Бізге жеткен Абайдың әндері мен күйлері
Амал жоқ, қайттым білдірмей,
Япырмау, қайтіп айтамын?
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын.
Талайсыз, бақсыз мен сорлы
Еріксіз аттап ұяттан,
Қорлыққа көндім бұл құрлы,
Байқалар халім бұл хаттан.
Әлімше мен де ұялып,
Білдірмен дедім өлсем де.
Шыдар ем күйіп, мен жанып,
Айында бірер көрсем де.
Бұл жерде ешкім сырымды
Білмейді, айтып не етейін.
Жақтырмай бұзсаң нұрымды,
Білдірмей күйіп өтейін.
Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі – алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс.
Күтемін сізден қайта хат,
Қуандырып дертім жаз.
Ол болмаса, шыныңды айт,
Кінә өзімде, өзіме аз.
Таңғажайып бұл қалай хат,
Мағынасы алыс, өзі жас?
Сөзі орамды, әрі түрі жат,
Және әдепті, және рас.
Жас жүректің толқынын дөп
Жаза алыпсың толтырып.
Бойды жеңіп бұл асыл леп,
Тұрды титық көп құрып.
Тіл буынсыз, бой – таза гүл,
Ақылы артық, ары зор.
Ол – перизат, ойла, өзің біл,
Не болады болса қор?
Ішім өлген, құр денем сау,
Босқа үрейім жүр менің.
Жарамайды бекер алдау,
Теңің емес мен сенің.
Пенде көрген бар қызықтың
Бәрін ішкен сұм жүрек
Айныған соң, сен жолықтың,
Айтып-айтпай не керек?
Мен – жаралы жолбарыспын,
Жұрттың атқан оғы өтіп,
Сен есірке, сорлы жаспын,
Шын сөзіме рақым етіп.
Құп білемін, сізге жақпас
Ескі жара білтелеу.
Ақ жүрегің енді ұнатпас,
Мезгілі жоқ қай медеу?
Ықтиярсыз мұңды сезім
Кетті ыршып жолыңа.
Мазағыңа бердім өзім
Өз басымды қолыңа.
Өлі бойға жан жүгірді,
Қайратым құрыш болды, нан.
Мұз жүрегім май сықылды
Еріп, от боп күйді жан.
Қор қылуға Құдіреттен,
Жүрегіме түсті өрт.
Тайды аяғым ескі серттен,
Түсті емсіз қатты дерт.
Он сегіз мың бұл ғаламның
Бар тынысы күнде тұр.
Мен сықылды сорлы адамның
Ықтияры сенде тұр.
Сен бетіңді әрі бұрсаң,
Шықты көзім, болды көр.
Жанды аларсың разы болсаң,
Біздің орын – қара жер.
Тәңірі қосқан жар едің сен,
Жар ете алмай кетіп ең.
Ол кезімде бала едім мен,
Аямасқа бекіп ең.
Талақ етіп бұл ғаламды,
Болды мәлім кеткенің,
Кінәсі жоқ жас адамды
Қатты соққан не еткенің?
Елжіреген жас емес пе ем?
Еппен айтсаң жұбатып.
Мен ғашыққа мас емес пе ем?
Кетсең еді ұзатып.
Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем.
Тірі қалдым, өлмей әрең,
Қатты батты тырнағың.
Бұл кінә емес, әншейін наз,
Сағынамын, айтамын.
Досың-ақпын, тағдыр араз,
Толғанамын, қайтемін.
Ғашық-ақпын еш күмәнсіз,
Ырыс емес, сор үшін.
Көрісуге шыдамаспыз,
Айрылалық сол үшін.
Жарым жақсы киім киіп,
Келді жанға жылы тиіп.
Диуана болды бұл көңілім,
Басылмай бір құшып, сүйіп.
Бойым тұр дал болып ұйып,
Көңілім жүр құс болып шүйіп.
Есіркеп сүйгізіп еді,
Кетіппін жүз есе күйіп.
Қылдың арам ойыңды,
Бір бұрмадың мойныңды.
Сен ақылмен көңіліңді
Тыйып, жеңдің бойыңды.
Мен бұрылып түзеле алман,
Қайтсін дедің сорлыңды…
Атам, анам – қара жер,
Сен аша бер қойныңды.
Сенен басқа еш жерден
Таба алмадым орнымды.
Татьяна хаты, Татьяна жауабы. XIX ғасырдың 80-жылдарының аяғы Абай шығармашылығының жемісті жылдары болды. М.Ю.Лермонтов, А.С.Пушкин, И.А.Крылов, А.А.Дельвиг, В.А.Крылов (Р.Ливенштейн) секілді орыс ақындарынан жасалған аудармалар да осы жылдардың үлесіне тиеді. Солардың ішінде А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан аударған циклды өлеңдерінің орны бөлек. Олар әнге айналып, ел ішінде «Тәтіштің әні» деген атаумен де кең таралды. Ақынның бұл аудармалары шәкірттерінің бірі Әсет Найманбайұлына да әсер еткен, оның «Евгений Онегинді» нәзира дәстүрімен жырлағаны белгілі. Ән турасында К.Ысқақұлы: «Абай қазақша өлеңмен «Онегинді» перевод қылды. Қазақ ортасына қатты жайылып кетті. Қазақтар Татьянаның хатын бек таңсық көреді» [50, 104–112], – десе, М.Әуезов: «Татьяна мен Онегин образдарының биік поэтикалығына, шынайылығына ғажап қалған Абай олардың тарихын баяндайды, олардың ұлы қастерлі сүйіспеншілігінің бағалылығын баса көрсетеді және оны қазақ жастарының ұғымына жақындатады. Абай версиясында «Евгений Онегин» эпистолярлық роман түріне ие болған», – дейді [51, 54]. «Татьяна әнінің» қазақ даласына кең таралғаны жайлы Дм. Львович (Иванов), А.Н.Седельников секілді орыс саяхатшылары да тамсана жазған [52, 160–181], [53, 204].
Абайдың Онегин мен Татьяна туралы әндері музыка зерттеушілерінің үлкен қызығушылығын тудырып, назарын аударды. А.Жұбанов, Г.Шомбалова, В.Дернова, Б.Ерзакович, М.Ахметова сияқты музыкатанушылар көптеген ғылыми зерттеулер жүргізіп, талдаулар жасап, еңбектер жазды. Әндердің қазақ арасына кең таралғаны сонша, музыкатанушы В.Дернова 1960 жылдардың өзінде: «Жалпы алғанда Онегин циклынан он екі ән жиналып отыр», – дейді [54, 80]. Бүгінгі күні Татьянаға арналған әндердің саны одан да көп. Алайда қазіргі дәстүрлі орындаушылар репертуарында «Татьянаның әні» деп бір-ақ ән орындалады, ол – «Татьянаның жауабы» (Тәңірі қосқан жар едің сен). Бүгінге дейін зерттеушілерден басқа осы әндердің қайсысы «хаты», қайсысы «жауабы» екенін ажыратып, оның қайсысы қай әнмен айтылатынына үңілген орындаушы жоқ.
