кезең ішінде Абай әндерінің көптеген түрлері мен нұсқалары пайда болған. Түр-нұсқа санының арта түскенін әр жылдары шыққан жи­нақтар мен жазылған еңбектерден, табылған әндерден көруге болады. Мә­селен, Абайдың музыкалық мұрасы алғаш рет 1940 жылғы академиялық то­лық жинақтан бастап үш-төрт рет қана жарық көрді. 1940 жылғы жинақта 16 ән (нұсқаларымен 20) жарияланса, бұл 1945 жылғы жинақта қайталанып берілді. Ал жеке жинақ түрінде екі рет қана басылды. Алғаш 1954 жылы Б.Ерзаковичтің құрастыруымен шыққан «Абайдың музыкалық творчествосы» атты жинаққа 36 ән енсе, 1986 жылы шыққан «Айттым сәлем, қалам қас» жинағына 65 ән, 3 күй енген. Ал Ғ.Бисенова өз еңбегінде «Қазіргі уақытта түр-нұсқаларын қосқанда Абайдың шамамен 60 әні белгілі» – деп көрсетеді.

Бұл – ақынның 175 жылдығына дейін жарық көрген музыкалық мұралар саны. Алайда, бұлардың қайсысы Абайға, қайсысы басқа авторға тиесілі деген мәселе сараланып, салыстырылып, бір ізге түспеген. Бұл жинақтарда ақын сөзімен айтылған халық әуендері де Абайға тиесілі болып жарияланып, ақынның бір әні келесі бір әнінің сөзімен айтылып, ақын сөзімен айтылған жоқтау сарындары да Абайға телініп кеткен жайттар орын алған. Тағы бір мәселе, жоғарыда аталған жинақтарда жарық көрген Абай әндерінің бірқатары бүгінгі күнге дейін кәсіби орындаушылар тарапынан толық орындалып, кең көлемде насихатталған жоқ. Қазіргі таңда әншілер көбінесе Абайдың белгілі, санаулы ғана әндерін орындаумен шектелуде. Осы орайда, қазіргі заманғы өнер мен білім саласына қойылатын талаптар мүлде басқа сапалық деңгейге көтерілгенін ескерсек, Абай әндерінің де кәсіби деңгейде орындалып, жан-жақты насихатталуының қажеттілігі айқын көрінеді.

Ақын әндерінің соңғы жинақталып, жарық көруі – 2020 жылы Абайдың 175 жылдығы аясында жарық көрген шығармаларының академиялық толық жинағымен тығыз байланысты. Бұл – ақынның музыкалық мұрасының 34 жылдан кейін толық жинақталуы және академиялық жинаққа кең ғы­лы­ми түсінікпен тұңғыш рет енуі. Бұған 1919–1920 және 2020 жылдар ара­лығындағы барлық жинақтар мен ғылыми еңбектердегі ноталық үлгілер, фоль­клорлық зертханалар мен фонотека қорларындағы Абайға қатысты әндер барынша қамтылып, олардың әрқайсысына ғылыми түсінік берілді. Алайда, жинақталған шығармалардың түр-нұсқаларының саны алдыңғыдан да молайып, 150-ден асты. Бұл сол кездегі жағдайға байланысты көптеген деректердің қолға түспей, ақын мұрасын кең қарастыруға мүмкіндік болмаған тұстағы нәтижесі. Одан бергі уақытта ақынның музыкалық мұрасына қатысты зерттеу қайта қарастырылып, назардан тыс қалған деректер жинақталып, академиялық жинақ негізінде 2022 жылы «Көзімнің қарасы. Абайдың музыкалық мұрасы» деген атпен толықтырылып, жеке жинақ болып жарыққа шықты. Ал мұндағы музыкалық нұсқалардың саны 170-ке жуықтады.

Иә, Абай мұрасына сандық көрсеткіш тұрғысынан емес, сапалық және шынайылық өлшем бойынша қарау маңызды. М.Әуезов те «Абай сөзін көбейтеміз деп, көбік етіп алмайық», – деп ақын шығармаларына ұқыпты, мұқият әрі жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертеді (М.Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, Т.15. Мақалалар мен зерттеулер. – 1984. 147-бет (Қазақ ССР Ғылым академиясы. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты).

Ал бұдан кейінгі соңғы үш жылда Абайдың музыкалық мұрасына қатысты тағы да тың деректер табылды. Мәселен, 2024 жылы «Егемен Қазақстан», «Қазақстан дәуірі» газеттеріне жарияланған Ә.Қазақбаевтың «Жарқ етпес…» әніне қатысты «Абайдың жаңа әні табылды» мақаласындағы әннің ноталық үлгісі салыстырылып, әннің Абайға қатысы бар-жоқтығы қарастырылды.

Сондай-ақ, А.Ахметжановтың «Көзімнің қарасы» әні жөніндегі бұрын-соңды естілмеген деректері мен олардың басқа мәтінмен берілген нұсқалары да ескеріліп, ондағы ноталық үлгілерге де тоқталып, пікір айтылды. Жинақтың бұл басылымына оркестрлік үлгіде халық арасына кең тараған «Айттым сәлем, қалам қас», «Желсіз түнде жарық ай» әндерінің дәстүрлі орындаушылық үлгідегі Ж.Кәрменов айтуындағы нұсқасы енгізілді.

Сонымен бірге, «Татьянаның Онегинге жазған хаты» мен «Татьянаның сөзі» Абай шығармаларының әр кезеңдегі жинақтарында түрліше беріліп келген. Мәселен, «Татьянаның Онегинге жазған хаты» 1907 жылғы қолжазбада «Татьяна қыздың Онегинге айтқаны» деген атпен, «Татьяна сөзі» «Татьянаның Онегинге айтқаны» түрінде жазылған. «Татьяна сөзі» 1909 жылғы жинақта «Татьянаның қайғырған жауабы» деген атаумен жарияланған. Осы негіздерге сүйене отырып, 2020 жылы жарық көрген толық академиялық жинақ пен осы жинақталып отырған соңғы басылымда атаулық бірізділікті сақтау мақсатында аталмыш әндер «Татьянаның хаты» («Амал жоқ, қайттым білдірмей…») және «Татьянаның жауабы» («Тәңірі қосқан жар едің сен…») деген атаумен жүйеленіп берілді. «Музыкалық мұрасы» бөлімінде де осы негіздер ескеріліп, «Татьянаның хаты», «Татьянаның жауабы» деген атпен енгізілді.

Абайдың музыкалық мұрасы қазақ өнері мен руханиятының қайнар көздерінің бірі ретінде біртіндеп жинақталып қана қоймай, музыкалық-эстетикалық және ғылыми-теориялық тұрғыдан да зерттеліп, жан-жақты зерделене бастады. Абай әндерін ғылыми тұрғыда қарастыру ХХ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап қолға алынып, белгілі музыкатанушы ғалым­дардың еңбектерімен тығыз байланысты болды.

 

Атап айтқанда, А.Жұбанов, Б.Ерзакович, Г.Шомбалова, М.Ахметова, В.Дернова, Ғ.Бисенова, В.Беляев, З.Қоспақов, Ә.Байғаскина, Б.Ғизатов және С.Күзембаева сынды ғалымдар Абай әндерін жан-жақты талдауға өз үлестерін қосты. Бұл зерттеулер музыкалық абайтануда Абай әндерінің жаңа стилін тану (А.Жұбанов), әндерді жинау, нотаға түсіру, олардың авторлық түпнұсқаға жақындығын салыстыру, Абай әндерінің музыкалық стилистикасын зерттеу әдіснамасын қалыптастыру (В.Дернова), Абай енгізген жаңа өлең формаларының жаңа әуендік-ырғақтық құрылымдардың пайда болуына негіз болғанын кешенді түрде талдау (Г.Шомбалова), Абай әндерінің «қалалық демократиялық қазақ әні» деп бағалануы (В.Беляев, М.Ахметова), алдыңғы ғылыми пікірлер негізінде Абайдың музыкалық стилі туралы орныққан түсініктерді қорыту (Б.Ерзакович), композитордың музыкалық шығармашылығы алғаш жан-жақты толық қамтылып, көптеген әндерге кешенді талдау, жаңа ән стилінің жаңа речитативтің пайда болуымен байланыстырылуы (Ғ.Бисенова) секілді бағыттарда сарапталды.