Абайдың Онегин циклына жататын «Татьянаның Онегинге жазған хаты» (Амал жоқ қайттым білдірмей), «Онегиннің Татьянаға жауабы» (Таңғажайып бұл қалай хат), «Онегиннің Татьянаға жазған хаты» (Құп білемін сізге жақпас) және «Татьяна жауабы» (Тәңірі қосқан жар едің сен) өлеңдері ән түрінде айтылып, кең таралды. Аталған туындылардың атаулары Абай шығармаларының әр кезеңдегі жинақтарында түрліше беріліп отырған. Мәселен, 1907 жылғы қолжазбада «Татьянаның Онегинге жазған хаты» шығармасы «Татьяна қыздың Онегинге айтқаны» деген атаумен кездессе, «Татьяна сөзі» аталатын ән «Татьянаның Онегинге айтқаны» түрінде жазылған. Ал 1909 жылы жарық көрген тұңғыш ресми жинақта бұл туынды «Татьянаның қайғырған жауабы» деген атаумен жарияланған. Осы негіздерге сүйене отырып, 2020 жылы жарық көрген толық академиялық жинақ пен осы жинақталып отырған соңғы басылымда атаулық бірізділікті сақтау мақсатында аталмыш әндер «Татьянаның хаты» («Амал жоқ, қайттым білдірмей…») және «Татьянаның жауабы» («Тәңірі қосқан жар едің сен…») деген атаумен жүйеленіп беріліп отыр.
Сонымен, Онегин циклына қатысты сөз жинақтарда жарияланып келе жатқан жүйе бойынша және әннің алғаш хатқа түсу ретіне қарай «Татьянаның Онегинге жазған хаты» (Амал жоқ қайттым білдірмей), қысқартып айтқанда, «Татьяна хатынан» бастап қозғалады. Татьянаға қатысты әндердің мәтіні мен әуені араласып кеткендіктен, «Татьяна хаты» мен «Татьяна жауабы» бірге қарастырылады.
№1.1. «Татьяна хаты» – Абай әндері ішіндегі алғаш хатқа түскен екі әннің бірі. Оның АСҚ жинағы бойынша бүгінгі күнге дейін төрт түр-нұсқасы жетіп отыр. Ақын түпнұсқадағы буын санын сақтауға тырысқан. Осы өлеңнің өзіне тиесілі әуенін түпнұсқадағы кейбір шумақтардың сөзімен орысша айта беруге де болады. Ол жайлы В.Дернова да: «Аударма «Татьяна хатынан» басталуы да мүмкін. Біздің ойымызша, біріншіден, түпнұсқаның стопасын (бунақ, ырғақтық топ. Е.Ш.) сақтауға ұмтылғандық, екіншіден, мелодияның кейінгі кезде Онегин циклындағы барлық өлеңдердің негізгі әні болғандығын айтып береді», – дейді [4, 113]. Өлең 4 тармақты 19 шумақтан тұрады. Құрылымы – 5+3 бунақты, ұйқасы – abab.
«Татьянаның хаты» әні алғаш 1920 жылдары А.Бимбоэстің жазып алуымен хатқа түсіп, «Қырғыздың 25 әні» мақаласына еніп, 1926 жылы «Музыкалық этнография» жинағында мәтінсіз жарияланған. Алайда осы ән Н.Құлжановадан жазылып алынған деп айтылады. Оны айтып отырған себебіміз, әнді жазып алған уақыттан төрт-бес жыл бұрын, яғни 1914 жылы 26 қаңтар күні Н.Құлжанова Семей қаласында Абайдың өмірден өткеніне 10 жыл толуына байланысты әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырып, ақын мұрасы жөнінде баяндама жасайды. Сол кеште Абай әндерін орындаушы, насихаттаушы әнші Әлмағамбет Қапсәләмов Абайдың «Татьянаның хаты», «Айттым сәлем, қалам қас», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» әндерін орындаған. Жүсіпбек Аймауытов Біржан сал рөлін, Тұрар Қозыбағарова Сараның рөлін сомдап, Біржан мен Сараның айтысын сахналайды.
Неге екені белгісіз, кейбір еңбектерде Семейде өткен Абай кеші А.Бимбоэстің «Татьянаның хатын» жазып алған 1920-жылдармен байланыстырылып, «әнді А.Бимбоэске орындап берген Н.Құлжанова» болып беріліп келеді. Себебі, В.Дернова, Ғ.Бисенова, Б.Ерзакович еңбектерінде, АМТ, АСҚ жинақтарының түсініктерінде және Н.Құлжановаға қатысты еңбектерде осылай жазылып жүр. Бірақ ешқайсысында нақты дерек көрсетілмеген. Н.Құлжанованың А.Затаевичке екі ән жаздырғаны рас. Ол туралы «1000 ән» жинағында жазылған [35, 344, 506]. Кейбір ауызша деректерде 1919 жылы Н.Құлжанова күйеуі Колчак әскерінің қолынан қазақ тапқаннан кейін, көп ұзамай С.Сейфулиннің шақыруымен Ақмолаға ауысып, сонда фольклор жинаумен айналысқан. А.Бимбоэспен «Сегіз аяқ» әнін айтып берген М.Нұрабаевтың үйінде кездесіп, А.Бимбоэс әнді Н.Құлжановадан сол жолы жазып алған делінеді. Бірақ А.Бимбоэске ән жаздырғаны туралы негізгі дереккөз табылмады.
АМТ жинағына «Татьяна хаты» әнінің екі түрі беріліп, Бимбоэс нұсқасы соның ІІ түрі болып мәтінсіз жарияланған [5, 28].
№1.1. Бимбоэс мақаласындағы мәтінсіз берілген алғашқы нота жазбасы:
А.Бимбоэс жазып алған нұсқа көріп отырғанымыздай, марштық ырғаққа құрылған. Ән «Татьяна хаты» деп жазылып алынғандықтан, нота астына ақынның осы өлеңінің мәтіні қойылып, музыкалық тәжірибе жасалынды. Алайда, өлең буындарының әуенге сәйкес келмейтіндігі көрінді.
Бұл әнді кім жеткізсе де, «Амал жоқ қайттім білдірмей» сөзімен айтпағаны анық. Ғ.Бисенова монографиясында «Татьяна хаты» (Амал жоқ қайттым білдірмей) II түрі ретінде мәтінсіз ұсынылса [7, 142], АСҚ жинағына «Татьяна жауабының» І түрі болып енген [6, 49]. Алайда, нәзік сезім мен ішкі толғанысқа негізделген мөлдір лирикалық шығармаға марш екпінінің қолданылуы ерекше назар аударарлық. Ал марш – әскери немесе салтанатты сипаттағы музыкаға тән ырғақ. Бұл көркем поэтикалық мазмұн мен музыкалық форманың арасындағы сәйкессіздік диссонанстық әсер тудырады.