Кейінгі жылдары бұл салада Ә.Сабырова мен А.Бердібаева сияқты зерттеушілердің еңбектері ерекше назар аудартады. А. Бердібаева Абай мен Жаяу Мұса әндерін поэзиялық құрылымы мен музыкалық көркемдігі тұрғысында салыстыра қарастырса, Ә.Сабырова Абай әндерінің көркемдік-композициялық құрылымын, поэзия мен әуен байланысын, сондай-ақ, философиялық мағынасын терең зерделеуге бағытталған ғылыми пайым­даулар ұсынды. Бұл еңбектер Абайдың музыкасына ұлттық танымның көрінісі, эстетикалық-философиялық жүйе ретінде қарауға мүмкіндік берді.

Кеңестік кезеңде Абайдың музыкалық мұрасының зерттелу бағыты ұлт-
тық болмысқа негізделмей, сол дәуірдің шектеулеріне тәуелді түрде жүргізілгені белгілі. Соның нәтижесінде біржақты тұжырымдар да орын алды. Оған кезінде А.Жұбанов, Ғ.Бисенова, С.Күзембаева сынды т.б. қазақ музыкатанушы ғалымдары сын көзбен қарап, қарсы пікір білдірген болатын. Соған қарамастан, бұл тұжырымдардың әлі де сақталып келе жатқаны аңғарылады. Қазіргі кезеңде Абайдың музыкалық мұрасын ұлттық дүниетаным, қазақтың төл интонациялық жүйесі тұрғысынан қайта пайымдау қажеттілігі туындап отыр. Болашақтағы зерттеулердің осы бағытта жүргізілгені орынды болмақ.

Абай әндерінің бүгінге дейінгі жету жолы мен мәтіндік және музыкалық сипаты ауызша дәстүрмен тығыз байланысты. Сондықтан да олардың түпнұсқа қалпында, яғни авторлық үлгіде өзгеріссіз сақталғанын анық сеніммен айту қиын. Ауызша-орындаушылық тәжірибе – репертуардың берілу, қабылдану және қайта жаңғыру үдерісінде әрдайым белгілі бір дәрежеде өзгерістер мен түрленулерге алып келетін фактор. Орындаушы тұлғалардың даралық ерекшеліктері, орындау машығы, талғамы Абай әндерінің интонациялық, ырғақтық немесе құрылымдық деңгейде өзгеріске ұшырауына ықпал еткені даусыз. Осыған орай, қазіргі кезеңде бізге жеткен Абай әндері олардың авторлық нұсқасы толық сақталған күйі емес, халықтық жад, орындаушылық дәстүр және ауызша тарату барысында өзгеріске түскен интерпретациялық нұсқалар екенін айтуымыз керек. Ал бұл түр-нұсқалар ішінен композитордың өз қолтаңбасын танып алу қиындық туғызатын іс. Және мұндағы ұққанымыз, әр әннің өмірі – оның орындалуында болса, нұсқасы – кімнің қалай орын­дауында екен де, әр жаңа нұсқа алдыңғы нұсқаны жоққа шығаруы және өзі де жоққа айналуы мүмкін. Музыкатанушы И.И.Земцовский: «Вариант (нұсқа) – бұл фольклордың ажырамас ерекше бөлігі. Оны фольклордың жаны мен тәні деп атауға болады. Себебі, нұсқалылықта фольклордың нағыз болмысы материалдық пішінде көрініс табады… Егер біз «вариант» (нұсқа) ұғымын зерделеуге тырысатын болсақ, онда белгілі бір тұрғыдан алғанда, «инвариант» (өзгермейтін, белгілі бір түпнұсқа немесе түпнұсқаға ең жақыны) ұғымын анықтау қажет», – дейді (Актуальные проблемы современной фоль­клористики. Сб. статей и материалов / Сост. В.Е.Гусев. Л.: Музыка, 1980).