№1.2. Абай әндерін алғаш нотаға түсіргендердің бірі – А.Затаевич. Жоғарыдағы Бимбоэс жазып алған ән түрінің тағы бір нұсқасын А.Затаевич Ж.Аймауытовтың орындауында нотаға түсіріп, «1000 ән» жинағында «Абай (ІІ)» деген атпен мәтінсіз жариялаған [35, 314]. Бұл да АСҚ жинағына «Татьяна жауабының» ІІ түрі болып енген.
№1.2.(а). Ж.Аймауытов нұсқасының АСҚ жинағында «Татьяна жауабымен» берілуі:
№1.3. Осы нұсқалардың бірін Л.Хамиди 1935 жылы Семей қаласында «Тәңірі қосқан жар едің сен» деген атпен Ә.Ысқақовтан жазып алған. 1940 жылғы жинақта «Тәңірі қосқан» [10], АМТ жинағына «Тәңірі қосқан жар едің сен» болып, өлеңнің алғашқы жолы бойынша берілген. АСҚ жинағында «Татьяна жауабының» V түрі болып берілген. Үш нұсқаның алғашқы тактілерінде кездесетін интонациялық секірістер, VI сатыдан бастап жоғары өрлеуі, дамуы, т.б. аздаған өзгерістері болмаса, бірдей деп айтуға болады.
Н.Құлжанова (А.Бимбоэс), Ж.Аймауытов (А.Затаевич) және Ә.Ысқақовтардың (Б.Ерзакович) орындауындағы «Татьяна хаты» (АСҚ жинағында «Татьяна жауабы») әндерінің салыстырмалы нотасы
Бүгінгі айтылып жүрген түрімен салыстырсақ, екі бөлек ән. Жоғарыда нотасы берілген үш әннің ішкі иірімдерінің ауысулары болмаса, негізі бір, тіпті, бір ән деп айтуға болады. Осынша сырлы, нәзік лирикалық өлеңнің марш ырғағымен орындалуы – таңғаларлық. Әннің осы нұсқасына байланысты зерттеушілер де пікірлерін білдірген. Г.Шомбалова: «Бұл мелодия Абайдың «Ішім өлген, сыртым сау» әніне өте жақын келіп, өзінің сипаты мен ритмикасы жағынан «Татьяна хатының» мазмұнымен де, құрылысымен де үйлеспейді» [4, 93], – десе, А.Затаевич: «Абай әндерінің музыкалық құндылығын бағалауым негізсіз болмау үшін мен Аймауытов сияқты саналы да білімді әншіні куәгерлікке алдым, бірақ оның әуеніндегі ретсіз, келте қайырылған марш ырғағы – қырғыз (қазақ) музыкасына жабылған жаладай көрінеді» [35, 404], – дейді Ж.Аймауытовтан жазып алған әнге берілген түсінікте.
В.Дернова өзінің ертеректегі бір мақаласында «Ішім өлген, сыртым сау» әнінің әуені «Татьяна жауабының» негізгі әуені деген пікірде болған. Бірақ кейін бұл ойынан бас тартып, әннің қандай жағдайда басқа әннің әуеніне ауысып кетуі мүмкін екені жөнінде үш түрлі себеп айтады: «Мұңлы-зарлы «Татьяна сөзі (жауабы)» әшкерелеуші «Ішім өлген, сыртым сау» өлеңінің марш тәрізді мелодиясымен қалайша қалыптасқандығы қайран қалдырды… Айқын ашықтығы жағынан мүлдем үйлеспейтін мелодиямен «Татьяна сөзінің (жауабы)» қалыптасуы қалайша болды? Мүмкін болуға бірінші себеп – өлшемнің ортақтығы: «Татьяна сөзі (жауабы)» де «Ішім өлген, сыртым сау» сияқты төрт стопалы хореймен жазылған. Мүмкіндіктің екінші себебі – екі мелодияның алғашқы дыбысының ладтық жалпылығы және жоғарыдан төмен қарай мелодия бағытының (әрине, жалпы алғанда) бірдейлігі. Екі әнді бірінен бірін ажырататын көптеген елеулі детальдар роль атқарудан қалып, жалпылық сипаттар басымдырақ мағына алатындығын байқауға болады. Мұның нәтижесінде жинаушылардың екі рет жазып алған «Ішім өлген, сыртым сау» мелодиясымен орындалатын «Татьяна сөзі (жауабы)» пайда болады. Тағы үшінші себептің де болуы мүмкін. Абайдың Онегиндік цикл өлеңдерінің бірінде, атап айтқанда, «Онегиннің Татьянаға жауабында» төртінші шумақ «Ішім өлген, құр денем сау» деген сөздерден басталады. Халықтың орындаушылық тәжірибесінде «Ішім өлген, сыртым сау» мәтінін «Онегиннің Татьянаға жауабымен» ауыстыру орын алуы мүмкін. Сонымен өлең өлшеміндегі өзгешеліктер де тегістеліп кетуі мүмкін» [9, 114–115], – деген пікір айтады.
Иә, ән «Ішім өлген, сыртым сау» әнінің әуенімен айтылған. Жоғарыдағы зерттеушілердің пікірлерінің де орны бар. Дегенмен, бұл қазақтың ертедегі кез
келген әнді кез келген қара өлең сөзімен айта беретін әдеттің әсерінен де болуы мүмкін.
№1.4. Консерваторияның фольклорлық зертхана қорында сақталған Ғабиден Жаудиннің орындауындағы «Татьяна жауабы» да дәл осындай марш ырғағында айтылған [15], [16]. Алайда әуенінде лирикаға тән тартымдылық бар.
Қорытындылай келе, марш тәріздес бұл әуендерді Татьянаға қатысты әндердің санатына қосу қиын. «Татьяна хаты» «Ішім өлген, сыртым сау» әнінің әуенімен орындалып, тарап кеткенге ұқсайды. Бүгінгі күні «Татьяна жауабы» бұл әуенмен орындалмайды.
№2.1. А.В.Затаевичтің Абай әндерін нотаға түсіру жолындағы алғашқы әннің бірі – «Татьянаның хаты». Бұл әнді ол 1922 жылы Петропавл қаласында қазақ театр труппасының режиссері Осман Қашағановтың орындауында жазып алған. Аталған үлгі Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағында жарияланған [35, 91].
Алайда жазып алынған нұсқада Абайдың төл әндеріне тән емес «ахау, сәулем» секілді халық әндерінде көрініс табатын одағайлар кездеседі.
№2.1(а). Ғ.Бисенова: «Ән интонация жағынан халық әні «Бір балаға» ұқсайды. Бұл әннің Абай әндеріне қатысы бар ма деген сөздер де болған. Осы себептермен ән АМТ жинағына қосылмай қалды», – десе [7, 62], Г.Шомбалова: «Бұл мелодияға «Ахау, сәулем» сөзін енгізіп, оның негізгі шумағына екі тактілі қайырма-қорытынды қосылуы, сондай-ақ мелодияның барлық сымбаты мен оның бүкіл құрылысы «Татьяна хаты» текстін орындау үшін қазақтың нағыз халықтық мелодиясын пайдалануы ықтимал деп болжауға мүмкіндік береді» [4, 93], – дейді. Бірақ Шомбалова пікірімен келісу қиын. Себебі, О.Қашағановтан жазып алған «Татьянаның хатын» түпнұсқа үлгі ретінде емес, Абай сөзіне шығарылған және халық жадында сақталып, өңделіп айтылып жүрген халықтық нұсқа ретінде қарастыруымыз керек. Бұл – Абай шығармаларының халықтық сипат алып, ауызша дәстүр арқылы таралғанын айғақтайтын маңызды мысалдардың бірі.
Халықтық нұсқадағы әндер жайлы алдағы қосымша бөлімде айтылады. Бұл әуен жайлы В.Дернова да: «Екі әуеннің біреуі де Абайдың «Татьяна хатының» мәтініне сәйкес келмейді. Затаевич жазбасы жұмбақ күйінде қалады. Біледі деген адамдардың ешқайсысы бұл жөнінде айтып бере алмады. Затаевич қателесіп, Абайға қатысы жоқ әуенді жазып алған жоқ па деген сөздер де айтылды» [54, 81], – дейді. Солай бола тұрса да, АСҚ жинағына «Татьяна жауабының» ІІІ түрі ретінде мәтіні қойылып жарияланған [6, 49].
№2.2. В.Дернова зерттеу жұмыстары кезінде Мәскеудегі М.И.Глинка атындағы музыка мәдениеті музейіндегі А.Затаевич қолжазбасынан Татьянаға қатысты бір әннің табылғанын айтады. Оның бұл ән жөнінде берген деректері әртүрлі. 1960 жылғы мақаласында: «1921 жылы Орынбордағы рабфак студенті С.Мұқановтан жазып алған, қолжазбада «Абай Құнанбаев. «Татьянаның хаты» деп жазылған» [54, 83], – десе, 1967 жылы шыққан «Народная музыка в Казахстане» жинағында: «А.Затаевич 1922 жыл 17 ақпан күні Мәскеуде С.Мұқановтан жазып алған» [9, 33], – деп, басқаша дерекбереді. В.Дернова кейіннен С.Мұқановтың өзінен сұрағанында 20-шы жылдары Солтүстік Қазақстанда «Татьянаның екінші хатын» (Татьяна жауабы. «Тәңірі қосқан жар едің сен») осы әуенмен орындағанын айтқан. «Алайда, бұл әуеннің «Татьяна жауабымен» қалай үйлестіріліп орындалғанын есіне түсіре алмады» [54, 84], – деп жазады. Бұл да алдыңғы әннің (2.1) бір нұсқасы.
Әннің бұл нұсқасы ПРН және АСҚ жинағында жарық көрген. АСҚ жинағының түсініктерінде нотаға түсірілген уақыты 1930 жыл деп көрсетілген. Ән ПРН жинағында арқауы фригиялық ладқа негізделіп, мәтінсіз берілген. Осы бойынша ұсынылды [20, 92].
№2.2(а). С.Мұқанов нұсқасы АСҚ жинағында «Татьяна жауабының» IV түрі болып жарияланған [6, 50]. Ән халықтық әуенмен айтылғандықтан АСҚ жинағын құрастырушылар 2.1. нұсқасындай ән басына «Ахау, сәулем» сөзін өздері қосқан секілді. Себебі, бұл алдыңғы О.Қашағанов жеткізген әннің бір нұсқасы екені көрініп тұр. Ноталық үлгі түпнұсқамен салыстырғанда аздаған өзгеріске түскен.
№2.3. А.Затаевич қолжазбасынан табылған екінші ән де «Абай» деген атаумен ақмолалық әнші Мұхтар Жылқайдаровтан мәтінсіз жазылып алынған. «1000 ән» жинағына М. Жылқайдаровтың орындауында жиырма бес ән енген, алайда, бұл ән ол әндердің қатарында жоқ. Жинақ соңындағы түсінікте: «Мұхтар Жылқайдаров – бұл жинаққа енген Ақмола тобының ішіндегі ең ірі өкілі және Атбасар ауданындағы ең танымал әншілердің бірі. Кең тынысты, қуатты тенор. Өз өңірінің халық шығармашылығымен өте жақсы таныс, мол хабары бар, өз шығармашылығында сәтті де қызықты талпыныс жасаған» [35, 378] , – деген түсініктеме берілген. Музыкатанушылар бұл әуеннің де ақынның қай сөзімен айтылғаны жөнінде болжамдар жасаған. В.Дернова: «Бойы бұлғаңның» сөзімен айтылуы мүмкін, бірақ әуен өлең байлығын, мінезін ашып бере алмайды. Абайдың осы өлеңге жазған өз әуенінен әлдеқайда жұтаң… «Татьянаның сөзімен (жауабы)» орындалуы мүмкін» [9, 34], – десе, Ғ.Бисенова: «Бұл әуенге «Татьяна сөзі (жауабы)» мәтінін жазуға болады. Бірақ бізге Ақмоламен көрші тұрған Қарағанды облысынан осы әуенді «Тәңірі қосқан» сөзімен орындағанын тыңдау бұйырды. Сондықтан бұл әуен «Татьяна сөзімен (жауабы)» айтылғаны күмәнсіз. Алайда, әуен Абайдың өзінікі ме? Әлде А.Затаевичтің «өз шығармашылығында сәтті де қызықты талпыныс жасаған» деген сөзі ақын сөзіне жазылған М.Жылқайдаровтың әні дегенді білдіретін емеурін бе? Сондай-ақ, «Татьяна хатының» елге танылған, тұрақты әуендік нұсқалары бола тұра, Қазақстанның орталық бөлігінде Пушкин романының үзіндісі сол өңірдің өз сарынымен айтылған ба деген ой келеді» [7, 60–61], – дейді. Ән А.Затаевичтің ПРН жинағында мәтінсіз жарияланған [20, 22. 52].
№2.4. «Татьяна жауабының» бір нұсқасы консерваторияның фольклорлық зертханасына 1971 жылы Омар Хаймулдиннің орындауында жазып алынған. Ән нақты Абайдікі болмаса да, жаңа леп пен ырғақ байқалады. О.Хаймулдин өлеңнің 8, 1-шумақтарын орындаған.
Жоғарыда келтірген «Татьяна хатының» II түрі мен оның нұсқаларының тұтастай халықтық әуенде жеткені көрініп тұр. Бұл әуендерде Абай қолтаңбасы, стилі көрінбейді. М.Мұхаметжанова, Ә.Ысқақов жеткізген үлгілерден алшақ. Осы себептерге байланысты әннің II түрі және оның нұсқалары Абай әндерінің қатарына қосылмады.
№3.1. Бұл ән де «Абай» деген атаумен А.Затаевич қолжазбасынан табылған. Әннің бұл нұсқасы Орынбор қаласында 1921 жылы Ташкентке жіберілген қостанайлық балалар тобындағы Балқия Есболова (Есқұлова) мен Зура Байзақова деген екі қыздан мәтінсіз жазылып алынған. Олар бұл әнді ташкенттік студент Құрманбек Жандарбековтен үйренгенін айтқан. Ән 1922 жылы 11 маусым күні қағазға түскен (Бисеновада – 1929 жыл).