Зерттеу барысында осы тұжырым негізінде әннің түрі мен нұсқаларын анықтау, сондай-ақ, нақты түпнұсқасы немесе түпнұсқаға жақын үлгісін ажырату барысында бірқатар сұрақтар туындады. Нәтижесінде, өзгеріске ұшырап жеткен көптеген түр-нұсқалар мынадай ғылыми негіздерге сүйене отырып сараланып, инвариант үлгісін анықтау жолдары белгіленді:

– Ең алдымен композитордың стильдік ерекшелігіне баса назар ауда­рылды;

– Екінші, композитордың тікелей ұрпақтарының жеткізуіндегі әндер жеке қарастырылды;

– Үшінші, ертедегі әншілер мен жеткізушілердің орындауындағы ноталық үлгілер салыстырылды;

– Төртінші, дауысы сақталған бұрынғы және кейінгі кәсіби орын­даушылардың айтуында сақталған әндер салыстырылып, сараланды.

Ал ақынның композиторлық стилінен алшақ әндер Абай әндерінің қатарына жатқызылмады. Мәселен, «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әнінің бір түрі Біржан салдың «Жамбас сипар» әнімен айтылса, фольклор­лық зертхана қорынан алынған «Көзімнің қарасы» әні Шәкәрімнің «Жиырма үш жасымда» әнінің әуенімен айтылған. Тіпті, «Айттым сәлем, қалам қас» жинағына ақын сөзіне жазылған жаңа заман композиторларының әндері де қосылып кеткен жағдайлар ұшырасады.

Абай әндерінің тарихы мен шыққан жылының нақты даталары туралы мәліметтер ғылыми айналымда нақты құжаттық дәлелдерге емес, негізінен ауызша естеліктер мен кейінгі зерттеушілердің тұжырымдарына сүйенеді. Әсіресе, әндерінің жарыққа шыққан жылдарына қатысты пікірлер әртүрлі және болжамды сипатта.

М.Әуезов: «Жеке әндерінің шығарылған жылдары дәлді мәлім болмаса да, әйтеуір жиыны 1886 жыл мен 1897 жылдар арасында шықты деседі. Тегі өлеңі қою шыққан жылдарда әндері де жарыса шығып отыратын
сияқты», – десе, Абайдың жақын серігі әрі шәкірті Көкбай Жанатайұлы: «1889–1890 жылдарда тыныштық алып отырғанда, барлық әндерін бір-ақ қыста, жазға салым шығарды», – дейді естелігінде. Ал абайтанушы ғалым А.Омаров: «Біржанмен кездескеннен кейін ғана (1888–1890) ән шығаруға ден қойып, санаулы жылдар ғана айналысқан, сазгерлікті ұзақ жылдар серік еткен деген жаңсақ ой туғызбаған жөн», – деп жазады. Аталған үш дерек­тің арасынан белгілі бір уақыттық үндестік байқалғанымен, шығарма­лар бойынша нақты хронология жасау әзірге мүмкін емес.

Осыған байланысты әндердің жинаққа орналасу реті осы академиялық жинақтағы өлеңдердің хронологиялық тізбегі бойынша берілді (2020 және 2022 жылғы жинақтарда 1995 жылғы жинақ негізге алынды). Бұл түсініктер бөлімінде де сақталды. Ал түсініктер әр әннің түр-нұсқаларының жазылып алынған жылдар ретіне қарай берілді.