Бұл нұсқа ең алдымен 1960 жылы В.Дернованың мақаласында берілген
[54, 83]. Ал жинақтар ішінде алғаш ПРН жинағына мәтінсіз жарияланған [20, 91]. АСҚ жинағына «Татьяна хатының» (Амал жоқ – қайттім білдірмей) мәтінімен әннің ІІ түрі болып берілген [6, 46]. Алдымен ПРН жинағындағы мәтінсіз нұсқа ұсынылады.
№3.1(а). АСҚ жинағында 4, 6-тактілерінде ноталық өзгерістер бар. Өлең жолдарын сыйдыру үшін сегіздік ноталар он алтылыққа, 5-тактідегі b (си) нотасы c (до) болып өзгерген. Әннің бұл нұсқасынан «Татьяна хатының» негізгі әуеніне жақындағанымызды байқауға болады. Алдыңғы нұсқаларға қарағанда композитордың стилі және бүгінгі үлгіге жақындық білінеді.
№3.1.(б). В.Дернова мен Ғ.Бисенованың ноталық жазбасын АСҚ нұсқасымен салыстыру үшін беріп отырмыз. В.Дернованың бір жазбасында мәтінсіз берілсе
[9, 28], келесі бір мақаласында «Татьяна жауабының» мәтінімен берілген. Ғ.Бисенова да Дернованың үлгісі бойынша жариялаған. Әннің бұл нұсқасы жөнінде Ғ.Бисенова Қ.Жандарбековтен сұрағанын және әннің сол кездерде «Татьяна жауабымен» орындалғанын сұрап білген [7, 58–59].
АСҚ жинағындағы ноталық жазбаны В.Дернова мен Ғ.Бисенова мәтіндерімен салыстырғанда біршама өзгеріс байқалады. Біріншіден, АСҚ-да сөз ауысса (Амал жоқ қайттім білдірмей), екіншіден, ноталарды тактіге бөлуде өлшемдер өзгерген.
№3.1(б). В. Дернова мен Ғ. Бисенова еңбектеріндегі бірдей үлгі
№3.2. Ғ.Бисенова осы нұсқаның біреуін А.Затаевичтің «Желсіз түнде жарық ай» әні деп жазып алғанын, ол құрастырушы немесе әнді жеткізушінің кездейсоқ жіберген қателігі деген пікір айтып, нотасын мәтінсіз жариялаған [7, 59]. Расында, әуен бүгінгі айтылып жүрген Татьянаға қатысты әндердің интонациясына жақын.
№4.1. В.Дернова 1960 жылы жарияланған «Письмо Татьяны» Абая Кунанбаева» мақаласында А.Затаевичтің архивінен табылған «Татьянаның хаты» әнінің бір нұсқасы Шәріп Медетов атты талантты баладан жазып алғанын айтып, мәтінсіз ноталық үлгісін ұсынған [54, 83] (Ш.Медетов айтуында үш ән «1000 ән» жинағына енген).
№4.1(а). Ал осы нұсқа 1967 жылы жарық көрген «Народная музыка в Казахстане» ғылыми жинағындағы мақаласында «А.Затаевич Орынбор қаласындағы мектеп оқушысы Шәріп Медетовтен жазып алған» – деп көрсетіп, әннің a (ля) эолиялық ладында түсірілген үлгісін мәтінсіз жариялаған [9, 29].
№4.1(б). Осы нұсқа 1971 жылы ПРН жинағына да d (ре) эолиялық ладында мәтінсіз енген [20, 91].
№4.1(в). Жалпы әннің бұл нұсқасы жинақтар мен мақалаларда Татьянаның бірде «хаты», бірде «жауабының» мәтінімен басылған. Мәселен, «Абай» энциклопедиясында «Амал жоқ қайттым білдірмей» (Татьяна хаты) деген атпен берілсе [11, 87], АСҚ жинағына форшлагтардан тұратын ұсақ мелизмдер мен кейбір төрттік ноталармен өрнектелген дыбыс қатарлары он алтылық ноталарға өзгеріп, «Татьяна хатының» I түрі болып берілген [6, 46].
№4.1.(в). АСҚ жинағындағы «Татьяна хатының» сөзімен берілген нұсқа
№5.1. «Татьяна хатының» Ә.Ысқақов айтқан нұсқасын М.Әуезов негізгі әуен деп санаған. Әннің бұл нұсқасын бүгінде Б.Төлегеновадан ғана тыңдауға болады. Ал дәстүрлі орындаушылар репертуарынан «Татьянаның әні» деп «Татьяна жауабы» («Тәңірі қосқан жар едің сен») ғана орын алған. Бұл нұсқасы 1940 жылғы [10] және АМТ жинағында «Амал жоқ қайттім білдірмей» деген атпен [5, 27], АСҚ жинағында «Татьяна хатының» III түрі болып берілген [6, 47].
№6.1. Б.Ерзакович 1939 жылы А.Жұбанов пен А.Серікбаеваның М.Мұхаметжановадан Абайдың бірнеше әндерін жазып алғанын, өкінішке қарай, сол жазбалардың ішінде «Онегиннің Татьянаға жазған хатынан» басқаларының барлығы жоғалып кеткенін жазады [13]. Бірақ В.Дернова: «1938 жылы М.Мұхаметжанова Абайдың «Хатқа» қатысты екі әнін А. Жұбановқа дауыстамай, домбырада ғана ойнап бергенін, оның біріншісін «Татьяна», екіншісін «Онегин» деген атпен жазып алғанын айтып, түсірілген ноталық жазбасын мәтінсіз жариялаған. «Абайдың «Татьяна» әуеніне әлі күнге дейін мәтіні қойылмай келеді. Әнді «Татьяна хатының» мәтінімен де, «Татьяна сөзінің (жауабы)» мәтінімен де айта беруге болады» [54, 82], – дейді. Ал Ғ.Бисенова өз еңбегінде бұл нұсқаны «Татьяна хатының» мәтінімен жариялаған. Ән зерттеу еңбектерінде ғана болмаса, жеке жинақтарда жарық көрмеген [7, 64].
Әуеннің 2-әуендік жолында ладтық өзгерістер негізінде VI және IV сатылардың кезектесе жоғарылауынан хроматикалық дыбыс қатарлары пайда болған.
№6.1(а) «Татьяна хатының» бұл нұсқасы 1984 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қорына жазылып, сол бойынша Қ.Жүзбасов нотаға түсірген. Ән АСҚ жинағында IV түрі болып жарияланған [6, 47]. Бұл нұсқа да М.Мұхаметжанова айтуында жазылған.
№6.1.(б) Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының фольклорлық зертханасындағы М.Мұхаметжанова айтқан аудиожазба мен Қ.Жүзбасов түсірген нота бірдей болғанмен, VI сатының жоғарылауы секілді т.б. өзгерістер бар. Яғни, бір орындаушының үш рет айтқанында үш түрлі өрнек, кестелерді көруге болады.
№7.1. Ендігі ән 1940 жылғы академиялық жинаққа «Татьяна жауабының» екі түрі жарияланып, оның біріншісі «4-ші» реттік нөмір бойынша «Тәңірі қосқан» деген атпен, екіншісі «4 а» реттік нөмірі бойынша «Тәңірі қосқан жар едің сен» деген атпен берілген [10]. Қарастырғалы отырған ән екіншісіне жатады.
Ән екінші рет АМТ жинағында жарияланып [5, 29], 29-шы бетінде «Татьяна сөзі (жауабы)». Тәңірі қосқан. 4-түрі. 2-е письмо Татьяны. Запись Б.Ерзаковича» деп, «Татьяна жауабының» мәтінімен берілсе, осы кітап соңындағы әндердің алфавиттік көрсеткішінде «Тәңірі қосқан жар едің сен». Слово Татьяны. 1-й вариант. Хабарлаушы – Елебеков, жазып алушы – Б.Ерзакович, 1939 ж. 29-шы бет» деп, кітаптың басқа беті көрсетілген. Ал әннің дәл осы нұсқасы Б.Ерзаковичтің «Қазақстанның халық әндері» жинағында «Татьяна жауабының» мәтінімен беріліп, әндерді жазып алған адамдар тізімінде жеткізушінің Қ.Лекеров екені және Қарағанды өңірінен жазылып алынғандығы көрсетілген [21, 280].
В.Дернова 1960 жылы жазған мақаласында: «Л.Хамиди Ә.Ысқақовтан Абай әндерін жазып алған уақытта Б.Ерзакович те Қ.Лекеровтен «Татьянаның екінші хатын» (Татьяна жауабы) жазып алған болса керек» [54, 85], – дейді. Бұл 1935 жылға сәйкес келеді. Ал Б.Ерзакович өзінің 1966 жылы шыққан «Песенная культура казахского народа» (ПККН) еңбегінде «…Абайдың «Татьяна хатының» мәтініне арналған үш музыкалық нұсқадағы әні халық арасында кең танымал. Ең көп таралғаны – 1935 жылы халық әншісі Қ.Лекеровтен біздің жазып алған, төменде келтірген нұсқамыз» [55, 376], – деп, «Татьяна хатының» мәтінімен берілген ноталық жазбасын ұсынады.
АСҚ жинағында: «Татьяна сөзі (жауабы)» (VI түрі) Қ.Лекеровтің орындауынан 1939 жылы Алматыда Б.Ерзакович нотаға түсірген. «АМТ», №16 және «ҚХӘ» 280 бет» – деген түсінік жазылған. Бисенованың еңбегінде де осы дерек көрсетілген. Ал АМТ жинағы бар-жоғы 60 беттен ғана тұратынын ескерсек, музыка зерттеушілер әннің ноталық үлгісін әр кезде әртүрлі мәтінмен түсіріп және жеткізушілер мен жазып алған жылдарын әртүрлі жазып отырған.
Бір әуенге құрылымы екі түрлі мәтіннің жазылуы әуен ырғағының ауытқуына белгілі бір деңгейде әсер еткені де байқалады. Атап айтқанда, «Татьяна хаты» өлеңі 8 буынды (5+3) үлгіде құрылған. Ал «Татьяна жауабының» құрылымы 4+4, 4+3 өлшемге негізделген. Осы құрылымдық айырмашылықтар әуеннің ырғақ жүйесінде белгілі бір өзгешеліктердің туындауына себеп болған. Дегенмен, әуенмен табиғи үйлесіп, әуенге бейімделу жағынан неғұрлым сәтті нұсқа болып табылатыны – «Татьяна жауабы» (Тәңірі қосқан жар едің сен…).
№7.1. 1940 жылғы жинақ, АМТ, Ерзаковичтің ҚХӘ, Дернова еңбегі және АСҚ жинағындағы «Татьяна жауабымен» берілген нота жазбасы:
№7.1.(а) Б.Ерзаковичтің еңбегіндегі «Татьяна хатымен» берілген нота жазбасы:
№8.1. «Татьяна жауабы» өткен ғасырдың 40-шы жылдарынан бастап «Абай әндері» фильмі арқылы Р.Қойшыбаева орындауында да халыққа белгілі бола бастады. Фильмдегі әннің де орындалуы бір бөлек. Ән оркестр сүйемелімен орындалған. Ал интонациясы 7.1. нұсқаға өте жақын. Нотаға «Абай әндері» фильмінен алынып түсірілді [56].
№9.1. Бүгінгі күні «Татьянаның әні» боп айтылып жүрген «Татьянаның жауабы» Ж.Елебековтің орындауында елге кең тарады. Қазір «Татьянаның әні» дегенде алдымен орындалатыны – «Татьяна жауабы». «Абай» энциклопедиясында ақын әндерінің біразы екі түрлі атпен жарияланған. Мәселен, осы ән өлең ретінде «Татьянаның сөзі» болып, ән ретінде «Тәңірі қосқан жар едің сен» болып қарастырылып, түсінік берілген. Және неге екені белгісіз, бұл әннің ноталық үлгісі етіп А.Бимбоэс жазып алған түрі басылған. Ал бұл үлгі негізі «Ішім өлген, сыртым сау» әніне тиесілі әуен (Түсінікті қараңыз).
Сонымен, «Татьянаның хаты» мен «Татьяна жауабының» ел аузынан 30 түр-нұсқасы жеткен. Олардың көбі «хатына» қарай бейімделген. Екеуінің де негізі бір болғанмен, ырғағы мен әуені жағынан бір-бірінен айырмашылығы бар. Сол нұсқалар ішінде «Татьяна хатына» әуендік, ырғақтық, стильдік жағынан неғұрлым түпнұсқаға жақыны (М.Әуезовтің де оң пікірін ескере отырып) – Ә.Ысқақов пен
М.Мұхаметжанова нұсқалары болып шықты. Алайда М.Мұхаметжанова орындауында гармониялық минор мен жоғарылатылған IV, VI сатылардың қатар келуінен пайда болған хроматикалық дыбыстар қазақ әуенінің үндестік жүйесіне жат екені белгілі. Сол себепті «Татьяна хатының» Ә.Ысқақов нұсқасы инвариант үлгі болып алынса, «Татьяна жауабының» инвариант үлгісі ретінде Ж.Елебеков нұсқасы белгіленді.
Бір ескерту, «Татьяна хатының» баяу, ойлы табиғатына байланысты өлшемдері мен дыбыс ұзақтықтары жүйесіне өзгеріс енгізіліп берілді (сегіздік, он алтылық ұзақтықтағы ноталар ширектік, сегіздік ноталарға ауыстырылды).
Онегиннің Татьянаға жауабы. №1.1. Онегин циклының ішінде қазіргі кезде орындалмай жүрген әндердің бірі – «Онегиннің Татьянаға жауабы» (Таңғажайып бұл қалай хат…).