Сонымен, атауы мен мәтіні бір, бірақ әуендік интонация, ырғақ, құрылым жағынан бір-бірінен алшақ болып келетін әнді «түр», сол «түрдің» өзгеріске түсіп, өзгеше өрнекпен айтылғандары «нұсқа» болып алынды. Түр ішіндегі нұсқа түсінікте №1.1 (бірінші түрдің бірінші нұсқасы) болып белгіленді. Ал мәтіні бөлек, әуендік жағынан ақынның белгілі бір әніне қатысты ән, сол шығарманың қатарынан қарастырылды. Мәселен, «Желсіз түнде жарық ай», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» секілді өлеңдері «Қараңғы түнде тау қалғыптың» нұсқалық әуендерімен айтылып жеткен. Яғни, бұл екі ән «Қараңғы түнде тау қалғып» әнінің түр-нұсқалары ретінде зерделенді.

Жинақ түсініктеріне қатысты тағы бір айта кететін жайт – ақынның А.С.Пушкиннен аударған Онегин циклына жататын «Татьянаның хаты» мен «Татьянаның жауабы» және «Онегиннің жауабы» мен «Онегиннің хаты» әндері әуендік және мәтіндік жағынан бір-бірімен өте тығыз байланысты болғандықтан, көп жағдайда бірге қарастырылды.

Алдыңғы жинақтар мен зерттеу еңбектеріндегі ноталық үлгілер түсінік­терде өзгеріссіз берілді. Ал бұрын ешқайда жарияланбаған, фольклор­лық зертханалардың қорынан алынған әндер домбыра бұрауына лайықталып нотаға түсірілді. Ішінара кейбір әндерді салыстыру үшін транспозиция жасалды. Инвариант үлгі ретінде таңдалып алынған әндердің барлығы дом­быра аспабына лайықталды және ән табиғатына байланысты кейбір әндердің өлшемдері мен дыбыс ұзақтықтары жүйесіне өзгеріс енгізіліп берілді. Сондай-ақ, берілген кейбір әндердің («Сегіз аяқ», «Сен мені не етесің», «Татьянаның хаты» мен «Татьянаның жауабы», «Онегиннің хаты» т.б.) мәтіндері қысқартылып ұсынылды.

Ән мәтіндеріне қатысты бір сөз, архивтік қорлар мен фонотекаларда сақталған әндер орындаушылар тарапынан көп жағдайда мәтіндік өзгеріске ұшыраған. Мәселен, Қ.Байжанов орындауындағы «Қараңғы түнде тау қалғып» пен М.Мұхаметжанова айтуындағы «Мен көрдім ұзын қайың құла­ғанын» әні түсініктер бөлімінде айтылуы бойынша беріліп, мәтіндік өзгерістеріне салыстырмалы түсініктер жазылды. Осылардың арасынан инвариант ретінде белгіленген нұсқаларға академиялық мәтіні қойылды. Ал әннің ырғақ жүйесіне байланысты өлең бунақтарының орны ауыстырылып айтылған ән мәтіндерін түзетуге тырыспадық (М.Мұхаметжанова. «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» / Жапырағы сарғайып, өлімсіреп, Байғұстың кім тыңдайды жылағанын – Сарғайып жапырағы өлімсіреп, Кім тыңдайды байғұстың жылағанын). Бұл басылымда ән мәтіндері мен пунктуациялық белгілер осы жинақ негізінде жазылып, қойылды.

Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап Ғ.Сармурзин, Х.Демшінов, Ж.Стамбаев сынды орындаушылардың жеткізуімен Абай күйлері табылып, қайта өмір бастағаны белгілі. Бүгінгі күні ол күйлердің қазақ музыкасында өз орны қалыптаса бастады. Дегенмен, Абай күйлері дегенде қарама-қайшы пікірлер де жоқ емес. Бұрын айтылып, жазылғандықтан ескеру міндет болып, 2020 жылғы академиялық толық жинаққа «Желдірме», «Май түні», «Торы жорға», «Майдақоңыр» секілді Абайға тиесілі деп келген төрт күй толық еніп, осылардың ішінде «Май түні» мен «Торы жорға» күйлерінің У.Бекенов хаттаған ноталық үлгілері берілген еді. Ал 2022 жылы жарық көрген «Көзімнің қарасы» жинағына семейлік күйші-ұстаз С.Малаевтың Ғ.Сармурзин орындауынан тікелей түсірген ноталық үлгісі қатар беріліп, ол үлгінің Ғ.Сармурзин орындауындағы түпнұсқалық негізімен бір екендігіне сүйеніп және көркемдік деңгейі анықталып, С.Малаев үлгісі I нұсқа, У.Бекенов үлгісі II нұсқа болып енген болатын. Бұл басылымға осы келтірілген дәлелдерді арқау ете отырып, ең бастысы – әлеуметтік желі жүйесіндегі телеарнаның «Алтын қор» сайтына жарияланған Ғ.Сармурзин орындауын негіз қылып, музыкалық біртектілікті сақтау және ғылыми-музыкалық айналымда Абайға тиесілі делінетін күйлердің тікелей жеткізушінің орындауындағы үлгінің болуы басшылыққа алынып, С.Малаев түсірген бір ғана негізгі үлгісі берілді.

Сондай-ақ, Ә.Қазақбаев мақаласы мен мақалаға негіз болған этнограф А.Балғожиннің қолжазбасында «Желдірме» атты екі күйдің берілуі және күйлерге қатысты этнографтың «…Оба эти пьесы могут исполняться как в отдельности, так и вместе, образуя как бы 2-х частную форму. II-й вариант в отличие от 1-го исполняется в сопровождении голоса, причем в качестве поэтического текста используется стихотворение Абая «Не алмас қыран бүркіт» – деген түсіндірмесі негізінде Қазақстанның Шығыс өңірінде халық­тық ән, күй сарындарына Абай өлеңдерін қосып орындау үрдісі болғандығын, бұл тұрғыдан алғанда, әуенінен Мәдидің «Үшқарасы» мен Зілқараның «Жиырма бес» әнінің интонациясы жиі көрінетін 1977 жылы Х. Демшіновтен жазылып алынған «Желдірме» күйін де Абайдың төл туындысы ретінде қабылдауға ғылыми негіздің әлсіз екендігіне байланысты тұжырым жасалып, «Желдірме» күйі жинақтың бұл басылымынан алынып тасталды.

Қорыта айтқанда, «Абайдың музыкалық мұрасы» екі негізгі бөлімге бөлінді. Бірінші бөлімде – жоғарыда аталған ғылыми және практикалық талаптарға сай сараланып, талданған әндердің инвариант үлгілері мен күйлердің ноталық жазбалары ұсынылды. Бұған Абайдың 24 әні еніп, оның 11-і екі түр-нұсқада берілді. Сонымен бірге, «Май түні», «Торы жорға», «Майдақоңыр» күйлері енді. Екінші бөлім – «Түсініктер». Алдыңғы жинақтарда бұл бөлімнің өзі «Әндер», «Күйлер» және зерттеу барысында Абай сөзімен айтылған бұрыннан белгілі-белгісіз бірқатар халық әнінің үлгілері анықталып, мазмұндық сипатына қарай «Абай сөзімен айтылған халық әндері» және «Дастандар» деп аталатын төрт тарауға жіктелген болатын. Бұл басылымда «Әндер» мен «Күйлер» бөлімі ғана қалдырылып, қалған екі тарау жұлдызшамен бөлінген қосымша түсінік ретінде ғана белгіленіп, оған «Ескендір», «Масғұт» дастандарының тағы бір-бір нұсқалары қосылып, түсінік жазылды.

Ақынның академиялық толық жинағына алғаш қосылып отырған «Музыкалық мұрасы» бөлімін әзірлеп, музыкалық салыстырулар жасап, түсінігін жазған – Е.Шүкіман. Бөлімнің әдеби редакторы – филология ғылымдарының кандидаты Т.Шапай, музыкалық редакторы – филология ғылымдарының докторы, өнертану профессоры Т.Қоңыратбай.

Еркін Шүкіман

 © Әуезов институты, 2023-2026

Әуезов институтында әзірленген қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары шығармаларының академиялық басылымдарының онлайн нұсқасы