Өлең құрылымы «Татьяна жауабының» құрылымымен бір – 1, 3-тармақтары 8 буынды, 4+4 бунақты, 2, 4-тармақтары 7 буынды (4+3) болып келеді. Ішінара 5+4 бунақтар кездеседі (Сенің өмірің гүлденіп тұр, Менің өмірім – бір суық сұр).
«Онегиннің Татьянаға жауабы» әні 1984 жылы М.Мұхаметжанованың орындауында аудиотаспаға жазылып алынған. Қ.Жүзбасовтың нотаға түсіруінде «Онегиннің жауабы» деген атпен АСҚ жинағында f эолиялық ладында жарияланған [6, 48]. Алайда бұл ән де осы циклдағы «Онегиннің хаты» өлеңіне арқау болған. Яғни, екі өлең бір әуенмен айтылған. «Онегин хатымен» салыстыру мақсатында g эолиялық ладына транспозиция жасалды.
№1.1.(а) Консерваторияның фольклорлық зертханасынан табылған
М.Мұхаметжанова орындауындағы «Онегин жауабында» ырғағы жағынан аса үлкен өзгеріс болмағанмен, 2-әуендік жолында VI сатының жоғарылауы (дориялық лад) кездеседі [15], [16].
Ән мәтінінде аз өзгеріс бар. 2-шумақтың «Жас жүректің толқынын дөп, Жаза алыпсың толтырып» деп келетін 1, 2-тармағы «Жас жүректің толқыны деп, Жаза алыпсыз толтырып» болып айтылған.
Онегиннің Татьянаға жазған хаты. Әнді алғаш А. Жұбанов 1939 жылы М. Мұхаметжанованың орындауында нотаға түсірген. АМТ [5, 31] және АСҚ жинақтарында жарияланған [6, 51].
Бұл әннің де өлең құрылысы «Онегин жауабына» тән үлгімен сәйкес келеді – буындық өлшемі 8, 7, 8, 7. Аталған үлгі бойынша 1 және 3-тармақтарда ішінара 4+4 буынға негізделген тармақтармен қатар, «Қайратым құрыш болды, нан» тәрізді 5+3 буынды тармақтар кездеседі. Ал 4+3 буынға негізделген 2 және 4-тармақтарда «Тіл жете алмас ғұзіріме», «Гауһарымның қадіріне» секілді 4+4 буынды тармақтар да қолданылған.
Жалпы, Абайдың Онегин циклындағы әндердің негізінде ортақтық бар екенін жоққа шығаруға болмайды. В.Дернова 1954 жылы шыққан «Абайдың музыкалық творчествосы» жинағындағы мақаласында: «…Онегиннің Татьянаға жазған хаты» (Құп білемін сізге жақпас) мелодиясын «Онегин» деген атпен М.Мұхаметжановадан 1938 жылы А.Жұбанов жазып алған, «Татьяна сөздері» мен «Онегиннің» мелодиясын салыстыру – хат та, оған берілетін жауап та бір әнмен айтылатындығы жөніндегі біздің болжамымызды дәлелдейді: «Онегиннің» мелодиясы «Татьяна сөздері (жауабы)» әнінің мұңды варианты болып саналады. Үзінді бір ұмытылған әнді еске салатын тәрізді» [5, 52], – дейді. Бұл жерде «мұңды вариант» деп отырғаны «минорлық вариант».
В.Дернова «Татьяна жауабының» алғаш А.Бимбоэс, А.Затаевич, Л.Хамиди жазып алған (№1.1, №1.2, №1.3) түр-нұсқаларын меңзесе керек. Олар мажорлық ладта айтылған. В.Дернова «хат» пен «жауапты» әуендік емес, ырғақтық негізіне қаратып айтып отырғанға ұқсайды. Өйткені «Татьяна хатының» ол түрлері де осылай пунктирлік ырғақта әрі мажорлық ладта айтылған. Ал бізге жеткен «хаттың» да, «жауаптың» да әуенінде негіз бір («Татьяна хаты» мен «Татьяна жауабына» қатысты 1.1, 1.2, 1.3 түр-нұсқаларының түсініктерін қараңыз).
Әуен өлеңнің буын санына қарай ыңғайланып, В.Дернова айтқандай, «өлең өлшеміндегі айырмашылықтар тегістеліп», алдыңғы әуендердің төңірегінде айтылған. Әннің жалпы дыбыс қатарлары «Татьяна хатына» ұқсас деуге болады және 1.1, 1.2, 1.3 нұсқаларында кездесетін маршқа тән ырғақтар да, «Онегин жауабындағыдай» VI сатының жоғарылауы да байқалады. Жоғарыда В.Дернованың «еске түсіреді» деп тұрғаны – осы. АСҚ жинағында әуен бойында бір-ақ рет кездесетін жоғарылатылған VI саты үшін нота жолының басына es (ми бемоль) белгісі қойылмаған. Ән АМТ жинағы бойынша беріліп отыр [5, 31].
Әуен екі өлеңнің қайсысына тиесілі деген мәселеде Абай жинақтарында алдымен «Онегин жауабы», екінші «Онегин хаты» беріліп отырады. Осы бойынша реттесек, ән «Онегин жауабына» тиесілі болу керек. Алайда әннің жетуі мен нотаға түсу мезгіліне қарай сараласақ, 1939 жылы жазылған «Онегин хаты» алдыға шығады. Бұл мәселе жалпы қазақ әндеріне ортақ мәселе болғандықтан, мынау ән мына өлеңдікі деп кесіп айту қиын. Сондықтан, екі ән де осы қалпында ұсынылды.
Онегиннің өлердегі сөзі. Абайдың Онегин циклына қатысты әндердің тағы бірі – «Онегиннің өлердегі сөзі» (Жарым жақсы киім киіп). А. Жұбанов
М. Мұхаметжанованың орындауында «Онегин» деген атпен жазып алған
(«Татьяна хаты», «Татьяна жауабы», №6.1. нұсқаны қараңыз).
Өлеңнің құрылысы 7-8 буынды жыр үлгісінде жазылғанмен, 3-тармақта 5+4 (Диуана болды бұл көңілім), 2-шумақтың 2-тармағы 4+5 (Көңілім жүр құс болып шүйіп), 3, 4-тармақ 3+5 (Есіркеп сүйгізіп еді), 3-шумақ 3+4, төртінші шумақ 4+4; 4+3 аралас буын-бунақты болып жазылған. Бұл әнді айту кезінде әуен ырғағына кедергі келтірері анық.
№1.1. Абай шығармаларының толық жинағында: «Бұдан («Евгений Онегиннен») аударма емес. Романда Онегиннің өлімі туралы ешқандай сөз жоқ. Татьянаға жазған соңғы хатында, өз сезімін қаншама үздігіп жеткізгенімен, өлім жөнінде пәлен деп ештеңе айтпайды» – деген түсінік берілген [57, 238]. Соған қарағанда бұл ақынның төлтума өз өлеңі болуы да мүмкін. Бірақ жинақта Онегин циклындағы аудармалар тобында берілген. Кейінгі А. Омаров құрастырған жинақта жеке төл туындысы ретінде беріліп, «Көпке аян, Татьяна мен Онегин бір-біріне жазған хаттарын Абай «ғашықтық – адамдық қасиет» идеясын жастар санасына жеткізу үшін аударған. «Онегиннің өлердегі сөзі» Пушкинде мүлде жоқ. Алғаш рет төл туындылар қатарында жарияланып отыр» [58, 255], – деген түсінік береді.
В.Дернова «Абай әндері» (Песни Абая) мақаласында: «Сол 1938 жылы «Онегин» деген атпен тағы бір әуен жазылып алынады (А.Жұбанов жазып алады). Орындаушының айтуынша, «Онегиннің өлердегі сөзі» бір кездері осы әуенде айтылған («Онегиннің хаты», Құп білемін сізге жақпас). Абайдың «Евгений Онегинге» арналған әуендерінің бәрі бірдей бүгінгі күнге дейін сақталған жоқ деп болжауға болады. Онегиндік барлық аудармалар Абайдың әуенімен де, (олардың бір бөлігі жоғалған да), халық әндерінің әуенімен де орындалған болуы мүмкін» [59, 49], – дейді.
№1.1. А.Жұбанов жазып алған нұсқа
Ноталық жазба В. Дернованың зерттеу мақаласынан өзгеріссіз ұсынылып отыр [54, 85]. Нота жолындағы ән сөздері тікелей В. Дернованың өзі тарапынан жазылғаны аңғарылады. Жазбадан байқалғандай, ән ырғағы речитативті сипатта, жыр мәнеріне ие. Алайда дәстүрлі жырлардағыдай құйылып түскен әуезді әуен байқалмайды.
№1.2. Осы әнді М.Мұхаметжанова екінші рет 1984 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорына жазып қалдырады. Тура сондай дыбыс жазбасы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ҒЗФЗ қорында да сақталған [15], [16]. Ән АСҚ жинағына Қ.Жүзбасовтың нотаға түсіруімен тұңғыш рет жарияланған [6, 52]. Ән әуені ұқсас болғанмен, А.Жұбановтікіндей үзінді ғана емес, төрт шумақ толық нотаға түсіріліп берілген.
Мұнда да әннің құрылымдық ерекшелігі мен орындалу мәнері оны жыр формасына жақындатқанымен, әуендік сұлулығы мен музыкалық өрнегі жыршылық дәстүрдегі әуез, әуенмен толық сәйкес келе бермейді.
В.Дернова: «Бұл өлең Абайдың өз өлеңі, ән түрінде кең таралмай қалған болса керек. «Евгений Онегиннен» жасалған аудармалардың барлық циклы осымен аяқталады», – дей келіп, – «Пушкиннің «Евгений Онегинінің» поэтикалық сарындары Қазақстан халық шығармашылығында ерекше жолмен аударылған. Ақындар сүйіспеншілікпен «Тәтіш» деп атаған «аяулы Татьяна», «Татьяна сұлу» жайындағы әндерге қазақ фольклорынан басқа ешкімнің таласы жоқ шығар» [54, 85], – деген пікір білдіреді. Дегенмен, бұл әннің Абайдың әні екеніне күдік те жоқ емес. Себебі стильдік жағынан ақын әндеріне ешқандай жақындық жоқ. Әуеннен жылау, дауыс салу, жоқтау сарындас халықтық әуен байқалады. Еуропа операларының арияларындағы речитацияны да еске түсіретінін айта кетуге болады (Джакомо Пуччини «Тоска». (E lucevan le stelle), Франческо Чилеа «Арлезианка». (E la solita storia del pastore).
Осы тұста В.Дернованың мына бір жазбасы еске түседі. Ол: «Абайдың назарын 1893 жылы ресми түрде тіркелген Семей музыкалық-драма қоғамы да аударды. Бір қызығы, Омбы генерал-губернаторлығының мұрағатында сақталған құжаттарда рұқсат етілген драмалық қоғамдардың барлығының тек біреуі ғана музыкалық және драмалық деп аталған – Семей музыкалық-драма қоғамы. Қалада әуесқойлардың концерттерін өткізуге, тіпті опера үзінділерін қоюға жеткілікті музыкалық күштер бар болып шықты. Мысалы, 90-жылдары Глинканың «Жизнь за царя» («Иван Сусанин») операсынан сахналық көріністер қойылған. Сусанинді Абай мүше болған облыстық статистика комитетіндегі танысы (серіктесі – сотоварищ) ветеринар Глаголев шырқаса, Антониданы банк директоры Хлопиннің әйелі шырқады. Абай Хлопиннің үйінде де, Глаголевтің үйінде де қонақта болған көрінеді. Бізге Хлопиннен қалған музыкалық (ноталық) кітапханамен танысуға мүмкіндік туған еді (ол 1905 жылы қайтыс болды). Онда сол жылдары ән мен фортепианоға арналған әдеттегі салон репертуарынан басқа Шуберттің «Скиталец» және «Кармен», «Трубадур» операларының клавирлері сақталған. Осыдан-ақ, белгілі бір дәрежеде Семей зиялыларының музыкалық қызығушылықтары мен концерттік репертуарларының қандай болғанын бағамдауға болады» – деп жазады [60, 16].
Егер В.Дернова келтірген дереккөздер шынайы тарихи мәліметтерге сәйкес келетін болса, онда Абайдың «Онегиннің өлердегі сөзі» атты шығармасын еуропалық опералық ариялар үлгісінде жазылған туынды ретінде қарастыруға негіз бар. Бұл тұрғыда жоғарыда аталған ариялармен белгілі бір мазмұндық және көркемдік жағынан ұқсастықтар байқалады. Мәселен, аталған ариялар да өлімге бет алған кейіпкерлердің ішкі драмасын, жан күйзелісін, өмірмен қоштасар сәттегі рухани толғанысын терең эмоционалды бояумен жеткізетін монологтар.
«Онегиннің өлердегі сөзін» алдыңғы орындаушылар мен жинақтаушылар Абайдың әні деп жазып алғандығы ескерілгендіктен ғана М.Мұхаметжанова орындауындағы нұсқа инвариант үлгі ретінде енгізіліп отыр. Бірақ ән болашақта әлі де анықтап зерттеуді қажет етеді.
Абайдың «Ленский сөзі» өлеңі жөнінде бір ауыз сөз. Бұл өлең Пушкиннің «Евгений Онегин» романының алтыншы тарауы 21-22 шумақтарының аудармасы. Өлеңнің түпнұсқасы П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсының II актысындағы Ленскийдің ариясына қолданылған (Куда, куда вы удалились…). Өлеңге ақынның жеке шығарған әні жоқ. Бірақ В.Дернова «Ақынның барлық әндері біздің заманымызға жеткен жоқ. Мысалы, «Онегиннің сипаты» өлеңі қандай әнмен орындалғаны бізге белгісіз. «Ленский сөзі» аталатын өлеңнің үзіндісі бізге лирикалық халық әні «Екі жиреннің» әуенімен жетті» деп жазады [54, 85]. Яғни, ертеде «Ленский сөзі» халық әні «Екі жиреннің» әуенімен орындалған.